Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Қайрат Нұрдәулетов биылғы маусым басында футболмен қош айтысатынын мәлімдеді. Ел футболына зор еңбек сіңірген саңлақ жайлы газетіміздің бетінде «Өліара кезеңнің өр жігіттері» атты мақала (№27, 6 сәуір, 2017 жыл) жарияладық. Наурыз айында Қайрат Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Алматыда өткен «Қайрат» — «Астана» кездесуі алдында Қайратты жаңа қызметімен құттықтап, футболдағы ғұмыры, қазіргі жұмысының мән-жайы туралы сөзге тарттық.

— 17-18 жылыңды футболға арнадың. Енді футболдан кейінгі өмірің қалай болып жатыр?
— Бұрынғыдай емес, сәл басқашалау. Өзіме әбден үйреншікті баяғы күндерім емес. Бірақ футболдан алыстағаным жоқ. Жаңа жұмысым өзіме ұнайды. Алаңға шығуды қойсам да, футболдан кеткенім жоқ.
— Былтыр «Ақжайық» сапында бір ғана ойынға қатысып, жарақатыңды емдеуге кеттің. Спорттағы ғұмырыңды ұзартуға барынша тырыстың ба?
— Иә, барынша тырыстым. Италияда емделіп келдім. Тізе ішіндегі айқыш байламның біреуі жыртылып кеткен екен. Оны ауыстырды. Негізі, бұл спорттық медицинада аса қиын ота емес. Бірақ әр адамның ағзасы әртүрлі ғой. Біреуі тез жазылады, біреуі ұзақтау жүреді. Менікі екіншісі ме деп те ойлаймын. Италиялық дәрігерлер тексеріп, бәрі дұрыс деп, алаңға шығуыма рұқсат берді. Бірақ сынап көріп едім, бәрібір ауырсына бердім. Күш түсірмей ойнай беруге әлі де болады. Бірақ қайта сыр беруі әбден мүмкін. Ал футбол жалғандықты кешпейді, алаңда барыңды салып ойнамасаң болмайды.
— Қазір жүріп өткен жолыңа үңілсең, футболдағы жылдарыңа қалай қарайсың, қандай баға бересің?
— Еш өкінішім жоқ. Армандап едім, ұлттық құрамада ойнадым, армандап едім, құрама капитаны болдым. Еуропа кубоктарында «Астана» сапында ойнай алмағаныма іштей өкініп қоямын, бірақ бәрібір сүйінішім көп.
— 2001 жылы сені мамандар «Қазақстанның үздік жартылай қорғаушысы» деп таныды. 19 жастағы жас жігітке бұл атақ сол кезде қанат бітірген болар?
— Ол кезде футболға басқаша қарайтынмын. Жас едім, көп нәрсені түсінбейтінмін. Шынын айтқанда, бос жүрістер көп еді. Даланы көбірек ойлап тұратынмын. Үздік деп танып жатқанын жете түсінбеген секілдімін. Қазір ой жүгіртіп, сол кезде мамандардың маған үлкен сенім артқанын байқаймын. 2012 жылы Қазақстанның үздік футболшысы атанғанда, бәріне басқаша қарадым. Бұл атақ Қазақстан футболына арнаған жылдарымның өтеуі секілді көрінді.
— Үлкен қалада – Алматыда өстің. Сол кезде футболдағы ғұмырың мәнді, мағынады өтеді деп сендің бе?
— Менің ойымша, сенім болмаса, адамның өмірі бекер. Иә, футболшы болуды тек армандап қоймай, соған қатты талпындым. Оқу оқып, мамандық таңдау немесе футболшы болу деген екі жол алдымда тұрды. «Футболшы боламын» деп нақты таңдадым. Өзім «жігіт бір айтқасын, соны іске асыруға тиіс» деген тәрбиемен өстім. Мүмкін, бір жерде сәті түсті ме, мүмкін, бір жерде біреуге ұнап қалдым ба, бір жерде жақсы адамдар жолықты ма – оны айта алмаймын. Әйтеуір белгілі бір деңгейге жеттік.
— Сол кезде саған кім үлкен сенім артты?
— Әрине, ең алдымен – әке-шешем. Туыстарым да қатты сенді. Бапкерлерім Владимир Фомичёв, Виктор Катков көп нәрсе үйретті. 2000 жылдардың басында Дмитрий Огай «Есіл-Богатырь» командасына шақырды. Бірден негізгі құрамнан орын беріп, жауапты позицияда ойнауыма жол ашты. Асқар Қожабергенов ағамызға да алғысым шексіз. Үйде жүрген баламын ғой, Петропавлға шақырғанда кәдімгідей қобалжыдым. Ата-анам да қатты алаңдады. Сол кезде Асқар аға үйге келіп, олардың алаңын басты. «Қорықпаңыздар, көзімнен таса етпеймін», – деді. Сол кісілердің арқасында футболшы ретіндегі ғұмырым бос өткен жоқ деп ойлаймын.


— 2009-2010 жылдары «Қайратта» ойнадың. Сол кезде алматылық команда премьер-лиганың аутсайдері болып, қаржылық жағдайы шатқаяқтап жүрген еді. Маусым ортасында сені «Астана» шақырды. Оны да бір сәттілік деуімізге бола ма?
— Иә, сол кезде футболдағы ғұмырым құлдырап барып, қайта көтерілгендей болды. Адамда бәрі бірдей жақсы болып қала бермейді ғой. Ыстығын да, суығын да көру керек. Бірақ қанша қиналсам да, «осының бәрі бекер» деп қол сілтеген кезім болған жоқ. 2015 жылы «Астанадан» – «Қайсарға», одан кейін «Ақжайыққа» ауысқанда да еңсемді түсірмедім. Жалпы, мына жағдайды түсіну керек. Футбол өлшемімен алғанда біз біраз жасқа келдік. Ал ойнағысы, өзін көрсеткісі келетін жас ойыншылар аз емес. Дұрыс ойын көрсетпесең, олар бірден байқайды. Мен футболда ақша үшін немесе қара көбейту үшін жүретін адам емеспін. Ел не дейді, әріптестер не дейді? Маған өзім жайлы осындай әңгімелердің керегі жоқ. Футболшы ретінде өз мүмкіндігіңді сезіне білуің керек. Бұрынғы жүкті көтере аламын ба, қазіргі талаптарға сай бола аламын ба – осы сұрақты өзіңе қойып тұрғанның артығы жоқ. «Ақжайыққа» өзімді тексеріп көру үшін бардым. Жарақатым асқанбай, бәрі дұрыс болып кететін болса, келесі маусымда сәл жоғары сатыға талпынып көретін едім. Бірақ денсаулығым көтермеді.
— Ұлттық құрама мергендерінің бірісің. Тәжікстан мен Қырғызстаннан бастап, Бельгия, Ирландия, Фарер қақпаларына гол соқтың, құрама сапында 35 ойынға қатыстың. Жалпы, Еуропа футболын сезіне алдың ба?
— Кейбір ойындарда сезіндік. Бір-екі ойынды өте жақсы өткіздік. Еуропа футболының қыр-сырына қанығу үшін ішіне ену керек. Ұлттық құрамада 1-2 ойынға қатыса салып оны білеміз десек, өтірік болады. Премьер-лигада кемінде 15-16 ойын аса жоғары деңгейде болу керек. Бізде «Қайрат» пен «Астана» бір-бірімен ойнағанда ғана еуропалық ойын көргендей боламыз. Басқа кездесулер ондай қызықты болмай жатады. Мысалы, «Қайрат» ортақол командалармен бар күшін салмай, бір аяғымен ойнайды, шыны керек. «Астана» да солай.
— Еуропалықтар бізден несімен мықты?
— Оларда психология мықты. Олар алаңға тек жеңіс үшін шығады. Ал бізде қорқақтық бар. Қарсы командада адам емес, басқа біреулер ойнайтын сияқты жүрексінеміз. Иә, еуропалықтар бізден физика жағынан да шамалы күштірек шығар. Бірақ олар ең алдымен жеңіскер рухымен озып тұр. Біз енді ғана сол үрейімізді ақырын-ақырын жеңіп келе жатырмыз. Жастар Еуропаға барып жиі ойнап жүр. Біз Еуропа футболына алғаш кіріккен буын болдық. Ал футболымыз серпілуі үшін тағы 4-5 жыл керек. Біздің артымыздан дүбір естілді. Солар буын жерге қаратпайды, сенімім зор.
— Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің кеңесшісі болып қызмет істеп жүрсің? Бұл қызметке кім шақырды?
— Отбасыммен ақылдасып, «футболды қоямын» деген шешімімді айттым. Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә аға Байшақовқа да телефон соғып, футболдан кететінімді айттым. «Федерациядан жұмыс қарастырайық. Мен қазір бір жаққа кетіп бара жатырмын. Бір аптадан кейін хабарласамын» деді Сейілдә аға. Бірер күннен кейін хабарласып, суперкубок ойынына шақырды. Ойымда ештеңе жоқ. Матч алдында Андрей Финонченко екеуміздің биыл футболдан кетіп жатқанымызды жанкүйерлерге хабарлап, мені ортаға шақырды. Марапат тапсырды. Қатты қуанып қалдым. Орнымызға отырғаннан кейін Сейілдә аға «тағы бір жаңалық бар» дейді. «Қандай жаңалық?» – десем, «ұлттық құрама бапкерінің көмекшісі болып барасың ба?» – деді. Бұл іште жүрген арман ғой. Бірден келістім. Қазір жайлап жұмыс істеп жатырмыз.
— Саған тапсырылған шаруа қандай?
— Мен кешегі футболшымын, сондықтан ұлттық құрамаға үміткер жігіттерді толық танимын десем де болады. Бас бапкерге олардың әрқайсысының ерекшелігін – топта өзін қалай ұстайды, сын сәттерінде ширығып шыға ала ма, т.б. ерекшеліктерін айтып отырамын. Бұдан бөлек, құрама мүшелерінің дайындықтарын қадағалап жүремін. Мысалы, Нөсербаевқа телефон соғып: «Таңат, қалың қалай? Аяғың сыр берген жоқ па?» – деп нақты жағдайын анықтаймын. Кейде футболшылар үздіксіз ойындардан кейін қатты шаршауы мүмкін. Сондай кезде олар мен бас бапкер арасында дәнекер боламын. Футболшының жағдайын айтып, мамандармен бірге оған жаттығу кезінде түсетін күшті анықтаймыз. Бас бапкер Александр Бородюктен жаттықтырушылықтың қыр-сырына қаныға түсуді де мақсат етіп жүрмін.
— Сөз басында футболдағы біраз арманың жүзеге асқанын айттың. Орындалмай қалған арманың бар ма?
— Чемпиондар лигасының топтық турнирінде ойнай алмағаным анда-санда есіме түсіп тұрады. Бірақ бапкер ретінде сол арманыма қол жеткізуге тырысамын. Еуропада ойнап көру де – орындалмай қалған арманымның бірі. Бірақ оны қатты ойлап, ой түбіне бата берген жөн емес деп санаймын. Әр адамның маңдайына жазылған тағдыр бар. Мүмкін, еурокубоктардың топтық турнирінде ойнамау әуел бастан пешенеме жазылған болар. Енді жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып көрейін. Бапкер болудың жолы ашылып жатыр. Осы салада неге биіктерге талпынып көрмеске? Жұрт неге Моуриньюға таңдай қағады? Ертең «Нұрдәулетов деген мықты қазақ бапкері шығыпты» деп жатса, ол да нұр үстіне нұр емес пе? Енді соған талпынамын.
— Қазіргі құрамадан не күте аламыз?
— Жақсы ойын күтуге болады. Осы іріктеу кезеңінде, әрине, жолдама иеленуге мүмкіндігіміз аз. Сондықтан биыл барынша жақсы нәрселер үйреніп, келесі бәсекелерге жан-жақты дайын болуымыз керек. Құрамадағы жігіттердің бәрі жанын салып ойнайды, футбол елдің намысы екенін түсінеді. Оларда бұрынғыдай жасқану жоқ. Польшамен, Румыниямен Астана өткен кездесулерді көрдіңіздер. Алда Даниямен, Армениямен, Румыниямен, Польшамен, Черногориямен Қазақстан құрамасы жақсы ойын көрсететініне сенемін.

(«Жас Алаш» газеті, №45. 06.06.2017)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here