Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қайрат Сарымсақов (74 келі) Қазақстан қоржынына қоладан олжа салды.
Ол алғашқы кездесуде Сегун Олушоламен (Нигерия) татамиге шығуға тиіс еді. Бірақ нигериялық спортшыны төрешілер айыпқа жықты. Сөйтіп, Қайрат екінші айналымға жекпе-жексіз өтті. Екінші қарсыласы Жулио Феррейрамен (Португалия) кездесу өте тартысты болды. Отандасымыз 6:5 есебімен жеңіске жетті. Үшінші айналымда Қайрат литвалық Оримас Клемасты 15:9 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл кезеңде отандасымыз тайпейлік Яңмен кездесті. Тартысты жекпе-жек қосымша уақытқа ұласып, бәрібір Қайрат таразы басын өзіне аударды.
Жартылай финалда өзбекстандық Никита Рафаиловичпен кездесу де Қайраттың басымдығымен өрбіген-ді. Сарымсақов 8:6 есебімен алды келе жатып, төрешіден ескерту алып қалды. Екі ұпай өзбек спортшысына жазылды да, көрсеткіш теңесті. Тартыс қосымша уақытта жалғасып, Рафаилович нәтижелі ұпайды қанжығалап кетті.
— Жартылай финалда қарсыласыма жеңісті қолдан беріп қойсам да, жүрегім қуанышқа толы. Ел қоржынына жүлде салғаныма көңілім тоқ. Барлық кездесу ауыр соқты. Әсіресе ширек финалдағы Яңмен кездесу қатты шаршатты. Осы жеңістен кейін алтын жүлдеге қол соза алатыныма сеніп едім. Бапкерлеріме, құрамадағы әріптестеріме рахмет айтамын. Басты мақсатым – Олимпиадада жүлдеге қол жеткізу. Сондықтан еш босаңсымай, алдағы лицензиялық турнирлерге жақсы дайындық жасауым керек, – деді Қ.Сарымсақов.
Қазақ таеквондошылары 6 жылдан бері әлем чемпионаттарында жүлдеге іліне алмап еді. Соңғы рет А.Шылманов 2009 жылғы әлемдік додада қола иеленген болатын.