Премьер-лиганың биылғы бас мергені – Ж.Гоу («Қайрат»). Котдивуарлық мерген 2015 және 2016 жылдары 22 дәл соққыдан жасап, мергендер көшінде алда болып еді. Биыл өз көрсеткішін тағы 2 голға өсірді, яғни 24 доп енгізді.

Гоу қатарынан үшінші жыл Қазақстанның бас мергені атанып отыр. Оған дейін өзбек шабуылшысы Ұлықбек Бақаев 2010-12 жылдар аралығында үш жыл бойы бас мерген атағын ешкімге бермеп еді.

Бақаевтың Гоудан бір артықшылығы бар. Ол 2004 жылы да Қазақстанның бас мергені атағын жеңіп алды. Келесі жылы Гоу нәтижелілігін төмендетпесе, Бақаевты қуып жетіп қана қоймай, ерекше нәтижеге қол жеткізеді. Яғни Қазақстан премьер-лигасында төрт жыл қатарынан бас мерген атанған әлі ешкім жоқ.

Жерар Гоу «Қайрат» сапында 2014 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол премьер-лигада – 80, ел кубогында – 8, еурокубоктарда 11 гол соқты. Бәрін қоссақ, дәл 99 гол болып тұр. Демек, келесі жылы «Қайрат» құрамында қалып, жалғыз гол соқса да Гоу қазақ футболының тарихында қалады.

Бұған дейін Қазақстан командалары сапында 100-ден асыра гол соққан легионерлер екеу-ақ: Ұ.Бақаев пен Н.Мендес. Бақаев 123 голды (чемпионат – 111, кубок – 10, еурокубок – 2) 9 жыл ішінде соқты, Мендес те 102 голына (чемпионат – 79, кубок – 14, еурокубок – 1, Азия клубтық кубоктары – 8) 9 жылын сарп етті. Гоудың басты ерекшелігі – әзірше 99 допты небары 3,5 жыл ішінде соғып отыр. Ең бастысы, ол осы голдың бәрін бір команда сапында ғана («Қайрат») соқты. Бақаев болса, 3 («Тобыл», «Жетісу», «Ертіс»), Мендес 3 команда («Ертіс», «Жеңіс», «Шахтер») құрамында мергендік танытты.