Спорт, оның ішінде футбол статистикасын жақсы көретін жандар үшін қуанышты жаңалық: Олег Литвиненконың үлкен футболдағы алғашқы голы «табылды».

Бұған дейін тараздық сұрмергеннің еншісінде жоғары деңгейлі 182 гол бар деп келдік.
Оның:
148-і — Қазақстан премьер-лигасында;
20-сы — Қазақстан кубогында;
6-ы — Қазақстан құрамасы сапында;
8-і — Азия клубтық турнирлерінде соғылған-ды.

Футболдан КСРО кубогының 1991/92 маусымдағы статистииалық көрсеткішін қарап отырып, 1/64 финалдағы мына дерек көзімізге оттай басылды:
KHIMIK Jambul 1-0 Neftyanik Fergana
[Oleg Litvinenko]

Бұл ойын 1991 жылдың 2 мамырында Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) өтіпті. Осы кезде Олег 18 жаста еді. Жамбылдың «Химик» командасының сапында КСРО ІІ лигасының Қазақстан аймағында үлкен футболға алғаш қадам жасап жүрген кезі. КСРО чемпионаты мен кубогы қандай жоғары беделге ие болғанын көнекөз жанкүйерлер жақсы біледі. Ендеше, «Литваның» үлкен футболдағы осы алғашқы голы да жылнамаларға енуге әбден лайық.

Қазақстан футболының дәуелсіздік дәуіріндегі бас мергені болып Нұрбол Жұмасқалиев саналады. «Тобылдың» капитанының еншісінде 184 жоғары деңгейлі гол бар. Ендеше, марқұм «Литва» оған бір қадам ғана жетпей тұр десек болады.