Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері, могулшы Юлия Галышева жаңа маусымды сәтті өткізіп келеді. 12 қаңтарда Канаданың Калгари қаласында өткен Әлем кубогының үшінші кезеңінде отандасымыз қарсыластарының бәрінен жоғары ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілді.

«Бұл алтынды ұзақ күттім. Бапкерім екеуміз алғашқы тұғырдан секіру машығын мейлінше күрделендіріп, басқалар қайталай алмайтын дәрежеге жеткіздік. Сондықтан Калгариде бәрін шаң қаптырғым келді. Сол межеге жеттім» дейді Галышева.

Бұл кезеңде ол 79,1 ұпай жинады. Негізгі қарсыласы, Пхенчхан олимпиадасының жеңімпазы Перрин Ләфон (Франция) 77,96 ұпаймен – екінші, америкалық Жайлин Кауф 76,1 ұпаймен үшінші орынға ие болды.

Бұл – Юлияның Әлем кубогы кезеңіндегі алғашқы табысы емес. Финляндияның Руко қаласында 2018 жылдың 8 желтоқсанында өткен кубоктың алғашқы кезеңінде ол Ләфонды ғана алға салып, күміс тұғырға шыққан еді. Одан кейін Тайвуда (Қытай) өткен екінші кезеңде Галышева төртінші нәтиже көрсетті. Қазір Әлем кубогының жалпы есебінде отандасымыз 190 ұпай жинап, Кауф (245 ұпай) және Ләфоннан (240) кейінгі үшінші сатыда келеді.

Әлем кубогының келесі кезеңдері АҚШ-тың – Лейк Плесид (18 қаңтар) және Канаданың Мон Тренблан (26 қаңтар) қалаларында жалғасады. Ал 30 қаңтар-10 ақпан аралығында Парк Сити (АҚШ) қаласында фристайлдан әлем чемпионаты өтеді. Галышева бұл сында да ел намысын қорғайды.

Әлем кубогының соңғы, жетінші кезеңі 3 наурызда Шымбұлақта өтеді. Бұл сында ғана емес, жалпы Әлем кубогы қорытындысында Юлия Галышева жеңіс тұғырына көтерілсе, маусымның тамаша табысы болары сөзсіз.