Топтық турнирге әуезе
Футболдан әлем чемпионатының топтық турнирі аяқталды. Мықтылар ішінен ең мықты бірінші болып сүрінді: 4 жыл бұрынғы әлем чемпионы Германия құрамасы 1/8 финалға шыға алмады. Өз тарихында тұңғыш рет. Соңғы 12 жыл бойы жартылай финалда ойнап жүрген команда осылайша елін елден бұрын бетке алды.
Осы тұста аз-кем шегініс…
Әй, біздің елде дүрмекке ерушілер көп-ақ. «Ресейде немістердің ешқашан жолы болып көрген емес» деген сөзді біреу Фейсбук бетінде орыс тілінде таратып кеп жіберіп еді, тайлы-тұяғы қалмай ілесті де кетті. 9 мамыр қарсаңында «Спасибо деду за победу» деген жазу тағып алып, еріккен жүргізушілер сияқты. Басқасын қойып, футболдағы жетістігін санамаласақ, Германия қайда, біз қайда, Ресей қайда? Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Германия қирандының астынан шыға салып, арада небары 9 жыл өткенде (1954 жыл, Швейцария) әлем чемпионы атанбап па еді? Бұл жетістік біздің түсімізге кіре ме? 27 жылда жасанды алаңы бар бір тәуір стадион салғанымызға мәзбіз… 2000 жылы Еуропа чемпионатында топтан шыға алмаған Германия 2002 жылы әлем чемпионатының финалында ойнады. 2020 жылы Еуропа чемпионы атағына қол жеткізбесіне кім кепіл?
Қысқасы, біреу сүрінді екен деп өзің балшыққа батып жатып күлудің қажеті не? Аталарымыз барып жеңіп қайтқан фашистік Германияның жұрнағы да қалған жоқ. Өзіміз 2006 жылғы әлем чемпионатына, Гамбург қаласына барып, жеңген ұрпақтың қанша жылға артта қалғанын мойындап қайтқанбыз. Сондықтан – сабыр… Кең ойланайық.
Бұл чемпионатта жанкүйер ретінде бізге ұнаған нәрсе көп.
Біріншіден, чемпионатқа қатысқан 32 команда да кемі 2 доптан соқты. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген нәтиже екен. Демек, чемпионатқа келген командалалардың ішінде осалы аз. Иә, Панама үш қарсыласынан 11 гол жіберген шығар, бәрібір бос қайтқан жоқ. Жалпы, Ресей-2018 додасында Панамадан басқа мүлде ұпай алмаған Египет қана. Басқалары жастығын ала жығылуға тырысты.
Екіншіден, үш қарсыласын жеңген үш-ақ құрама бар: Уругвай, Бельгия және Хорватия. Әрине, Хорватия ғана ойын арқауын босатпай, негізгісі де, қосалқысы да жанын салып, керемет қадам жасады. Бельгия жеңді, сөйтіп, футболдың есепке, алдын ала болжамға бағынбайтын ойын екенін дәлелдеді. Уругвай Ресейді Каванидің жігерімен жеңді. Осы шашты жігіт гол соғуға қатты тырысып жүріп, командаластарын ерте белген сияқты. Айтқымыз келгені – қазір бәрін қидай сыпырып жеңетін команда жоқ. Футболды алты құрлық та ойнай алады (аргентиналық полюсшілердің Антарктидада доп теуіп жүргенін де көрдік 🙂 ).
Үшіншіден, VAR жүйесі футболға деген көзқарасты өзгертетін сияқты. Бұған дейінгі әлемдік додаларда ең көп дегенде 18 пенальти белгіленсе, биыл топтық турнирдың өзінде 24 пенальтиді көзіміз көрді. Соның алтауы қақпаған енген жоқ. Иә, төреші сәл нәрсе болса күмәнданып, ойынды қайта-қайта тоқтатып жатқаны жүйкеңізге тиетін болар. Бірақ оның екі жақсы жағы бар: 1) көпе-көрнеу қиянат жасалмайды. Шын зардап шеккен футболшы пенальтиге мүмкіндік алады, «шыбық тимес шыңқ етердердің» көз алдынан сары шам жанады. Жақсы емес пе? Бразилия – Коста-Рика кездесуінің соңғы минуттарында қарсыластың «өте дөрекі, ешбір ережеге сыймайтын, қитұрқы» әрекетінен «зардап шегіп», Неймар шегіншектеп барып құлады. Мәссаған, мынау 100 пайыз пенальти ғой!.. Бас төреші әуелі күмәнданды, сосын VAR-ға барды. Сөйтсе, Неймар «іздегенге сұрағанның» керін келтіріпті. Өтірік пенальти сұрапты! Бәріміз көрдік. Әлем көрді. Ешқандай пенальти жоқ! Иісі де шықпайды. Осындай әділдік үшін жаңа технологияға рахмет айтпасқа не?!
Оңтүстік Корея – Германия кездесуінің тағдырын шешкен сәт VAR болмаса анықталар ма еді? Ким Йон Гвон доп соққан кезде ешқандай офсайд болмағанын, доп Кростың тірсегін жанай өткенін бейнеқайталау анық көрсетпеді ме? Әйтпесе, жанкештілікпен ойнаған корей футболшыларына обал болар еді ғой. Испания – Марокко кездесуінде де төреші Раушан Ирматов VAR арқылы екінші голды есепке алды. Демек, алдағы уақытта симуляция, қателік, көпе-көрнеу жазалау деген сияқты құбылыстар азаяды. Жоғалып кетпес, бірақ футбол жақсы тазарады.
2) Аптап кезінде футболшылар тыныстап алуға да VAR аздап мүмкіндік береді. Иә, ойын қарқыны өте жоғары болса, аз-кем үзілістің өзі күшінде тұрған команданың аптығын басып тастауы да мүмкін, дегенмен жан алып, жан беріскен сәттерде сәл демалған футболшылар ойынды бұрынғыдан да мағыналы ете түспесіне кім кепіл?
Төртіншіден, «жұлдыздар командасы» емес, «жұлдыз командалардың» дәуірі туып келе жатқан сияқты. Криштиану Роналду әуелгі Испаниямен кездесуде ғана матч тағдырына тікелей араласты. Месси тіпті көзге түсе алар емес. Кейн енді ғана құраманың серкесіне айналып келе жатыр. Неймар әлі де көлеңкеде жүр. Демек, плей-оффта ойыны жақсы, бірлігі күшті құрамалар алға жылжуы мүмкін. Хорватия, Уругвай, Мексика, Швеция, Колумбия, Жапония, Швейцария құрамаларының біртұтас механизмдей қимылдауы көңілге үміт ұялатты.
Бұл доданың қандай ұнамсыз тұсы бар?
Сол баяғы уақыт созу, соңғы турға дейін мәселені шешіп тастап, қосалқы құраммен ойнау… иә, бұл құбылыстар футболмен бірге жасай беретін шығар. Бірақ…
Неше жылдық жанкүйерлік тәжірибемізге салсақ, келесі кезеңдерде Дания, Франция, Жапония, Англия құрамаларын «футбол құдайы» кешірмейтін сияқты. Дания мен Франция ІІІ турда доп теуіп жарытқан жоқ. Әлем емес, аула чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққандай салғырт жүрді де қойды. Жапония Польшадан бір гол жібергесін, өзіне қажетті есепті ұстап тұру үшін алаңнынң ортасынан өткен жоқ. Англия келесі кезеңде мықтылардың азуында шайналмас үшін Бельгияға жол берді. Бірақ футбол тарихында жанкүйерді осылай алдаған құрамалардың жетіскені жоқ. 2002 жылы топтық турнирдің соңғы турында Мексика мен Италия мүлде ойнамай, алаңда доп емес, ой бағып кеткені естеріңізде ме? Сол Мексика 1/8 финалдан қайтты. Сол Италия алаң иесі Оңтүстік Кореядан масқарасы шыға жеңіліп, еліне бет түзеді. Жанкүйер төрт жыл күткенде, осындай додада бақай есептің алға шығып кететіні қандай өкінішті…
Алда бізді қандай қызық күтіп тұр?
Франция кетеуі кеткен Аргентинаны жеңе ала ма, әлде Месси дүр сілкініп, командасын жеңіске бастай ма?
Уругвай мен Португалия кездесуінде кімнің асығы алшысынан түседі?
Ойын сайын ширап келе жатқан Бразилия Мексикадан айла асыра ала ма?
Бельгия Жапонияны жолда қалдыра алса, арғы жағындағы алыптарға қарсы қалай ойнайды? Әлде Жапония көрші Оңтүстік Корея сияқты сенсация жасай ма?
Ресей қашанғысынша осы қаһармандығына қанағат білдіре ме, әлде Испанияны жүлдесіз қалдыра ма?
Хорватия осы тамаша құраманың бар мүмкіндігін пайдалана ала ма? Дания оларға қандай қарсылас болады?
Швеция мен Швейцарияның қайсысы жеңсе де, ширек финал аз олжа болмас. Одан арғы биіктерге қол арта ала ма?
Англия Колумбияға жем бола ма, әлде керісінше ме?
Футбол осындай кереметімен жақсы. Бірдеңені болжап айту қиын.
Нағыз шайқастар енді басталды. Бірге көрейік.
(fifa.com фотосы)