Дина Тұрарқызы Испаниядан «Statsport.kz» үшін арнайы хабарлайды:

Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің 18 кезеңінде «Astana Pro Team» шабандозы Алексей Луценко мәреге екінші келді. Негізгі топтан алға озып кеткен қазақстандық шабандоз соңғы үш шақырымда «Lotto Soudal» мүшесі Сандер Армимен егескенімен, мәреге 600 метр қалғанда қарсыласын алға жіберіп алды. Луценко бұған дейін бесінші кезеңде жеңіске жеткен болатын. Айта кету керек, «Астана» бұл жарыста үш кезеңде жеңіске жетті. Екі бірдей шабандозы — Фабио Ару мен Лопес Морено бүгінгі кезең қорытындысында үздік ондықтың қатарында.
Кезең аяқталысымен  команданың спорттық директоры Дмитрий Седун Statsport сайтының сұрақтарына жауап беріп,  кезең нәтижесіне бағасын берді.
— Бүгінгі кезең біз ойлағандай басталды. Лешаны (Алексей Луценко) алға ұзаған топтың қатарына қосамыз деген жоспарымыз жүзеге асқанын көрдіңіздер. Әрине, жеңіске мәреге бірінші келген жетеді. Бірақ тактика жағынан біз ұтылғанымыз жоқ. Үздік ондықтың қатарындағы шабандоздар туралы айтатын болсақ, айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Тек біздің  Фабио Ару тоғызыншы сатыдан сегізге көтерілді.
— Фабио Арудың шабуылы жоспарларыңызда бар ма еді? Әлде бұл шешімге жарыс барысында келдіңіздер ме?
— Соңғы тау біз ойлағаннан да ауыр болды. «Sky» пелотонның жылдамдығын шамадан тыс арттырып жіберді. Нәтижесінде пелотон бөлшектене бастады. Ал Ару оңтайлы сәтті пайдалынып, алға ұзап кетуге тырысты. Нәтижесінде сегізінші орынға көтерілді. Біз алдымен «Катюшаның» шабуылдайтынын жарысы барысынан байқадық. Бірақ олардың пелотонды тізгіндеуге шамасы жетпеді. Жылдамдық қайта азая бастады. Біз осы сәтте Арудың шабуылы дұрыс деп санадық. Ол өзін жақсы сезінді, шамасы жететіні де көрініп тұрды. Бұл жерде ең алдымен шабандоздың сол кездегі жағдайына қарай шешім қабылданды.
— Ертеңгі кезеңнің сызбасы Луценконың табиғатына келеді. Тағы бір мүмкіндікті пайданып көресіздер ма, әлде жалпы есептегі нәтижеге жұмыс істейсіздер ма?
— Ең алдымен команданың жағдайына қараймыз. Кезеңнің ауыр болғанын ескерсек, ертеңгі физикалық жағдайының бағасына қарай шешім қабылдаймыз. Қалай болғанда да бүгін біз жеңілген жоқпыз. Луценко кезеңді тамаша өткізді. Жарыс аяқталысымен статистикалық көрсеткіштерін қарады. Өзінің үш бірдей рекордын жаңалаған. Бұған дейін кезеңде тұғырға көтерілді. Сондықтан бүгінгі екінші орынды жеңіліс деп қарамаған дұрыс.
— Командада қазақстандық шабандоздардың мәртебесі шетелдіктерден кем еместігін биылғы маусым дәлелдеп бергендей. Өзіңіз шәкірттеріңіздің үш гранд-турдағы нәтижесін қалай бағалар едіңіз?
— Әлбетте, қазақстандық шабандоздардың бүгінгі деңгейі көңіл қуантады. Бұл үлкен спорт. Сондықтан өз деңгейіңді ең жоғарғы сатыға жеткізе алмасаң, кәсіби пелотондағы орның ұзаққа созылмайды. Андрей Зейц бүгінде пелотон сыйлайтын танымал шабандозға айналды. Алексей Луценкомен небір мықтыларың санасатын деңгейге жетіп келеді. Бақтияр Қожатаев та олардан қалыспайды. Никита Стальнов алғашқы көпкүндік жарысы «Вуэльтада» әлсіздер қатарынан көрінді деп айта алмаймын. Әрине, бірінші ірі додасы болғандықтан, кей кезеңдерде шаршағандығы қатты байқалды, бірақ жалпы алғанда әуелгі қадамы жаман емес. Дмитрий Груздев қай гранд-турға қоссаңыз да сенімді көмекші ретінде қарастырылады. Команда көшбасшыларының сеніміне ие болған тағы бір қазақстандық азамат сол.