Котдивуарлық шабуылшы Жерар Би Гуа Гоу «Қайраттан» кететінін мәлімдеді. Ол Инстаграм желісіндегі парақшасында «Қайрат» командасы мен оның басшылығына, Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіріп, өз талантын қазақ футболының игілігі үшін жұмсай алғанына мақтанатынын айтыпты.

Гоу «Қайратқа» 2014 жылдың маусым айында Ресейдің «Краснодар» командасынан ауысты. 3,5 жыл ішінде ол халықтық команданың тарихында тәуелсіздік дәуіріндегі бас мергенге айналып қана қоймай, алматылық жанкүйерлердің ыстық ықыласына да ие болды. Гоу аз уақытта бірнеше үлкен жетістікке қол жеткізді:

1. Гоу Қазақстан премьер-лигасында 103 матч өткізіп, 80 гол соқты.

2. 2015, 2016 және 2017 жылдары Қазақстан чемпионатының бас мергені атанды (22, 22, 24 гол).

3. Қатарынан 3 маусымда Қазақстан премьер-лигасында 20 голдан асыра доп соққан алғашқы футболшы болды.

4. Қазақстан кубогын — 3 рет, Суперкубогын 2 рет жеңіп алды.

5. 2014 жылы — Қазақстан премьер-лигасында қола, 2015-2017 жылдар аралығында 3 рет күміс жүлде иеленді.

6. 3,5 жыл ішінде еурокубоктарда 19 матч өткізіп, 11 гол авторы атанды. Қазақстан футболы тарихында Гоу «астаналық» Патрик Твумасиден кейін (12 гол) еурокубоктардағы екінші мерген болып тұр.

7. Қазақстан кубогында Жерар 14 матч өткізіп, 8 доп соқты.

8. 1992 жылдан бергі Қазақстан премьер-лигасы мергендерінің көшінде Гоу биыл 17-орынға (80 гол) көтерілді. Ол қазақ футболына ондаған жыл өмірін арнаған Нилтон Мендес (79 гол), Виктор Зубарев (77), Максим Низовцев (77), Павел Демян (76) сияқты сұрмергендерді артқа тастаған-ды.

9. Гоу «Қайрат» сапында барлық турнирлерде 99 гол соғып, тәуелсіздік дәуіріндегі бас мергеніне айналды. Ол бұрынғы бас мерген Әлібек Бөлешевтен 9 гол ұзап кетті.

Гоудың «Қайрат» сапындағы барлық ресми ойындардағы соққан голы — 99. 100 гол соғып, қазақ футболына еңбек сіңірген Ұ.Бақаев (123 гол), Н.Мендеспен (103 гол) бір қатарға тұру үшін Жерарға 1 гол ғана жетпей қалды. Кім білсін, 28 жастағы сұрмерген күндердің күні Қазақстанға оралатын болар. Доп домалақ қой өйткені…