Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) өнер көрсететін чех хоккейшісі Яромир Ягр тамаша нәтижеге қол жеткізді. Ол «Бостон» командасына кездесуде нәтижелі шабуылға қатысып, өзінің спорттық ғұмырындағы 1888 ұпайын жинады. Сөйтіп, «Флорида Пантерс» шабуылшысы ҰХЛ тарихындағы мергендер көшінде екінші орынға көтерілді. Бұған дейін екінші сатыда Марк Мессье (1887 ұпай) тұрған болатын. Ягр оны соңғы 2 кездесуде басып озды: «Баффаломен» кездесуде (4:3) 3 нәтижелі пас берді, «Бостонға» қарсы ойында (1:4) жалғыз нәтижелі шабуылда пас шығарып берді.

Ягрдың қазіргі көрсеткіші — 755 шайба+1133 гол пасы. Бұл нәтижеге ол ҰХЛ-да өткізген 1663 матчта жетіп отыр.

Жасы 44-тен асқан Ягр мергендер көшінде даңқты Уейн Гретцкиден (2857 ұпай) ғана қалып келеді. 

Әрине, Ягр өмір бойы ҰХЛ-да ойнаса, Гретцкиден де нәтижелі болар ма еді? Оның басқа лигалардағы көрсеткіші мынадай:

1988-90 жылдар. Чех экстралигасы. «Кладно» — 78 ұпай
1994-95 жыл. Чех экстралигасы. «Кладно» — 22
1994-95 жыл. Еуропа хоккей лигасы. «Больцано» — 16
2004-05 жыл. Еуропа хоккей лигасы. «Кладно» — 28
2004-05 жыл. ҚХЛ. «Авангард» — 52
2008-2011 жылдар. ҚХЛ. «Авангард» — 165
2012-13 жыл. ЕХЛ. «Рытиржи Кладно» — 57

Бұл лигаларда Ягр 403 ұпай жинады. Әрине, Гретцки көрсеткішіне мұны қосса да жете алмайды. Дегенмен Яромир 50 жасқа дейін ойнайтынын айтып жүр. Гретцкиге жетпей тоқтамайтын болар, кім біледі…