Қазақстан премьер-лигасы
33 тур. 11 қараша

«Астана» — «Ертіс» — 4:0 (Томасов, 21, 65, 68, Янга, 51)
«Қайрат» — «Шахтер» — 0:0
«Тобыл» — «Қызылжар» — 3:0 (Квеквескири, 1, Федин, 56, Жұмасқалиев, 83)
«Ордабасы» — «Атырау» — 1:0 (Механович, 15)
«Ақтөбе» — «Қайсар» — 0:2 (Зенькович, 17, 35)
«Жетісу» — «Ақжайық» — 3:1 (Тапалов, 6-автогол, Мухутдинов, 67, Ыбыраев, 90+1 – Мане, 79)

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Енді командалар көктемге дейін демалады, жиындар өткізеді, құрамын реттейді. «Астана» Еуропа лигасындағы екі матчында еурокөктемге шығуға тырысады, «Ертіс» бірінші лиганың қола жүлдегері «Қыран» командасымен премьер-лигадағы орын үшін екі матч өткізеді. «Қайрат» пен «Атырау» 24 қарашада Шымкентте Қазақстан кубогының финалында ойнайды. Сөйтіп, келесі жылы еурокубоктарға қатысатын төртінші команданы анықтайды. Міне, бізге жыл соңына дейін клубтық футболда қалған қызық осы.

Қос рекордты жаңарту қиын

«Қызылжарға» қарсы матчтың 83 минутында қазақ футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиев командаласы Самат Жарынбетовтен пас алды да, сол аяғымен алыс бұрышқа дәл соқты. Сөйтіп, өзінің 22 жылға созылған клубтық ғұмырына әдемі нүкте қойды. Жұмасқалиев гол соқпаса да, ешкім ренжімес еді. Бірақ Нұрбол ешқашан өзіне деген талапты төмендетіп көрген емес. Ол жуық арада мұрты бұзыла қоймайтын қос рекордын соңғы матчта тағы жаңартып, жанкүйерлеріне зор алғысын жаудырып, өзінің футболмен қоштасатынын мәлімдеді.

Ол қандай рекордтар?

Біріншісі – Н.Жұмасқалиев премьер-лигада 523 матч өткізді. Бұл көрсеткіш бойынша Нұрбол Жәрдемұлына алдағы үш-төрт жылда жете қоятын футболшы жоқ. Қазіргі ойнап жүрген футболшылар арасында Мақсат Байжанов («Қайсар») мен Сергей Скорых («Қызылжар) биыл 400 ойыннан жаңа асты. Скорыхтың «Қызылжары» премьер-лигадан түсіп қалды. Ардагер футболшының келесі жылы бас лигада өнер көрсетуі неғайбылдау. Байжанов та футболға қол бұлғайтын сәт жақындап келеді. Демек, Жұмасқалиевтың бұл рекорды әлі біраз жыл бұзылмай тұра бермек.

Екіншісі – «Қызылжар» қақпасына соққан доп Нұрболдың премьер-лигадағы 167-голы болды. Бұл нәтиже бойынша да аңыз футболшыны маңайлай қоятын ешкім әзірше көрінбейді. Өмірден өткен О.Литвиненко мен футболды доғарған М.Тілешев 148 доппен тоқтап еді. Қазір ойнап жүрген футболшылар ішінде Таңат Нөсербаевтың еншісінде 75 гол бар, яғни көрсеткіші Жұмасқалиевтен екі еседен де төмен. Демек, жуық арада оның бұл рекордының  мұрты бұзыла қоймайды.

Қатарынан бес рет

«Астана» командасы бес жыл қатарынан чемпион атанды. Бұл да – өзіндік рекорд. Елордалықтарға дейін ешбір команда мұндай керемет нәтижеге қол жеткізіп көрген емес.

Бұдан бөлек, «Астана» вице-чемпионмен арадағы ұпай жөнінен де рекорд жасады. 2001 жылы «Жеңіс» чемпиондық атақты екінші рет иеленгенде, күміс жүлдегер «Атыраудан» 11 ұпай көп жинап еді (80 және 71). Биыл астаналықтар 77 ұпаймен топ жарды, сөйтіп, 62 ұпай еншілеген «Қайраттан» 15 ұпай алға кетті. Әрине, көшбасшыны қуып жетуге мүмкіндігі бар кезде кенет тежеуіш басып, алаңға тек қазақстандық жастарды шығарған алматылықтарда да кінә бар. Дегенмен қай жағынан алсақ та, «Астана» биыл өте үздік команда болды. Ең бастысы, бапкерлер құрамында жиі өзгеріс болып жатса да, «Астана» құрамындағы барлық ойыншыларды маусымға жақсы қатыстырды. Тіпті С.Сағынаев, В.Прокопенко, Р.Кәрімов сияқты жас жігіттер де премьер-лига дуына араласып, атақты ағаларының орнын басуға даяр екенін аңғартты.

«Астананың» қатарынан төрт жыл бойы еурокубоктардың топтық турниріне шығуы да – өзіндік рекорд. Нәтижесінде елордалықтар биылғы жылдың басында тұңғыш рет еурокөктемде ойнады, яғни Еуропа лигасының 1/16 финалына шықты. Соңғы төрт жыл бойы Қазақстан еншісіне УЕФА рейтингінде ең көп ұпай қосқан да – «Астана». Қазір Қазақстан бұл рейтингте 55 елдің ішінде 24 орында тұр. Алдағы екі ойында ұпайды еселей түссе, келесі еурокубок маусымын Қазақстан 21-22 орындарда бастауы мүмкін.

«Астана» жақында өз алаңында «Яблонец» (Чехия) командасын 2:1 есебімен тізе бүктірген соң, УЕФА-ның үздік 50 командасының қатарына енді. Қазір біздің чемпиондар «Локомотив (Ресей), «Интер» (Италия), «Валенсия» (Испания), «Фейеноорд» (Голландия), БАТЭ (Беларусь) сияқты айтулы командалардан жоғары тұр.

«Астана» биыл ең көп гол соққан команда атағын да қайтарып алды. Өткен жылы астаналықтар «Қайраттан» бір гол кем соғып еді (74 және 75). Биыл «Қайраттың» бас мергені Жерар Гоу Қытайға жол тартты да, алматылықтардың шабуы шебі аса нәтижелі болған жоқ. Оның үстіне, «Қайрат» соңғы алты турда тек қазақстандық футболшылармен ойнап, небары екі гол соқты. Осыны «Астана» сәтті пайдаланды; елордалық футболшылар маусымда 66 голмен қорытындылап, алматылықтардан алты допты көбірек енгізді.

Қай жағынан қарасақ та, «Астана» – ең көрнекті чемпион.

Он жыл бойы – жат мерген

Биыл бас мерген атағы «Ақтөбе» футболшысы Маркос Пизеллиге бұйырды. Ол 18 гол соқты. Әрине, соңғы үш жылдағы Ж.Гоудың көрсеткішімен салыстырғанда, бұл бас айналдырарлық табыс емес екені анық. Бірақ Пизеллидің чемпионаттағы 33 матчтың 24-іне ғана қатысқанын, соңғы төрт турда мүлде алаңға шықпағанын ескерсек, бұл атап өтуге тұрарлық нәтиже деуге болады. Екінші орында – «қайраттық» Адеринсола Есеола. Ол маусымның алғашқы жартысын «Ақжайықта» өткізіп, сегіз рет мергендік танытты. Қазақстан футболшылар ішінен Алексей Щеткин («Астана») ғана көшке ілесті. Отандық шеберлер ішінде маусымдағы голдар санын онға жеткізген жалғыз футболшымыз сол ғана.

Ең өкініштісі, міне, тоғыз жылдың жүзі, қазақстандық ешбір шабуылшы мергендер көшінде маңдайы жарқырап озып көрген жоқ. Соңғы рет Мұрат Тілешев 2009 жылы «тобылдық» В.Байрамовпен бірге 20 гол соғып еді. Содан бері 2010, 2011, 2012 жылдары – Ұлықбек Бақаев («Тобыл»), 2013 жылы – Игорь Зенькович («Шахтер»/«Ақжайық»), 2014 жылы – Фокси Кетевоама («Астана), 2015, 2016, 2017 жылдары Жерар Гоу («Қайрат») бас мерген болып танылды. Оны айтасыз, сол 2009 жылдан бері небары төрт мергеніміз – Н.Жұмасқалиев (2010), С.Хижниченко (2012), Р.Муртазаев (2016) және Б.Исламхан (2016) ғана бір маусымда премьер-лигада 15 голдан асыра доп енгізіпті. Шынында да, ұлы далада құралайды көзге атқан демесек те, тепкені қия кетпейтін футболшылардың мүлде азайғанын мойындауға мәжбүрміз. Н.Жұмасқалиевтің мергендік рекорды (167 гол) әл-әзірше жаңара қоймайтыны да осы себептен болса керек.

Бір «пентакампеон» құрдымда жүр

«Астана» қатарынан бес жыл дара шығып, «пентакампеон» (бес дүркін чемпион) атанып жатса, осындай атаққа бірінші болып қол жеткізген «Ертістің» халі тым мүшкіл. Павлодарлықтар маусымды отыздан жаңа асқан испан Херард Нустың басшылығымен бастады да, құрдымға бата бастады. Орта жолдан ресейлік Дмитрий Кузнецов та, отандық Ойрат Сәдуов те мұхитқа сал лақтырғанмен, құтқара алған жоқ. Содан кейін Болгариядан Димитар Димитров шақырылды. «Ертісті» ұзақ жылдан соң қола медальға жеткізген (2016) маман іске кірісе салып: «Бұл құрам үлкен шаруаға жарамайды», – деп бірден мәлімдеді. Димитровтың басшылығымен павлодарлықтар чемпионатта 15 матч өткізіп, бесеуінде ғана жеңіске жетті, үш рет тең ойнады, жеті рет жеңілді. Бар-жоғы 11 рет қана қарсыластар қақпасына гол соқты, өз қақпаларына 17 гол жіберіп алды. Димитров басшылығымен жинаған 18 ұпай «Ертістің» 10 орын алып, өз тарихындағы ең төменгі нәтижені қайталауына ғана (2014 жылы да – 10 орын) жеткілікті болды. Енді «Ертіс» 16 және 20 қараша күндері Шымкенттің «Қыранымен» премьер-лигада қалу үшін қос матч өткізеді. Иә, бір кездері дүрілдеген, Азия чемпиондар кубогының жартылай финалында ойнаған «Ертістің» қазіргі жай-күйі осындай.

Ал павлодарлықтармен бірге ешқашан премьер-лигадан түсіп көрмеген, 1992 жылдан бергі 27 маусымға толық қатысқан «Шахтер» де зорға дегенде жан сақтады. Соңғы турда қарағандылықтар Алматыда «Қайраттың» тасқындаған шабуылына төтеп беріп, сегізінші орынға секіріп үлгерді. Басты қарсылас саналған «Қызылжар» Қостанайда «Тобылдан» үш ұпай олжалап кетсе, «Ертіс» бірден бірінші лигаға төмендер еді. Жанкүйерлердің ашық наразылығынан ба, букмекерлердің күн бұрын сақтануынан ба, әлде адалдығын шынында да дәлелдеуге тырысты ма, соңғы турда алдыңғы лектегі командалардың бәрі қарсыластарын аяған жоқ. «Қайрат» қана «Шахтердің» қорғанысынан саңылау таба алмады демесеңіз, «Астана» – «Ертісті», «Тобыл» – «Қызылжарды», «Ордабасы» – «Атырауды», «Жетісу» «Ақжайықты» бос қайтарды. Аутсайдерлердің бәрінің сәтсіздігі осы «Ертіс» пен «Шахтерге» қол болды. Әйтпесе, екеуара Қазақстанның 7 рет үздігі атанған командалар келесі жылы бірінші лигада доп теуіп жүруі мүмкін еді. Дегенмен «Ертіс» келесі жылы премьер-лигада ойнауға лайық екенін әлі дәлелдеуге тиіс.

«Қызылжар»: келді-кетті

«Ақжайық» маусымның аяқталуына екі тур қалғанда премьер-лигамен толық қош айтысты. Соңғы екі маусымда оралдықтар В.Масудовтың басшылығымен бас лигада жан сақтау мәселесін жақсы меңгеріп еді. Биыл ешқандай тәжірибе де, маусым ортасында бас бапкер ауыстыру да көмектеспеді. «Ақжайық» өз тарихында премьер-лигадан алтыншы рет түсіп қалып отыр. Бұған дейін ешбір команда мұндай сәтсіз рекорд иесі атанып көрген емес. Бұл жағдайда көңіл демейтін бір ғана нәрсе бар: оралдықтар соңғы үш маусымда өз мектебінің түлектерін көп ойнатып келеді. М.Сапанов, В.Покатилов, Е.Тапалов, Б.Омаров, Р.Қайыров, И.Антипов сияқты негізгі құрам ойыншыларына биыл Ә.Сәкенов, Ә.Балтабек, Ә,Болатов сияқты жастар қосылды. Кім біледі, етек-жеңін жиып, «Ақжайық» келесі маусымда бас лигада қайта шығып қалар.

«Қызылжар» болса, он жылға жуық үзілістен кейін премьер-лига есігін қайта ашып еді. Маусым басында болгариялық Н.Спасовқа тізгін беру арқылы клуб басшылығы сәл қателесті ме екен? Оның орнын отандық А.Кучерявых пен Ә.Әлиев басқанмен, олар жағдайды оңалта алмады. Дегенмен қызылжарлықтар биылғы чемпионатта өзіндік орны бар команда ретінде есте қалды. Жас мерген Тимур Мүлдиновке келесі жылы көшбасшы командалардың бірі «құда түсіп» жатса, еш таңданудың реті жоқ. Тимур сегіз гол соқты, төрт рет өз командасына жеңіс сыйлады.

Ал келесі жылы осы екі команданың орнын «Оқжетпес» пен «Тараз» басады. Екеуі де өз тарихында бас лигаға бесінші рет оралып отыр. Қарызын дер кезінде қайтармағандықтан, 2017 жылы «Тараз» алты ұпайынан айырылып, төмендеп қалып еді. Енді Н.Мазбаевтың басшылығымен бұл команда тағы да таланттар ордасы ретінде танылуы мүмкін. Бүгінгі қазақ футболының жұлдыздары Б.Исламхан, Б.Зайнутдинов, Е.Сейдахмет осы топырақта туған. Ендеше, «Таразды» премьер-лигада қуана қарсы алуға асықпыз.

Қорытынды кесте:
                            О   Ұ Т Ж Д Ұп
1. «Астана»         33  24 5 4 66:22 77
2. «Қайрат»         33 19 5 9 60:33 62
3. «Тобыл»          33 15 8 10 36:30 53
4. «Ордабасы»    33 13 7 13 38:44 46
5. «Қайсар»        33 11 12 10 35:31 45
6. «Жетісу»         33 11 10 12 36:40 43
7. «Ақтөбе»        33 13 9 11 51:47 42*
8. «Шахтер»       33 8 12 13 29:36 36
9. «Атырау»       33 9 9 15 34:47 36
10. «Ертіс»         33 10 5 18 28:45 35
11. «Қызылжар   33 10 5 18 27:48
12. «Ақжайық»   33 7 9 17 31:48 30
«Ақтөбенің» 6 ұпайы алынған.

Мергендер: 1. М.Пизелли («Ақтөбе») – 18 гол. 2. А.Есеола («Қайрат»/ «Ақжайық») – 17. 3.М.Томасов («Астана») – 14. 4. Исаель («Қайрат») – 12. 5. А.Щеткин («Астана»), Б.Пуношевац («Қайсар»/»Қызылжар») — 10

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here