Қазақстан премьер-лигасы
32 тур. 5 қараша

«Қайрат» — «Ақтөбе» — 3:2 (Арзо, 44, Гоу, 53, Аршавин, 70 – Савич, 60, Шимкович, 90+7)
«Астана» — «Ақжайық» — 2:0 (Кабананга, 50, 90+4)
«Ордабасы» — «Оқжетпес» — 3:2 (Йорданов, 51, 80, 87 – Досмағамбетов, 40, Недашковский, 56)
«Ертіс» — «Шахтер» — 1:0 (Фонсека, 90+3)
«Тобыл» — «Атырау» — 2:0 (Щеткин, 10, Жулпа, 62)
«Тараз» — «Қайсар» — 0:1 (Евстигнеев, 57)

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Қатар шапқан қос жүйрік мәреге де құйрық тістесе жетіп еді. Бәрібір «Астананың» бағы басым болды. Елордалықтар соңғы турда «Ақжайықты» 2:0 есебімен ұтып, «Қайраттан» бір ұпай ғана алда болды. «Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Ал «Ертіс» соңғы секундтарда «Шахтер» қақпасына жеңіс голын соғып, келесі жылы еурокубоктарда ойнайтын төртінші командамыз болып тіркелді.

Биылғы чемпионат қорытындысында «Тараз» бен «Оқжетпес» бірінші лигаға бірден төмендеді. «Ақжайық» І лиганың үшінші үздігі – «Мақтаарал» командасымен қосымша матч өткізеді. Ойын 9 қарашаға, «Астана-Арена» стадионына жоспарланған.

«Тараз» командасы соңғы рет І лигада 2008 жылы ойнаған-ды. Өткен жылы да ол қосымша матчта «Алтайдан» жеңіліп, маусымды төменнен бастауға тиіс болды. Алайда «Алтай» банкрот деп танылып, оның орнын «Тараз» басты. Аяқ асты жасақталған команда маусым барысында 7 орынға дейін көтеріліп, өзіне тән ойын өрнегімен ерекшеленіп еді. Бірақ маусым соңына қарай ФИФА клубтың нигериялық О.Одита алдында қарызы барын көлденең тартып, 6 ұпайын кесіп тастады. Бұл күтпеген соққы «Таразға» қатты тиді, содан оңалған жоқ.

Бірінші лигадан биыл «Жетісу» мен Қызылжар» жоғарылады. Талдықорғандықтар өткен жылы соңғы турларда «Ақжайықты» алға жіберіп, премьер-лигамен қош айтысып еді. Араға бір жыл салып қана премьер-лигаға оралып отыр. Ал «Қызылжар» сегіз жылдан соң басты лига есігін қайта ашпақ. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы «Қызылжар» ұжымын қабылдап, келесі маусымда премьер-лигада ойнайтынына кепілдік берді. «Қызылжар» 2000 жылдардың басында жақсы танылды. Алайда 2010 жылдардан бері премьер-лигаға оралуға бірнеше рет талап қылғанмен, биыл ғана орайы келіп отыр.

Биылғы Қазақстан чемпионаты жаңа жұлдыздарды жарқырата алды ма? Сөз жоқ, биыл бірнеше футболшы жақсы көзге түсті. Атап айтайық.

Қақпашылар ішінен А.Пасеченко («Атырау») мен Ж.Бабахановты («Таразды») ерекше атаған дұрыс. Әрине, А.Пасеченко – танылған қақпашы. Бірақ өткен жылы «Жетісу» сапында премьер-лигадан «ұшып кеткен» соң, Андрейдің қайта көрінуі тіпті неғайбылдау секілді еді. Ол болса, «Атырауда» Ж.Нәрзіқұловтың уақытша жарақаты кезінде қақпаны сенімді қорғап қана қоймай, ауысқан үш бапкердің де «көзірі» бола алды. Өз қақпасына белгіленген 6 пенальтидің екеуін қайтарды. Бір есептен, «Қайраттың» чемпиондық атаққа қол жеткізе алмауында Пасеченконың да үлесі бар. Алматыда өткен кездесуде (1:1) дәл осы Андрей Б.Исламхан тепкен пенальтиді қайтарып, ұпайды қорғап қалған еді ғой. Ал Ж.Бабаханов «Таразға» «Оқжетпестен» оралып қана қоймай, маусымды жоғары деңгейде өткізді. Әттең, «Тараздан» ФИФА 6 ұпайды алмағанда, Бабаханов қазір кемі қосымша ойынға дайындалып жатар еді.

Қорғаушылардан Е.Ахметов (Қайрат»), Т.Ерланов («Ордабасы»), Ю.Логвиненко мен Д.Шомко («Астана») және Н.Максимович («Атырау») жарыс көрігін қыздырды. Ахметов «Ертістен» «Қайратқа» ауысқанда, көкжиегінен күн сығаламайтындай көргендер көп еді. Елдос барлық қауіпті жоққа шығарды. Биыл ол «Қайратта» ғана емес, ұлттық құрамада да қорғаныстың барлық нүктесінде ойнап шықты. Әмбебап қорғаушының эмоциясын тежей алмай, қызыл қағазға ұрынатыны ғана жаман (маусымда екі рет алаңнан қуылды). Алдағы уақытта жігеріне шеберлігі мен сабырын қосса, Ахметов таптырмайтын ойыншыға айналады. Логвиненко мен Шомко өздері қатысқан турнирлердің бәрін жоғары деңгейде өткізді. Логвиненко мергендігін ұштай түссе (маусымда 5 гол), Шомко гол пастарын әдемі шығарып беруімен ерекшеленді. Т.Ерланов бір маусымда «Ордабасының» ғана емес, Қазақстан құрамасының да үмітіне айналды. Ал серб Новица Максимович биыл қорғаныста да, жартылай қорғаныста да жарқылдады. Маусым барысында ол өзін мықты пенальтиші ретінде де танытып, 4 мүмкіндігін де сәтті пайдаланды.

Жартылай қорғаушылардан бұл жыл С.Мұжықов пен П.Твумасидің («Астана»), Б.Зайнутдиновтың («Тараз») және А.Дарабаевтың («Ертіс») маусымы болды. Серікжан биыл әбден қалыптасқан футболшыға айналғанын дәлелдеді. Қазір «Астананы» да, ұлттық құраманы да Мұжықовсыз елестету мүмкін емес. Твумасиді, тіпті, Қазақстанның биылғы үздік футболшысы деп танысақ та жарасады. Ал Бақтияр Зайнутдинов бәрімізді таң қалдырды. Футбол таланттарына бай Тараз топырағы тағы бір мықтының тұсауын кескен секілді. Әттең, келесі жылы бірінші лигада ойнайтын болса, Зайнутдинов мұқалып қалар ма екен? 20 жасқа толмаған футболшы алғашқы маусымында 7 гол соқты! А.Дарабаев «Қайраттан» ауысып, «Ертістен» орнын тапты. Құрамаға оралды. Еурокубокта сәтті ойнады. Бір ғана «минусы» бар – сәл дөрекі ойнайды (маусымда 8 рет ескерту алды).

Шабуылшылардан Ж.Гоу («Қайрат»), Ж.Кабананга («Астана» өте сәтті маусым өткізді. А.Щеткин («Тобыл») маусымды тәуір бастап еді, бірақ Евдокимов оны жартылай қорғанысқа қойды да, нәтижелілігі қатты төмендеді. Дегенмен бір жылға 10 доп та жаман көрсеткіш емес.

Жалпы алғанда, биылғы чемпионаттың өткізілу реті де, барысы да жанкүйерлер көңілінен шықты. Алғашқы турда «Ордабасыдан» ойсырай жеңлсе де (0:3), «Астана» көшін түзеп алды. «Қайрат» тағы жалғыз ұпайдың зардабын тартты. Енді «Астананың» еурокубоктардағы кездесулеріне алаңдаймыз. Демек, жанкүйер үшін маусым желтоқсан айында бір-ақ аяқталады.