Бейжің олимпиадасында допинг қолданған ауыр атлеттердің жаңа тізімінде қазақстандықтар да аз емес болып шықты…
Мария Грабоветская (+75 келі, қола), Майя Манеза (63 келі), Ирина Некрасова (63 келі, күміс), Владимир Седов (85 келі, IV орын) тапсырған сынамалардан анаболикалық стероидтар табылған. Некрасова, Манеза жəне Седов — станозолол, ал Грабоветская оксандролон, станозолол, дегидрохлорметилтестостерон қабылдады делініп отыр.
Олардан бөлек, ресейліктер — Қажымұрат Аккаев (94 келі, қола), Дмитрий Лапиков (105 келі, қола), қытайлықтар — Сао Лей (75 келі, алтын), Чен Сеся (48 келі, алтын), Лю Чуньхун (69 келі, алтын), əзербайжан Низами Пашаев (94 келі, V орын), беларусьтіктер — Ирина Кулеша (75 келі, IV орын), Анастасия Новикова (53 келі, қола), Андрей Рыбаков (85 келі,күміс), украиналықтар Наталья Давыдова (69 келі, қола), Ольга Коробка (+75 келі, күміс) допинг қолданғаны анықталған. Қытай қыздары өсу гормонының стимуляторын пайдаланған.
Осылайша, Бейжің-2008 олимпиадасына қатысқан зілтеміршілердің 25-і, оның ішінде 16 жүлдегер допингпен айыпталып отыр.
Бұған дейін Илья Ильиннің Бейжің жəне Лондон олимпиадаларында тапсырған сынамалары оң нəтиже көрсетті. Ал Лондонның чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло сынамалары оң болып шыққандықтан, төртеуі де Рио додасына жіберілген жоқ. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 3 немесе одан да көп спортшысының сынамасынан допинг табылған ел ретінде Қазақстанды бір жылға барлық жарыстан шеттететіні жақында белгілі болды.
Бейжің олимпиадасында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль жеңіп алған еді. 1 алтын, 1 күміс, 1 қоладан айырылсақ, олжамыз олқы болып қалары анық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here