Кеше «Қайрат» командасының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, бас бапкер Карлос Алос Феррердің отставкаға кеткенін хабарлады.

Испаниялық маман «Қайратқа» 2017 жылдың 26 шілдесінде Кахабер Цхададзенің орнына келді. Бір жылдан астам уақыт ішінде ол премьер-лигада 40 матч өткізіп, 30 матчта жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 6 кездесуде жеңілді. Оның командасы 87 гол соғып, 36 доп жіберіп алды. Бір қарағанда, аса жаман көрсеткіш емес. Бірақ Алос Феррер алматылықтардың негізгі межесін бәрібір бағындыра алған жоқ: өткен жылы «Астананы» қанша өкшелегенмен, өзі тізгін ұстаған 12 матчтың 11-інде жеңіп, біреуін ғана тең аяқтағанмен, биыл толықтай сенім артылғанмен, чемпиондық атақты уысына түсіре алмады. 29 турда Шымкентте» «Ордабасыдан» 0:2 есебімен жеңіліп, «Астананы» он ұпай алға ұзатып алған соң, «Қайрат» басшылығы испан бапкеріне қош айтуды дұрыс көрген секілді.

К.Алос Феррер «Қайратта» қандай табысқа жетті? Өткен маусымда Қазақстан кубогын жеңіп алды. Бірақ әділін айту керек, Карлос кубокта бір ғана матч өткізді, шешуші финалдық матчта тізгін ұстады. Оған дейін кубоктың барлық кезеңінен «Қайрат» К.Цхададзенің жетекшілігімен өткен болатын. Қазақстанның вице-чемпионы атануын да табыс қатарына жатқызуға болар. Биыл «Қайрат» қанша сүрінсе де, екінші орында келе жатыр. Енді бұл сатыдан төмендемейді де, жоғарыламайды да. «Астана» он ұпай айырмашылығын жоғалтып алуы тіпті қиялға сыймайтын секілді, ал «Тобыл» қанша талпынса да жете алмайды.

Маусым соңына дейін енді «Қайратты» Андрей Карпович баптайды. Жас маман биыл Қазақстан кубогында тек қазақстандық футболшылармен ойнап, финалға жетті. 24 қараша күні Шымкентте де алматылықтар тек отандық ойыншыларды алаңға шығармақ болып отыр. Одан кейін команда тізгіні әзірше аты белгісіз германиялық маманға табыс етілмек.

2013-2015 жылдары Владимир Вайсс жаттықтырып кеткен соң, «Қайратқа» бапкер құтаяр емес. 2016 жылы үш-ақ ойын өткізіп, Александр Бородюк кетті, одан кейін 1,5 жыл жүріп Цхададзе кетті, енді тағы 1,5 жылдан кейін Алос Феррердің жолдан шыққанын көріп отырмыз. «Қайрат» «Астанаға» басты бәсекелес болып-ақ келеді, бірақ 2004 жылдан бері чемпиондықтың рақатын сезіне алар емес.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here