Кеше бокссүйер жанкүйер бір жағымды, бір жағымсыз жаңалық естіді.

Жағымдысы – «даңқты отандасымыз Геннадий Головкин DAZN платформасымен келісімшартқа отырды» делінген ақпарат. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында Головкин мен НВО арнасы арасындағы келісімшарт мерзімі бітті. Бітті дегенде, НВО арнасы енді кәсіпқой бокс кештерін транялциялауды доғарды. Осыдан кейін DAZN, ESPN сияқты «алыптар» бокс мықтыларына естен тандырарлық келісімдер ұсынып, қатарларына тартуға тырысып бақты. Алдымен Головкиннің бітіспес қарсыласы Сауль Альварес DAZN платформасымен құны 365 миллион долларлық шартқа отырды. Ендігі кезек біздің оғландікі еді. Бірақ Головкин әлі күнге кешеуілдетіп отыр. Кейбір бокс шолушылары қазақстандық боксшының DAZN-мен шарттасып қойғанын, аз ғана детальдарды нақтылап жатқанын айтқан-ды. Алайда Головкиннің промоутері Том Леффлер бұл сөзді жоққа шығарды.

«Геннадий шешім қабылдаған кезде, ресми мәлімдеме жасайды. Сондықтан ресми аңдатпаны күткен ләзім. Қазір Головкин – ең қалаулы еркін агент. Қай платформаға келсе де, оның құндылығы өте жоғары» деді Леффлер.

Ең қызығы, жаңа жыл қарсаңында кейбір шолушылар Леффлер мен Головкин арасындағы ұзақ жылдық одақтың күйрегенін жарыса жазған-ды. Том мырза біздің отандасымызды 2011 жылы «Юниверсум» промоутерлік компаниясының құрсауынан жұлып алып, кәсіпқой бокс әлеміне кеңінен танытқан еді. Головкиннің соңғы 7-8 жылдағы барлық табысы осы Леффлерге байланысты. Сондықтан Леффлер-Головкин одағының тез күйреуі тіпті де сендірген жоқ. Промоутердің жоғарыдағы мәлімдемесінен кейін қаңқу сөздердің түбі өтірік екені анық белгілі болды.

Жағымсыз жаңалық – Геннадийдің Сауль Альвареспен кездесуден бас тартуы. Мұның қаншалық шын-өтірігін кім білсін, бірақ Альварестің командасы кеше осындай ақпарат таратып үлгерді. Бірақ кәсіпқой бокс әлемін жіті қадағалап, жаңалықтарын жібермей қарап жүретін жандар үшін мұның түбінде қитұрқы амалдар бары айқан аңғарылады.

Ол қандай амалдар? Біріншіден, «Альвареспен шаршы алаңға енді шыққым келмейді» деп Головкиннің өзі мәлімдеме жасаған жоқ. Яғни негізгі екінші тараптан ресми ақпарат берілмеді. Демек, қазақстандық боксшының сыртынан сөз айта отырып, Альварестің командасы оны өздері қалаған шарттар бойынша үшінші кездесуге итермелеп жатыр деп сеніммен айтуымызға болады. Екіншіден, дәл қазір Альварес кіммен жұдырықтасса да, оған Головкинмен жекпе-жектегідей үлкен қаламақы түспейді. Желтоқсанда бірінші орта салмақтың чемпионы Р.Филдингпен кездескенде, Альварестің қоржыны аса қампая қойған жоқ. Дәл қазір Ф.Мейвезер оның ұсынысын қабыл алмайды, орта салмақ дәрежесіндегі басқа чемпиондардың ешбірі «Биг драма шоу» жасай алмасы және белгілі. Сондықтан «ақшалы қалтаны» (Головкинді) қажай беру оларға өте ыңғайлы. Бұрыннан жүгініп келе жатқан әдіс. Үшіншіден, біздің отандасымыз да мойыннан жоғары доп киіп алып жүрген жоқ. Оның да өз есебі бар. DAZN-мен келісімшарт жасасса, Головкин тағы да Альвареспен бір қазанда қайнайды. Ал ірі платформа ірі табыс табуға қашанда мүдделі. Ол Головкинді қатарына тартқысы келсе, бір миллион долларлық жекпе-жектер үшін емес, нағыз қаржылы кездесулер үшін алуға ықыласты.

Сондықтан алдағы «Синко ди Майо» күнінде, яғни Мексиканың тәуелсіздік күнінде Головкин-Альварес трилогиясы бәрібір шегіне шетуі мүмкін. Әзірше Альварестің шаруасымен айналысатын Golden Boу компаниясының президенті Эрик Гоместің мына бір сөзі үлкен қозғалыстың болып жатқанын аңғартады:

«Головкин енді «Канеломен» кездесуге ықыласты емес секілді. Бұрынғыдай жеңіл жолмен жүргісі келеді-ау. Көреміз, достар» деп жазды ол өз туиттерінде.

Бұл Головкинді келісімшартқа қол қойғызу мәжбүрлеудің бір жолы ғана. Ең бастысы, DAZN платформасында ақылы трансляция жоқ. Golden Boу мықтыларының күнібұрын жанталасып отырғаны да содан болса керек. Олар өз шарттарына Головкиннің командасын келістіріп, мейлінше мол қаржыны қалтасында қалдырса, екі жеп биге шыққаны. Бірақ олай бола қояр ма екен?..

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here