Невада атлетикалық комиссиясы 16 қыркүйекте Лас-Вегаста (АҚШ) өткен «Big drama show» қатысушылары Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альваресті бокстан уақытша шеттетті. Бұл әрбір ірі жекпе-жектен кейін болатын дәстүрлі шара, сондықтан әлеуметтік желі қолданушылары таратып жүрген түрлі жел сөз деп қабылдауға болмайды. Осы жекпе-жекте Головкиннің – оң қабағы, ал Альварестің сол қабағы жарылды. Басқа да аздаған жарақаттары жоқ емес. Енді олар қалпына келгенше біраз уақыт керек. Сондықтан комиссия Головкиннің – қазан айының соңына дейін, «Канелоның» қараша айының ортасына дейін шаршы алаңға шығуына шек қойып отыр.

GGG-дің промоутері Том Леффлер жуық уақытқа ешқандай кездесу жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Демек, Головкин жанкүйерлер алдында 2019 жылы мамыр айында өнер көрсетуі мүмкін.

Ал Альварестің командасы бірден белсенді қимылға көшті. Олар желтоқсан айына Лас-Вегас және Нью-Йорк қалаларында екі аренаны белгілеп қойды. Тіпті промоутер Эрик Гомес өз шәкіртінің жыл соңында Давид Лемьемен жұдырықтасатынын да айтып үлгерді. Лемье Головкин-Альварес кездесуінің андеркартында алаңға шығып, ирландиялық О’Салливанды бірінші раунда нокаутпен жеңген еді.

Жекпе-жек қарсаңында тиісті жарнаны төлеуден бас тартқаны үшін Сауль Альварес бірден IBO чемпионы атағынан айырылды. Енді орта салмақта бұл нұсқа бойынша чемпион атағы иесіз. Головкин осы нұсқадан әлем чемпионы атағын 2011 жылы жеңіп алып, Альвареске дейін 17 рет сәтті қорғады.

Головкин енді не істемек? Ол әзірше демала тұрады. Бірақ өзі айтқандай, боксқа міндетті түрде оралады. Бірақ енді отандасымызбен қарымта кездесу өткізуге Альварес командасы бірден келіспесі анық. Тіпті Оскар де ла Хойя келесі жекпе-жекке дейін Головкиннің басқа боксшыларға қарсы кемі екі-үш рет шаршы алаңға шығуға тиіс екенін айтады. Дегенмен ең дұрыс жолы да осы сияқты. Альварестен жеңілгенмен, Головкин түрлі нұсқаларда бірден кейінгі орындарға шегініп кетпейді. Демек, WBA нұсқасы бойынша тұрақты чемпион Риото Муратамен (Жапония), WBC нұсқасы бойынша уақытша чемпионы Джермалл Чарломен (АҚШ) және WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен (Ұлыбритания) кездесе алады. Тіпті IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына жақында таласатын Сергей Деревянченко (Украина) мен Сондерс те Головкинмен жұдырық түйістіруге «кетәрі» болмасы анық.

(AFP фотосы)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here