Бүгінгі таңда «спорт падишаларына» барынша көңіл бөлу қажет

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Осыдан бір айдан аса уақыт бұрын Рио Олимпиадасында жүзуші Дмитрий Баландин айды аспанға шығарып, алтын медальді кеудесінде жарқыратқанда барша қазақстандық жанкүйерлер бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Жеңіл атлеттер сайысында Ольга Рыпакова қола медальді қоржынға салған кезде де барлығымыз да дәл сондай күйді бастан кешірдік. Сол бір жерлестеріміздің жеңісіне шаттанып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеген күндерді ұмыту әсте мүмкін емес…

Jamaica’s Usain Bolt gestures (R) as he crosses the finish line ahead of compatriot Yohan Blake (2nd R) and the rest of the field Jamaica's Warren Weir (3rd R), US' Wallace Spearmon (3rd L), The Netherlands' Churandy Martina (2nd L) and  France's Christophe Lemaitre (L) in the men's 200m final of the athletics event during the London 2012 Olympic Games on August 9, 2012 in London. Bolt won gold. AFP PHOTO / ODD ANDERSEN        (Photo credit should read ODD ANDERSEN/AFP/GettyImages)

Төрт жылда бір өтетін ғаламдық додада атой салған қос отанда­сымыздың есімін өзгелерден бөле-жара атауымыз тегін емес. Өйткені Олимпиада ойындарында ең көп жүлделер жиынтығы дәл осы спорт түрлерінде сарапқа салынады. Атап айтсақ, жеңіл атлетикада – 47, ал жүзуде – 34 медаль таратылады. Осы деректерге қарап-ақ аталмыш спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарда қай мемлекет өкілдері толағай табысқа қол жеткізсе, со­лардың жалпы командалық есеп­те топ жаруына тамаша мүм­кіндік туындайтынын анық аңғаруға бо­лады. Бұл сөзімізді нақты дерек немесе дәйектермен дәлелдеу үшін алысқа бармай-ақ, ХХІ ғасырда алауы тұтанған Олим­пиада ойын­дарының нәтижелеріне тоқталсақ та жеткілікті. Сонымен, тарихқа қысқаша шолу жасайық:

2000 жылғы Сидней Олимпиадасы
Жеңіл атлеттер сайысының қо­ры­тындысы: 1. АҚШ – 16 (7 ал­тын­+4 күміс+5 қола) жүлде, 2. Эфио­пия – 8 (4+1+3), 3. Польша – 4 (4+0+0), 4. Ресей – 13 (3+4+6) жә­не 5. Кения – 7 (2+3+2).
Жүзушілер сайысының қорытын­дысы: 1. АҚШ – 33 (14 алтын+8 күміс+11 қола), 2. Австралия – 18 (5+9+4), 3. Голландия – 8 (5+1+2), 4. Италия – 6 (3+1+2) және 5. Украина – 4 (2+2+0).
Жалпы есептің қорытындысы: 1.АҚШ, 2. Ресей, 3. Қытай, 4. Авст­ра­лия, 5. Германия, 6. Франция, 7. Италия, 8. Голландия, 9. Куба және 10. Ұлыбритания.

2004 жылғы Афины Олимпиадасы
Жеңіл атлеттер сайысының қо­ры­тындысы: 1. АҚШ – 25 (9+11+5), 2. Ресей – 19 (6+7+7), 3. Ұлыбри­тания (3+0+1), 4.Швеция – 3 (3+0+0) және 5. Эфиопия – 7 (2+3+2).
Жүзушілер сайысының қорытын­дысы: 1. АҚШ – 28 (12+9+7), 2. Австралия – 15 (7+5+3), 3. Жа­по­ния – 8 (3+1+4), 4. Голландия – 7 (2+3+2) және 5. Украина – 3 (2+0+1)
Жалпы есептің қорытындысы:
1. АҚШ, 2. Қытай, 3. Ресей, 4. Авст­ралия, 5. Жапония, 6. Гер­ма­ния, 7. Франция, 8. Италия, 9. Оңтүстік Корея және 10. Ұлыбритания.

 

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы
Жеңіл атлеттер сайысының қо­ры­тындысы: 1. АҚШ – 23 (7+9+7), Ресей – 18 (6+5+7), 3. Кения – 14 (6+4+4), 4. Ямайка – 11 (6+3+2) жә­не Эфиопия – 7 (4+1+2).
Жүзушілер сайысының қоры­тын­дысы: 1. АҚШ – 31 (12+9+10), 2. Австралия – 20 (6+6+8), 3. Ұлыбритания – 6 (2+2+2), 4. Жапония – 5 (2+0+3) және 5. Германия – 3 (2+0+1).
Жалпы есептің қорытындысы: 1.Қытай, 2. АҚШ, 3. Ресей, 4. Ұлы-б­ритания, 5. Германия, 6. Авст­ра­лия, 7. Оңтүстік Корея, 8. Жапония, 9. Италия және 10. Франция.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасы
Жеңіл атлеттер сайысының қо­ры­тындысы: 1. АҚШ – 28 (9+12+7), 2. Ресей – 14 (6+3+5), 3. Ямайка – 12 (4+4+4), 4. Ұлыбритания – 6 (4+1+1) және Эфиопия – 7 (3+1+3).
Жүзушілер сайысының қоры­тын­дысы: 1. АҚШ – 31 (16+9+6), 2. Қы­тай – 10 (5+2+3), 3. Франция – 7 (4+2+1), 4. Голландия – 4 (2+1+1) және ОАР 3 (2+1+0)
Жалпы есептің қорытындысы:
1. АҚШ, 2. Қытай, 3. Ұлыбритания, 4. Ре­сей, 5. Оңтүстік Корея, 6. Гер­ма­ния, 7. Франция, 8. Италия, 9. Венг­рия және 10. Австралия.

2016 жылғы Рио Олимпиадасы
Жеңіл атлеттер сайысының қо­ры­­тындысы: 1. АҚШ – 32 (13+10+9), 2. Кения – 13 (6+6+1), 3. Ямай­ка – 11 (6+3+2), 4. Қытай – 6 (2+2+2) және 5. ОАР – 4 (2+2+0)
Жүзушілер сайысының қоры­тын­дысы: 1. АҚШ – 33 (16+8+9), 2. Австралия – 10 (3+4+3), 3. Венгрия – 7 (3+2+2), 4. Жапония – 7 (2+2+3) және Голландия – 2 (2+0+0).
Жалпы есептің қорытындысы:
1. АҚШ, 2. Ұлыбритания, 3. Қытай, 4. Ресей, 5. Германия, 6. Жапония, 7. Фран­ция, 8. Оңтүстік Корея, 9. Ита­лия және 10. Австралия.
Міне, осы деректердің қай мем­лекетте жеңіл атлетика мен жүзу жақсы дамыса, сол елдің өрендері жарыс кестесінің жоғары жағында ор­наласқанын аңғаруға болады. Ал осы спорт түрлері Қазақстанда қа­лай дамуда? Біздің елде жеңіспен өріл­ген дәстүр және мықты бапкер­лік мектеп бар ма? Осы сауалдарға жауап қайыру үшін, ең бірінші ке­зекте, спорттық шежіренің сар­ғай­ған беттеріне жүгінгеніміз жөн.
Әңгімемізді жеңіл атлетикадан бас­тайық. Спорттың бұл түрінде біздердің қара жаяу емес екеніміз анық. КСРО дәуірінде бірқатар жер­лесіміз Олимпиадада жеңіс тұғырына көте­ріл­генін көзі қарақты жан­күйерлер ұмыта қойған жоқ. 1952 жылы Хель­син­киде өткен дү­бір­лі до­дада Жам­был облысы, Қордай ау­да­нының тумасы Вла­димир Сухарев 4х100 метрлік эс­тафе­талық сайыс­та күміс ме­дальді мой­нына ілді. Ара­ға төрт жыл са­лып ол сол нә­ти­же­сін Мельбурнде де қай­талады. Ал 1956 жылы алауы тұ­­тан­ған Олимпиада дуы Қазақ­стан­ның тү­­лек­тері үшін та­быс­­ты болды деп айту­ға толық негіз бар. Жа­сыл құр­лық­та өткен жарыс­та есімі жоғары­да атал­ған аза­маттан бө­лек, Жетісу өңірінің ең кө­рікті жер­лерінің бірі – Сарқан ауданында туып-өскен Анатолий Самоцветов бал­ға лақтырушы­лар­дың бәсе­ке­сінде қола жүлдеге қол созды.

20130123112054
1960 жылы Рим Олим­пиадасын­дағы Ғұсман Қосановтың ерлігін егде тартқан жанкүйерлер осы күн­ге дейін ауызынан суы қ­ұ­рып әңгімелеп береді. Леонид Бартенев, Юрий Коновалов және Эдвин Озо­линмен бірге жүгірген қандасымыз 4Х100 метрлік эстафеталық сайыста күміс медальді иеленді. Осылайша, жел­мен жарысқан желаяқ Ғұс­ман­ның есімі ғаламдық додада жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш қазақ спорт­шысы ретінде спорттық ше­жі­реге тіркелді.
1972 жылы Мюнхен Олим­пиа­дасында 50 шақырымдық спорттық жүріс сайысында Солтүстік Қазақ­стан облысының өкілі Вениамин Солдатенко күміс алса, 1976 жылы Мон­реальдағы жарыстың эстафета­лық бәсекесінде Алматы облысы Сарқан ауданының тумасы Нико­лай Колесников қола медальді ен­шіледі.
1980 жылы Мәскеуде алауы тұ­тан­­ған ойындарда Владимир Му­равьев (4Х100 метрлік эстафета) ал­тын тұғырдан қол бұлғаса, тал­дықорғандық диск лақтырушы Та­тьяна Лесовая үшінші сатыға та­бан тіреді. 1988 жылы ұйым­дас­тырылған Сеул Олимпиадасында Қазақстанның қос желаяғы – Вла­димир Муравьев пен Виталий Са­вин чемпиондық атаққа қол жет­кізсе, сырықпен секіруші Гри­го­рий Егоров үшінші орынды ие­лен­ді.
1996 жылдан бері жазғы Олим­пиада ойындарына Қазақстан тәуел­сіз мемлекет ретінде қатысуда. Бұл ретте де отандастарымыз несі­бе­сіз емес. Жеңіл атлеттер бәсеке­сінде 2000 жылы Сиднейде Ольга Шишигина (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және 2012 жылы Лондонда Ольга Рыпакова (үш қар­ғып секіру) алтыннан алқа тағынды. 2004 жылы Афинада Дмитрий Карпов (онсайыс) және Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) қола медальді иемденді.

%d0%b1%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b8%d0%bd
Жүзушілер жайында айтар бол­сақ, әрине бұл спорт түрін серік еткен жерлестеріміз ондай мол та­бысымен мақтана алмайды. Егер жүзу спортының тари­хына зер сал­сақ, осы күнге дейін Қазақ­стан­ның бір ғана спорт­шысы жеңіс тұ­ғырына көтеріл­ген екен. Ол – Виктор Абои­мов. 1972 жы­лы Мюн­хен­де алауы тұ­тан­ған Олим­пиада ойын­­­­да­рын­да КСРО құ­ра­масы са­пын­­­­да өнер көр­сет­кен ал­ма­тылық спор­тшы ер­кін тәсіл бойынша 4Х100 метрлік эстафеталық сайыста күміс алса, 4Х200 метрлік бәсекеде қола ме­даль­ді қоржынға салды.
2016 жылы Риода алауы тұтан­ған Олимпиада ойындарында сол көрсеткіш жақсарды. Алматылық Дмитрий Баландин Бразилияда айды аспанға бір-ақ шығарып, ал­тын тұғырға көтерілді. Ол 200 метр­лік брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмады. Оның көрсеткіші – 2:08,20. Баландиннің бұл табысы осы Олимпиада ойындарындағы басты сенсациялардың бірі ретінде бағаланды.
Міне, қысқа қайырсақ, әңгіме осындай. Әрине, Дмитрий Баландиннің бас жүлдесі және Ольга Рыпакованың қола медалін біз азсынып отырған жоқпыз. Қос отандасымыздың Рио Олимпиадасындағы ерен ерлігі мен орасан зор табысы Қазақ елінің спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалары да хақ. Десек те, бүгінгі таңда бұл көрсеткіштерге тоқмейілсіп, қол қусырап отыруға болмайды. Себебі, командалық сайыста кімдердің көш ілгері болатыны дәл осы бәсекелер барысында анықталады. Сондықтан да дәп бүгінгі күннен бастап, ел спортының тізгінін ұстаған азаматтар жүзу мен жеңіл атлетиканың дамуына барынша көңіл бөлуге тиіс. 

(«Айқын» газеті, №146, 1 қазан, 2016 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here