Сәкен СЫБАНБАЙ
Қазақстан футболшыларының әлем чемпионаттарындағы (іріктеу кезеңі) көрсеткіштері қандай? Еліміз тәуелсіздік алғалы ұлттық құрамамыз 6 әлемдік доп додасының іріктеу сынына қатысты: оның алғашқы екеуі – Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Азия аймағында болғанда, ал одан кейінгілері – УЕФА-ға мүше ретінде.
ФИФА аясындағы ең әйгілі де беделді турнир – әлем чемпионатының (ӘЧ) алғашқы ресми матчын отандастарымыз Алматының Орталық стадионында 1997 жылдың 11 мамырында Пәкістан құрамасына қарсы өткізді. 12 мың жанкүйер тамашалаған ойын 3:0 есебімен біздің жігіттердің жеңісімен аяқталды. Тұңғыш допты кездесудің небәрі 2-минутында шабуылшы Болат Есмағамбетов енгізді. Осы ойында Қазақстан футболшыларының әлемдік доп додаларындағы тұңғыш дублі де жасалды (Есмағамбетов есепті ірі еткен болатын). Қазақтардың мундиаль тарихындағы алғашқы ескертуін Ойрат Сәдуов алды (сол жылдың 29 маусымында, Алматыдағы Ирақпен ойында, есеп 3:1). Осы матчта біздің футболшыға (Константин Котов) тұңғыш қызыл қағаз да көрсетілді.
Содан бері ұлттық құрамамыз ӘЧ іріктеу кезеңінде 60 ойын өткізді. Оның 12-сінде жеңіске жетіп, 37-сінде ұтылған, 11 кездесуді тең аяқтаған. Ұпай жағынан ең сәтті цикл – Азия аймағында ойнаған алғашқы қос турнир. Мұны мына тізімнен оп-оңай-ақ аңғаруға болады:
Турнир О Ұ Т Ж Д/а Ұп Орын
ӘЧ-1998 12 5 3 4 22:21 18 5
ӘЧ-2002 6 4 2 0 20:2 14 2
ӘЧ-2006 12 0 1 11 6:29 1 7
ӘЧ-2010 10 2 0 8 11:29 6 5
ӘЧ-2014 10 1 2 7 6:21 5 5
ӘЧ-2018 10 0 3 7 6:26 3 6
Бәрі 60 12 11 37 71-128 — —
УЕФА-ға өте сала-ақ, көрсеткіштеріміз күрт төмендеген. Өйткені, Еуропаның кіл мықтысының ортасына топ ете түстік. «Мықты еместерінің» өзіне де шамамыз келмеді. Ірі жеңілістер көбейді. 1998 жылғы дода іріктеуінде жапон, корей және араб (БАӘ) футболшыларынан ойсырай ұтылсақ, одан кейінгі турнирде Түркиядан (2 рет) және Даниядан «таяқ жедік». Келесі іріктеуде тіптен масқарамыз шықты: Англия (2 рет) мен Хорватия секілді алыптар ғана емес, өзімізбен деңгейлес деп есептеген белорустар да 2 мәрте «аямай сабады». 2014 жылғы доданың іріктеу сынында немістерден (2 рет) және Австриядан ойсырай жеңілдік. Айтпақшы, сол жолы біздің топтың жеңімпазы (Германия) әлем чемпионы атанды.
Ал биылғы турнирдің іріктеу кезеңінде бізді Дания, Польша және Черногория (2 рет) футболшылары талқандап тастады. Бұл жолы біз тіпті бірде-бір ойында жеңіске жете алған жоқпыз!
ӘЧ тарихындағы ең ірі жеңісімізге (7:0) 1997 жылғы 11 маусымда Лахорда өткен Пәкістанмен ойында қол жеткіздік (осы ойында жан дегендегі жалғыз хет-тригімізді көрдік – Виктор Зубарев). Ал ең ірі ұтылысымыз – Алматыда 0:6 есебімен түріктерден жеңілгеніміз (08.06.2005).
Қарсылас қақпашыларын 71 рет қапы қалдырып, өз қақпамызға 128 доп жіберіп алдық. Сұрмерген (егер мынадай көрсеткішті мергендікке балауға болса, әрине) – Руслан Балтиев (6 гол). Сергей Хижниченконың еншісінде 5 доп бар. Виктор Зубарев пен Олег Литвиненко 4 доптан соққан.
(Суретте: Қазақстан құрамасы Пәкстанмен кездесу алдында)