Қазақстан премьер-лигасы
19 тур. 21-22 шілде
«Жетісу» — «Ақтөбе» — 1:2 (Жәлилов, 65 – Қайыров, 30, Хромцов, 82-өз қақпасына)
«Шахтер» — «Қайсар» — 2:2 (Ткачук, 64, Шахметов, 70 – Пуношевач, 4, Аржанов, 59-пенальтиден)
«Атырау» — «Ақжайық» — 2:0 (Зенькович, 24, Сикимич, 55)
«Тобыл» — «Ертіс» — 1:1 (Жарынбетов, 63 – Попадюк, 74)
«Ордабасы» — «Қайрат» — 2:1 (Ерланов, 13, Диакате, 84-пенальтиден – Есеола, 54)

Бұл турдағы «Қызылжар» — «Астана» кездесуі 25 сәуірде өткізіліп, елордалықтар 2:0 есебімен жеңген-ді. Сондықтан екі ойынын артық өткізіп, 6 ұпайға ұзап кеткен «Астананы» қуып жету .шін «Қайрат» сырт алаңда «Ордабасыны» тізерлетуге тиіс еді. Алайда К.Цхададзе келгелі ойыны ширап қалған шымкенттіктер вице-чемпионды бос қайтарды. Бас төреші И.Чесноков «қайраттықтардың өз айып алаңындағы алғашқы дөрекілігіне жұмсақ қараса, ойын соңында Покатиловтың орайсыз қимылын айып добымен жазалағанын түсінуге болады. Бұл эпизодта «Ордабасының» жаңа шабуылшысы жасұлан Молдақараев өте тиімді ойнады. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы 6 ұпай өзгеріссіз қалды. Әрине, бәрін «Қайраттың» еурокубокта қатар ойнап жатқанымен жасырып-жапсақ та болар еді. Алайда шілде ортасында осындай қиын кесте болатынын алматылықтар білмей қалған жоқ. Сондықтан чемпиондықтан дәмесі бар команда үшін мұндай сәтсіздіктер кешірімсіз.

Ж.Молдақараев өзі трансферлік үзілісте «Ордабасыға» «Тобылдан» ауысты. Жалпы, біздің командалардың логикасын түсіну қиын. Маусым басталғанда шымкентітк команда сапынан мықты ойыншылар А.Нұрғалиев пен Т.Нөсербаев «Тобылға» жалға берілді. Қазір екеуі өте дұрыс бағыт таңдағанын нақты түсіндік: екеуі де көшбасшы команда сапында, екеуі де еурокубокта ойнап жүр. Ал «Ордабасы» маусым ортасында мерген шабуылшы таба алар емес. Өзбекстаннан келген Иван Нагаев жарты жылға жетпей кері қайтты, артылған сенімді әлі ақтамаған Виталий Ли биыл премьер-лигада әлі бір гол енгізген жоқ. Демек, мерген шабуылшы керек. Сол шабуылшы басқа емес, Нөсербаев пен Нұрғалиев намысын жыртып жүрген «Тобылдан» табылды. Бұл не қисын сонда?

«Астана» сапына Жуниор Кабананга оралып, Голландия футболының түлегі Рангело Янгамен келісімшарт жасалып жатқан кезде, Балқан мергені Джордже Деспотович елордалық командадан кететінін жария етті. Ол «Астанаға» 2016 жылы «Қайраттан» ауысып, 79 матчта 20 гол соқты. Жалпы Қазақстанда ол 40 гол авторы атанды. «Астанаға дейін «Жетісу» мен «Қайрат» сапында өнер көрсетті, өткен жылы «Тобылға» жалға берілді.

«Тобыл» өткен жылы «Анжи» (Ресей) құрамында ойнаған Хуан Эдуардо Лесканоны (Аргентина) құрамына тартты. Ресей премьер-лигасында ол 19 кездесу өткізіп, 5 гол соқты. Қазақстан алаңдарында нәтижелілігі қаншалық болатынын әлі болжау қиын, дегенмен Нөсербаев, Федин, Нұрғалиевтерге мерген шабуылшы әріптес қажет екені анық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here