Жартылай финал

Франция – Бельгия – 1:0 (Юмтити, 51)

Бельгия – 32 жылдан кейін, Франция 12 жылдан кейін жартылай финалға шыққан еді. Екі ұжым да чемпион атануға әбден лайық болғандықтан, олардың кездесуін жұртшылық күнібұрын «уақытынан бұрынғы» финал» деп айдарлап та қойған-ды.

Бірінші таймда қарсыластар бір-бірінің қақпасына 11 соққы жұмсаса да, есеп ашылған жоқ. Матч тағдырын 51 минутта Самуель Юмтити баспен соққан жалғыз гол шешті. Ойында жанкүйер есінде қалатын бірнеше қызық дерек тіркелді:

  1. Дидье Дешам – футболшы және бапкер ретінде әлем чемпионаттарының финалына шыққан төртінші спортшы. Оған дейін Марио Загало (Бразилия, 1970), Франц Беккенбауэр (Германия, 1990) және Руди Феллер (Германия, 2002) жылы осындай нәтижеге жеткен болатын. Загало мен Беккенбауэр ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де әлем чемпионы атанды. Дешам осы жетістікке бір қадам ғана жетпей тұр.
  2. Франция құрамасы сапында биылғы әлемдік додада үш қорғаушы гол соқты: Бенжамен Павар – Аргентина, Рафаэль Варан – Уругвай, Самуель Юмтити Бельгия қақпасын дәл көздеді. 1998 жылы Франция әлем чемпионы атағын жеңіп алған кезде Бишенте Лизаразю, Лилиан Тюрам және Лоран Блан сияқты қорғаушылар мергендікпен көзге түскен еді.
  3. Биыл әлем чемпионатында 158 гол соғылса, соның 69-ы стандарт жағдайлардан кейін қақпа төрінен табылыпты. Бұл – соғылған доптардың 43,7 пайызы.
  4. Франция құрамасы өз тарихында үшінші рет (1998, 2006 және 2018) финалға жолдама алды. Бельгия екінші рет (1986, 2018) жартылай финалда жеңілді.
  5. Франция құрамасының шабуылшысы Антуанн Гризманн плей-оффта Франция соққан 7 голдың төртеуіне үлес қосқан. Мұндай көрсеткіш басқа ешбір футболшыда жоқ. Бельгиямен кездесуде Юмтити Гризманн көтерген бұрыштамадан кейін гол енгізді.

Франция құрамасы финалда Хорватия – Англия кездесуінің жеңімпазымен кездеседі. Финал 15 шілде күні Мәскеудің «Лужники» стадионында өтеді.

(fifa.com фотосы)