Қазақстан премьер-лигасы
31 тур. 21-22 қараша
«Қайрат» — «Ақжайық» — 2:1 (Исламхан, 10-пенальтиден, Анене, 67 – Дудченко, 31-пенальтиден)
«Ертіс» — «Ақтөбе» — 1:1 (Фог-Поррье, 90+7-автогол – Шимкович, 90+3)
«Тараз» — «Шахтер» — 2:3 (Зайнутдинов, 17, 28 – Стоянович, 50-пенальтиден, 76, 78)
«Ордабасы» — «Астана» — 2:1 (Тұңғышбаев, 35, Диакате, 62 – Деспотович, 60)
«Қайсар» — «Атырау» — 4:1 (Байжанов, 54, Аржанов, 62, Курьор, 86, Ламанж, 90 – Максимович, 45+1)
«Тобыл» — «Оқжетпес» — 4:1 (Молдақараев, 1, Вух, 15, 32, 74 – Недашковский, 88)
Бұл өте қызықты тур болды. «Астана» өткен апта ортасында Еуропа лигасы аясында Израильдің «Маккаби» командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңген соң, команданың бас жаттықтырушысы С.Стойлов Шымкенттегі кездесуге қосалқы құрам аттанатынын жариялаған-ды. Шын мәнінде Қажымұқан атындағы стадионға «Астананың» ізбасар ойыншылары шықты десек қателескен болар едік. Негізгі құрамда үнемі ойнап жүрген П.Твумаси, Ж.Кабананга, Ю.Логвиненко, Д.Шомко секілді ойыншылардың хаттамаға мүлде тіркелмегені рас. Алайда олардың орнын басқан М.Аничич, С.Малый, А.Тағыберген, М.Томасовтарды қосалқы құрамдағылар деуге тіпті болмайды. Ойын алдында «Ордабасы» оцыншыларының бірнеше айдан бері жалақысыз жүргені, бұл матч олар үшін еш маңызды еместігі, шымкенттіктер өз тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге ие болып қойғаны айтылып еді. Матч мұндай сөздердің бәрі әншейін әңгіме екенін дәлелдеді. Шымкенттіктер бірінші минуттан соңғы секундқа дейін жеңіске жұмылды. Осы сәтсіздіктен кейін «Астана» чемпиондық атақты кемі тағы екі турға шегере тұруға мәжбүр болды. 25 қазанда елордалықтар өз алаңында аутсайдер «Оқжетпесті» қабылдайды. Бұл кездесуде 3 ұпай иеленсе де, «Астана» чемпиондықққа қол жеткізбейді. 32 турда маусымның басты кездесуі өтуі мүмкін. «Астана-Аренаға» қонаққа «Қайрат» келеді. Дегенмен алматылықтардан жеңілсе де, «Астананың» соңғы турда чемпион табағын жоғары көтеруіне мүмкіндік зор. Бұл күні «Ақжайық» Астанаға қонаққа барады. Демек, чемпионаттың тартысы соңғы турға дейін созылатын секілді.
«Шахтер» сырт алаңда жігерлі жеңіске жетіп, өз жағдайын түбегейлі жақсартты. С.Ширмялистің командасы премьер-лигада қалу мәселесін шешіп қана қоймай, келесі жылы еурокубокқа қатысу мүмкіндігін де қылтитқан секілді.
Ал «Тараз» 6 ұпайынан айырылған соң күрт түсті. Енді соңғы турлардағы екі ойында («Атыраумен» және «Қайсармен») серпілмесе, келесі жылы премьер-лигадан Б.Шадыманов, Б.Зайнутдинов, Е.Сейдахмет сияқты жас таланттарды көре алмауымыз мүмкін. Бұл, әрине, өкінішті болар еді…