Әлем чемпионатына қатысатын 736 футболшының 74 пайызы – Еуропа клубтарынан. Еуропа клубтары қауымдастығының мәліметінше, Кәрі құрлық командаларынан алдағы мундиальға 544 футболшы қатысады.

«Манчестер Юнайтедке» жаңа келген Фредті (Бразилия) және «Арсеналға» ауысқан Штефан Литштайнерді (Швейцария) қоса есептегенде, ең көп футболшы Англия клубтарынан барады. Олардың саны – 132.

Клубтар ішінде ең көп өкілін (14 футболшы) жіберген команда – «Манчестер Сити». Екінші және үшінші орындарда – «Реал» (15) және «Барселона» (14).

Англия құрамасының барлық футболшысы жергілікті чемпионатта өнер көрсетеді.

Швеция сапындағы 23 ойыншының бәрі – легионер.

Бельгия мен Исландия сапында бір-бір ойыншы – жергілікті лигадан, басқасы шетелдерде доп тебеді.

Қазақстан премьер-лигасының өкілі ретінде Андрей Аршавин («Қайрат») қатысады деп күтілген еді. Алайда Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов оны қосалқы тізімге де қосқан жоқ.

Қазақстан премьер-лигасынан осыған дейін ірі турнирлердің финалдық кезеңіне 1 ойыншы ғана қатысты. 2016 жылы «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Анатолий Тимощук топтық турнирдің ІІІ турында, Украина – Польша (0:1) кездесуінің 90+2 минутында Роман Зозуляның орнына алаңға шықты.