Футболдан ХХІ әлем чемпионатының басталуына он-ақ күн қалды. Бүгіннен бастап сайтымызда дүниежүзілік доп додаларының тарихы туралы «Ала доптың аламаны» атты кітап жазған белгілі журналист Сәкен Сыбанбайдың блогын ашып отырмыз.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Биылғы 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейде өтетін әлем чемпионатының реттік саны – 21. Жаһан футболының 32 жүйрігін жеребе кейінгі жиырма жылдағы дәстүр бойынша төрт-төрттен 8 топқа бөлді:
«А» тобы: Ресей, Сауд Арабиясы, Египет, Уругвай
«В» тобы: Португалия, Испания, Марокко, Иран
«С» тобы: Франция, Австралия, Перу, Дания
«D» тобы: Аргентина, Исландия, Хорватия, Нигерия
«Е» тобы: Бразилия, Швейцария, Коста-Рика, Сербия
«Ғ» тобы: Германия, Мексика, Швеция, Оңтүстік Корея
«G» тобы: Бельгия, Панама, Тунис, Англия
«Н» тобы: Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония
Топтардың құрамына қараған кезде, бірден назар аудартатыны – Аргентина мен Нигерияның тағы да бір топқа түсуі. Құдды «Сиам егіздерінше» өзара байланып, жабысып қалған Аргентина мен Нигерия кейінгі 7 чемпионатта осымен 5-рет ойнамақ! Осыған дейінгі 4 матч та оңтүстікамерикалықтардың жеңісімен аяқталған – 2:1 (1994), 1:0 (2002), 1:0 (2010) және 3:2 (2014). Бұл аз болса, осымен екеуі қатарынан 3-рет қарсылас болып отыр! Жалпы Нигерия алғаш финалдық турнирге шыққан 1994 жылдан бастап есептегенде, текі екі рет қана Аргентинамен ойнамаған: 1998 жылы бөлек топқа түсті, ал 2006 жылы іріктеу кезеңінен өте алмады.
Биыл 5-рет кездескелі отырған тағы екі жұп бар: Германия – Швеция (үш рет немістер, бір рет шведтер жеңген) және Бразилия – Сербия. Кейінгі жұп, шын мәнінде, әлі өзара ойнаған да емес, бірақ… сербтердің бұрын Югославия құрамында болғанын ескерсек, қарсыластар осыған дейін төрт рет тоқайласқан болып шығады. Бір қызығы, ең алғашқы кездесуде югославтар 2:1 есебімен жеңіп кеткен (2:1, 1930). Одан кейінгі ойында 2:0 есебімен Бразилия ұтқан (1950). Сосынғы қос матч тең аяқталған: 1:1 (1954) және 0:0 (1974). Осы топтағы Коста-Рика құрамасы да Бразилиямен 3-рет бір топқа түсіп отыр. Бұрынғы екі ойында да теңбіл доптың теңдессіз шеберлері басым түскен болатын – 1:0 (1990) және 5:2 (2002).
Жалпы биылғы «Е» тобы… сонау 1950 жылғы чемпионаттың «А» тобын еске түсіреді: Бразилия бар, Швейцария бар, Югославия (жарайды, Сербия дейік) бар… тек сол кездегі Мексиканың орнын Орталық Америка аймағының тағы бір өкілі – Коста-Рика басып отыр. Араға 68 жыл салып бір топтың құрамы 75 пайызға қайталанды. 2010 жылы да «А» тобы (Оңтүстік Африка, Мексика, Уругвай, Франция) 1966 жылғы «А» тобына 75 пайыз сәйкес келген еді (тек Оңтүстік Африканың орнында Англия болған-ды). Ал 1950 және 1954 жылдары «А» тобы тіпті қатарынан қайталанды десек артық емес (Бразилия, Югославия, Мексика, Швейцария және Бразилия, Югославия, Мексика, Франция).
4-рет беттескелі отырған және бір жұп: Германия – Мексика. Бұлардың алғашқы кездесуінде мексикалықтар 0:6 есебімен шашылып түсіп, таза масқараға ұшыраған (1978 жылы). Араға сегіз жыл салып, өз жерінде тоқайласқанда, Мексика құрамасы ұтып кете жаздады (0:0, пенальтиді немістер сәтті орындап, жартылай финалға шықты). Ал 1998 жылы таразы басы тең тұрғанда 86-минутта Оливер Бирхоффтың баспен соққан голы еуропалықтарға жеңіс әперген еді.
Сондай-ақ Германия – Оңтүстік Корея, Бельгия – Англия, Франция – Дания жұптары финалдық турнирлерде 3-рет кездескелі отыр.
Финалдық сында бесінші рет белдесу – рекорд па? Әлде әлемдік доп додасының арғы-бергі тарихында бұдан да жиі кездескен жұптар бар ма? Әрине, бар. Мундиаль рекорды мына үш жұпта: Бразилия – Швеция, Германия – Югославия (Сербия) және Германия – Аргентина. Бұлар бір-бірімен жеті реттен ойнаған!
Шведтердің еншісінде 2 тең нәтиже бар, басқасының бәрінде де Бразилия жеңген (соның бірі – 1958 жылғы доданың финалы). Югославтар (1962) мен сербтер (2010) бір-бір реттен ұтқан, өзге кездесулерде немістердің мерейі үстем болған. Ал Германиядан аргентиналықтар тек бір-ақ рет басым түскен (есеп 3:2, 1986 жылғы доданың финалында), екі рет тең ойнаған (0:0, 1966 және 1:1, 2006), кейінгісінде ойыннан кейінгі пенальти сериясында жеңіліп қалған. Басқа төрт матчта да немістер ұтқан: оның ішінде – екі рет финалда (1990 және 2014). Жалпы, Германия төрт рет әлем чемпионы атанса, соның тең жарымына Аргентинаны жеңу арқылы қол жеткізген!
Биыл 5-рет ойнағалы отырған жоғарыдағы үш жұпты есептемегенде, осыған дейін финалдық кезеңде бес рет белдескен 11 жұп бар. Олардың ішінде мына үшеуі биыл плей-оффта тағы да ұшырасуы мүмкін: Бразилия – Испания, Аргентина – Англия және Германия – Англия. Ал өзара бес рет кездескен жұптардың ішінде біреуі тіпті ерекше: Италия мен Аргентина бес ойынын да қатарынан өткізген! Алдымен үнемі «Скуадра адзурра» басым түсіп отырды (1974 жылы – 2:1, 1978 – 1:0, 1982 – 2:1), ал кейінгі екеуі бірдей есеппен (1:1) тең аяқталды: 1986 жылы топтық кезеңде, 1990 жылы – жартылай финалда (пенальти сериясында Аргентина жеңіп кетті).