Станимир Стойлов бапкерлік еткен 2018 жылы Қазақстан ұлттық құрамасында 28 футболшы өнер көрсетті.

  1. Қақпашылар (3)

Негізгі қақпашы міндеті «астаналық» Н.Еричтің мойнында болды. Бұл қақпашы Стойловтың басшылығымен «Астана» сапында от пен судан өткен еді. 2018 жылы ол 2 жолдастық кездесуге, 5 ресми матчқа қатысып, 7 доп жіберді. Оның ізбасары ретінде бапкер «қайраттық» В.Плотниковты қарастыратыны алғашқы жиындардан-ақ белгілі болды. Плотников Болгариямен жолдастық ойында қақпамызды қорғады (1:2). Бірақ жылдың соңғы ресми кездесуінде Дмитро Непогодов («Тобыл») негізгі құрамда алаңға шықты. Оның құрамаға шақырылуын да, негізгі құрамда шығуын да ҚПЛ талабы деп түсіндіргендер аз болған жоқ. Яғни Непогодов ұлттық құрама сапында ресми ойынға қатысқан мезеттен-ақ «Қазақстан футболының түлегі» мәртебесін алды. Енді ол біздің елде легионер болып саналмайды, Украинада өткен түлеу кезеңі ескерілмейді.

2. Қорғаушылар (10)

Бұл шепте де болгариялық маман өзі жақсы білетін спортшыларға көбірек сенім артты. Шомко-Постников-Малый-Бейсебеков төрттігі 2018 жылғы құраманың негізгі ойындарының бәріне дерлік қатысты. Ю.Логвиненко жарақатына байланысты кездесулерден сырттап қалғаны болмаса, ол да өз орнын жоғалтқан жоқ. Шомко жарақаттағанда, сол қапталға Ғ.Сүйімбаев шығып жүрді. Е.Ахметов, Я.Вороговский, Д.Мирошниченко құрамадан тұрақты орын таппай, әріптестерін алмастырып қана ойнады. Н.Әліп құрамадағы алғашқы матчын Стойлов кезеңінде өткерді.

3. Жартылай қорғаушылар (9)

Бұл шепте бұрыннан жүрген Б.Исламхан, И.Қуат, Г.Жуков, Е.Тұңғышбаев, С.Мұжықов сияқты футболшыларға Стойлов Б.Зайнутдинов пен М.Фединді қосты. Ю.Перцух пен М.Парагульгов санаулы ойындарға қатысты.

4. Шабуылшылар (6)

С.Хижниченко маусымның басында-ақ жарақаттанып қалды да, бас бапкер алғы шепке Е.Сейдахметті, кейде жартылай қорғаушы Р.Муртазаевты пайдаланып көрді. «Астаналық» А.Щеткин 9 кездесудің алтауына қатысқанмен, мергендік таныта алған жоқ. Б.Тұрысбек екі кездесуде ғана негізгі құрамда шықты. Соңғы ойында «Шахтер» шабуылшысы О.Өміртаев құрамадағы тұңғыш матчын өткізіп, Грузияға қақпасына бірден доп соқты.

Стойлов дәуірінде:

а) 8 футболшы (Д.Непогодов, Н.Әліп, Б.Зайнутдинов, Ю.Перцух, М.Парагульгов, М.Федин, Е.Сейдахмет, О.Өміртаев) құрамадағы алғашқы матчтарын өткізді;

ә) 3 футболшы (Б.Зайнутдинов, Е.Сейдахмет, О.Өміртаев) құрамадағы алғашқы матчтарында дереу доп соқты;

б) 9 кездесудің екеуінде ғана (Әзербайжан – 3:0, Андорра – 4:0) Қазақстан қақпасының құлпы ашылған жоқ;

в) 3 футболшы ғана (А.Бейсебеков, Б.Зайнутдинов, Р.Муртазаев) 9 кездесудің бәріне қатысты;

г) Қазақстан құрамасының футболшылары 15 ескерту алып, 1 рет алаңнан қуылды (С.Мұжықов);

ғ) Қазақстан құрамасы тарихындағы 200-гол соғылды. Оны андорралық қақпашы Ж.Гомес (Қазақстан – Андорра – 4:0) өз қақпасына соғып алды;

д) Отандық – 5 («Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы», «Шахтер»), шетелдік 1 («Уфа», Ресей) команданың футболшылары ғана құрамаға шақырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here