Жолдастық кездесулер
Венгрия – Қазақстан – 2:3 (Салаи, 21, Немет, 68 – Муртазаев, 6,Зайнутдинов, 10, Сейдахмет, 39)
Болгария – Қазақстан – 2:1 (Попов, 23-пенальтиден, Бодуров, 90+4 – Тұңғышбаев, 55)
Болгариялық жаттықтырушы С.Стойлов Қазақстан құрамасының тізгінін қолға алып, алғашқы матчтарды өте сәтті өткізді. Бұл ойындардың сыртта, елден жырақта өткені де қосымша көзір болып тұр. Егер өз алаңымызда ғана шабытты ойын көрсетсек, сыртта жүніміз жығылып қалатынын қорқа күтетін едік.
Стойлов нені өзгертті?
Өткен жылы ғана А.Бородюк Қазақстан құрамасының «бары осы» дегендей, қорғанысқа қатты көңіл бөлген-ді. Алайда ресейлік жаттықтырушының көрсеткіші көңіл көншіткен жоқ. 7 кездесуде отандастарымыз небары 1 ойынды тең аяқтап, 6 кездесуде жеңілді. Қарсыластар қақпасына 4 доп соғып, өз қақпасына 18 гол жіберіп алды. Осы жылдың басында Қазақстан футбол федерациясында өзгеріс болмағанда, Бородюктің жылы орнынан кеткісі жоқ еді.
Ал Стойлов құрамаға өзі мүмкіндігін әбден білетін және болашағы зор деп есептейтін футболшыларды шақыратынын бірден байқатты. Сондықтан наурыздағы екі жолдастық кездесуде «астаналық» және «қайраттық» футболшылар қатарына басқа командалардан қос Еркебұлан (Тұңғышбаев пен Сейдахмет) және С.Хижниченко («Ордабасы») ғана қосылды. Демек, алдағы уақытта шынында да жоғары деңгейде өнер көрсете алатын футболшылар құрама есігін қаға алады. Стойловтың сөзімен айтқанда, «біреудің танысы болғаны үшін ешкім бас командаға алынбайды».
Венгриямен ойында Қазақстан құрамасы бірден шабуылға көшті. Бұл ширақтық және өктемдік 2016 жылғы Еуропа чемпионатына қатысқан команданы қатты састырды. Бірінші таймның өзінде отандастарымыз үш гол соқты. Соңғы рет алғашқы таймда мұндай жетістікке құрамамыз 2014 жылы қыркүйекте жеткен-ді. «Астана-Аренада» өткен жолдастық кездесуде Қырғызстан қақпасына алғашқы таймда үш гол енгізген-ді (қорытынды нәтиже – 7:1). Тіпті сол ойыннан бері, яғни 3,5 жыл бойы қарсыластар қақпасына 3 гол соғып тұрғанымыз осы.
Демек, Стойлов алдағы уақытта да шабуылдан бақыт іздейтін команда жасақтай бермек. Неге мұндай ойға бекіп отырмыз? Бородюктің басшылығы кезінде Қазақстан құрамасының негізгі құрамында үш орталық және екі қапталдағы қорғаушы міндетті түрде шығатын еді. Оған артқы екі жартылай қорғаушыны қоссаңыз, қақпашыны есепке алғанда, алаңдағы 8 футболшымыз тек қорғанысқа алаңдайтын. Ал Стойлов артқы шепте дәстүрлі 4 қорғаушыны қалдырып, оларға орта шепте Қуатты ғана көмекші етіп, басқа футболшының бәрін шабуылға жұмылдырды. Тіпті қорғанысқа қатты күш түскеннің өзінде, Қуат допты қорғаушыларға сырғытқанда, орталық қорғаушылар допты бір-бірімен алмаспай, бірден шабуылға асырып жатты. Сондықтан венгрлердің де, болгарлардың да екінші таймдарда бос жүгіруге тура келгенін түсінуге болады.
Стойлов кез келген жағдайға қосымша жоспар құра алатынын да аңғартты. Мысалы, Венгриямен ойында екінші таймда мажарлардың есеп теңестіруге күш салатынын сезсе де, шабуылдаушы ойыншылардың орнына қорғаушыларды шығарған жоқ. Ал Болгариямен кездесудегі екінші тайм біздің құраманың ерекше тәуекелге бара алатынын көрсетті. Хижниченконың ойыны жүрмей жатқанын бәріміз көрдік. Оны Тұңғышбаев алмастырды да, шабуылға енді Муртазаев жұмылды. Ал Тұңғышбаев оң қапталды түгелдей биледі.
Әрине, мұндай тәуекел Болгариядан гөрі деңгейі жоғары құрамаларға қарсы ойындарда қаншалық жеміс беретінін қазір шамалау қиын болар. Дегенмен Стойловтың аз ресурспен көп нәрсе жасай алатынына сеніміміз артты. Жас футболшылардың құрамаға қосылып қана қоймай, алғашқы доптарын соққаны да үміт шоғын үрлей түсті. Осы екі ойында Стойлов шәкірттері Бородюк командасының бір жылдағы голдарын (4) енгізіп үлгерді.
Болгариямен кездесуде Қазақстан құрамасы кем дегенде тең ойынға лайық еді. Бірақ сырттағы екі ойынның бірін жеңіп, бірін тең аяқтау әзірше біздің командаға «жараспайтын» болар. Дегенмен осы беттен қайтпаса, біз күткен нәтижеге құраманың жететін уақыты да алыс емес секілді…