Әлем біріншілігіне іріктеу
Қосымша матч
Италия — Швеция — 0:0 (бірінші ойын — 0:1)

Италия құрамасы 60 жылдан кейін әлем чемпионатынан тыс қалды. Соңғы рет «скуадра адзурра» 1958 жылы Швецияда өткен мундиальға қатыса алмаған еді.

2018 жылы Ресейде өтетін доп додасынан Италия құрамасын шведтер құр қалдырды.

Италия құрамасының капитаны, 2017 жылғы әлемнің ең үздік қақпашысы Джанлуиджи Буффон Швециямен кездесуден кейін өзінің құрамадан кететінін мәлімдеді.

— Мен Италия құрамасынан кетемін және оны болашағы зор жастарға — Перин мен Доннаруммаға аманаттаймын. Италия футболының келешегі зор екеніне күмәнім жоқ. Құрамада 10 жыл бірге ойнаған Барцальи, Бонуччи, Кьеллини, Де Россиді алғыс айтамын. Бізбен бірге болған жігіттердің бәріне рахмет. Біз оларға бір нәрсе болса да үйрете алған секілдіміз, — деді Буффон.

Джиджи Италия құрамасы сапында 174 матч өткізіп, қақпасына 140 гол жіберді.

Ол 5 әлем біріншілігіне қатысып, 14 матч өткізді. 6 ойында жеңіске жетті, 4 кездесуді тең нәтижемен аяқтады, 4 кездесуде жеңіліс дәмін татты.

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында Буффон 7 матчта да негізгі құрамда ойнап, әлем чемпионы атанды.

Ол әлем чемпионаттарына іріктеу кезеңінде 40 матчқа қатысты.

«Скуадра адзурра» сапындағы тұңғыш матчын Буффон 1997 жылдың 29 қазанында Мәскеуде Ресей құрамасына қарсы (1:1) өткізіп еді. Міне, араға 20 жыл салып құрамадағы ғұмырына нүкте қойды. Ең бастысы, Ресейден басталған жол Ресейге жетпей аяқталды.

Италия құрамасы сапындағы алғашқы матчта Джиджи командаласы Паоло Каннавародан автогол жіберіп алып еді. Соңғы өткізген добы да автогол болды. Швециямен 10 қарашадағы алғашқы матчта Юханссон тепкен доп жолай үймелескен италиялық үш қорғаушының біріне тиіп, қақпа төрінен табылды. Осы гол жолдама тағдырын шешті.

Иә, тағы бір аңыз адам құрамамен қоштасты…