Англия құрамасы әлемдік доп додасына алғаш рет қатысып отырған Панама командасын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл – ағылшындардың әлем чемпионаттарындағы ең ірі жеңісі.
Сәкен СЫБАНБАЙ
«Ең ірі» деп ерекше екпін беріп отырған себебіміз – Англия, жалпы, беделді халықаралық турнирлерде ірі жеңістерге аса көп қол жеткізе бермеген. Мәселен, құрлық чемпионаттарында қарсыласын екі рет қана ойсырата ұтыпты: 1996 жылы – Голландияны (4:1) және 2004 жылы – Швейцарияны (3:0). Ал әлемдік доп додаларында осыған дейін мұндай жеңістер тек үшеу ғана еді:
1986 Польша – 3:0 топ
1986 Парагвай – 3:0 1/8 финал
2002 Дания – 3:0 1/8 финал
Енді бұған мына ең ірі жеңіс қосылды:
2018 Панама – 6:1 топ
Голдарды Джон Стоунз (8, 40-минуттарда), Харри Кейн (22-пенальтиден, 45+1-пенальтиден, 62) және Джесси Лингард (36) соқты. Панама құрамасының әлемдік доп додаларындағы тұңғыш голының авторы – Фелипе Балой (78-минут) болды. Айтпақшы, Ф.Балой – дүниежүзілік турнирлерде мергендік танытқан ең жасамыс футболшылардың қатарына енді:
Роже Милла (Камерун) 42 жас, 39 күн 1994
Гуннар Грен (Швеция) 37 жас, 236 күн 1958
Куаутемок Бланко (Мексика) 37 жас, 151 күн 2010
Фелипе Балой (Панама) 37 жас, 120 күн 2018
Ал Харри Кейн биылғы турнирдегі екінші хет-трикті жасап отыр (біріншісінің авторы – Криштиану Роналду). Сондай-ақ бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы үшінші ағылшын хет-тригі:
Джеффри Херст Англия – Германия – 4:2 (қ.у.) 30.07.1966
Гари Линекер Англия – Польша – 3:0 11.06.1986
Харри Кейн Англия – Панама – 6:1 24.06.2018
Алғашқы турда Тунис құрамасының қақпасына екі гол енгізген Х.Кейн биылғы әлем чемпионатының мергендер көшін бастады. Оның еншісінде енді 5 доп бар.
(fifa.com фотосы)