«Астана» командасының және Конго Демократиялық Республикасы құрамасының шабуылшысы Жуниор Кабананга Африка ұлттарының кубогына қатысатын болды. Бас бапкер Флоран Ибенге жариялаған тізімде Кабананга Беник Афобе («Борнмут», Англия), Седрик Бакамбу («Вильярреал», Испания), Диомерси Мбокани («Халл Сити», Англия) сияқты шабуылшылар қатарына енді.
Африка ұлттарының кубогы 2017 жылдың 14 қаңтар — 8 ақпаны аралығында Габонда өтеді.
Кабананга — құрлық додасына қатысатын Қазақстан премьер-лигасының екінші өкілі. «Қайратта» 2015-2016 жылдары ойнаған Анатолий Тимощук биыл Анатолий Украина құрамасы сапында Еуро-2016-ға қатысып, топтық турнирдегі Украина — Польша (0:1) кездесуінің 90+2 минутында алаңға шыққан болатын.
Кабананга — 2015 жылғы Африка ұлттар кубогының қола жүлдегері. Ол Конго ДР сапында құрлық додасындағы 4 матчқа қатысты.
Топтық турнирдегі Конго ДР — Замбия (1:1) кездесуінің 64 минутында Ерве Кагенің орнына алаңға шықты.
Туниспен тең аяқталған (1:1) ойында Ндомбе Мубелені 78 минутта алмастырды.
Жартылай финалда Кот д’Ивуар құрамасына (1:3) қарсы алаңға 61 минутта шығып, 71 минутта ескерту алды.
ІІІ орын үшін кездесуде де (Экваторлық Гвинея — 0:0, пенальтиден — 4:2) алаңға Бокиланың орнына 74 минутта шықты.
Кабананга 2015 жылғы Африка ұлттары кубогына Бельгия Жюпиле-лигасының өкілі ретінде қатысты. Бұл кезде ол «Серкл-Брюгге» командасында ойнайтын. «Астана» құрамына Жуниор 2015 жылдың маусым айында келді.