Statsport.kz үшін Испаниядан Дина Тұрарқызы хабарлайды:

Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» суперкөпкүндігінің 19 кезеңі Астурия аймағында орналасқан Касо елді мекенінде басталды.

Екі бірдей велошабандозын үздік ондықа көтерген «Астананың» тағы бір мақсаты – командалық есептегі бірінші орнын сақтап қалу.

Жапы есептегі көрсеткішке айтарлықтай өзгеріс енгізеді деп күтілген Англиру алдындағы жарыс күнінде «Астана» бапкерлері жауапты кезең алдында қос капитан – Лопес Морено мен Фабио Арудың күшін сақтауды ойлайтыны түсінікті. Дегенмен спорттық директор Бруно Ченьялта қазақ журналистеріне берген сұхбатында бүгін жеңімпаз алға озған топтың арасынан шығатынын айтып, мүмкіндігінше олардың қатарына өз өкілін де қосуға ниетті екенін айтты.

Пелотоннан оза ашапқан 27 велошабандоздың қатарына «Астана» өкілі Лауренс де Вриз қосылды. Мәреге 50  шақырым қалғанда пелотон мен алға озған топ арасындағы уақыт айырмашылығы 18 минутқа дейін жеткен еді.

Барлық веложарыстардың бел ортасында шабандоздардың тамағын үлестіретін арнайы нүкте белгіленеді. Дорбаның ішіне су, тістемелер, шоколад, банан салынады. «Вуэльтада» бұл қызметті команданың массажшылары Висента Бельда мен Хуан Пуель атқарды.

149.9 шақырымға созылған кезеңнің мәресі Бискай шығанағының жағасында орын тепкен Хихонда белгіленді.  270  мыңнан астам тұрғыны бар қалада өтетін велододаны тамашалауға келген жанкүйер санында есеп жоқ. Жарыс жолының бойында орналасқан дәмханаларда трансляцияны тамашалап,  велошабандоздар қалаға жақындағанда барлығы көшеге ағылды.

Соңғы тауға шығар жолда пелотоннан алға озғандар бірнеше топқа бөлініп кетті. Bahrain-Merida өкілі Иван Гарсия оңтайлы сәтті пайдаланып көрген. Оның әріптестерімен арадағы уақыты1 минутқа дейін жеткенімен, тау төбесінде оны Роман Барде (AG2R), Николас Роч (BMC) және Руй Кошта (UAE Team Emirates) қуып жетті. Бұл төрттік қанша тырысқанмен,  ізін қуған топтан алға ұзап кете алмады.  Бірнеше шабандоз арасындағы спринттік таласта жолы болған  Lotto Soudal  өкілі Томас Де Гендт жеңіске жетіп, үш гранд турдың кезеңдерінде жеңіске жеткен шабандоздардың тізіміне ілікті. «Астаналықтар» арасында үздік көрсеткіш Лауренс де Вризге тиесілі. Ол мәреге он сегізінші болып келді.

Жалпы есептің алғашқы ондығында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Британдық Крис Фрум әлі де алда. Мигель Анхел Лопес кестедегі алтыншы орнын сақтап қалса, қазақстандық ұжымның тағы бір капитаны Фабио Ару сегізінші сатыда.