Венгрия астанасы Будапешт қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты мәреге жетті. 21 алтын, 12 күміс, 13 қола, жиыны 46 медаль иеленген АҚШ құрамасы командалық есепте бірінші болды. Үздік үштікке Қытай (12+12+6=30), Ресей (11+6+8=25) құрамалары да енді. 182 ел өкілдері қатысқан сында 29 елдің спортшылары жүлде тұғырына көтерілді.
Қазақстан бұл сынға 46 спортшысын қосты. Өкінішке қарай, отандастарымыздың ешбірі жүлдеге іліне алған жоқ.
Жеке спорт түрлері бойынша қазақстандықтардың нәтижесі төмендегідей.
Жүзу
Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Будапешт бассейнінде біз күткен табысқа жете алған жоқ. Бұл олимпиададан кейінгі алғашқы ірі жарысы болғандықтан, Баландиннің бабы дәл қазір келісе қоймағанына ренжімек емеспіз. Дмитрий жаңа олимпиялық циклды енді ғана бастады. Бұл сәтте одан бірден алтын медаль күту артық болар еді.
Венгрия астанасында Баландин үш рет жарыс жолына шығып, біреуінде ғана жартылай финалға шыға алды. Демек, бұрынғы жеңіс жолына қайта түсу үшін ол енді барын салуға тиіс.
Брасс. 50 метр. Ерлер. Д.Баландин – іріктеуде 26 нәтиже. Әйелдер. Екатерина Руденко – іріктеуде 41 нәтиже.
Брасс. 100 метр. Ерлер. Д.Баландин – іріктеуде 21 нәтиже. Әйелдер. Е.Руденко – 35 нәтиже.
Брасс. 200 метр. Д.Баландин – іріктеуде 10 нәтиже, жартылай финалда – 13 нәтиже. Әділ Қасқабай – іріктеуде 34 нәтиже.
Еркін жүзу. 100 метр. Ә.Қасқабай – іріктеуде 41 нәтиже.
Баттерфляй. 50 метр. Әділбек Мусин – іріктеуде 31 нәтиже.
Баттерфляй. 100 метр. Ә.Мусин – іріктеуде 37 нәтиже.
Ашық суда жүзу
Ашық суда жүзгіштерден Виталий Худяковтың нәтижелері көңілден шықты. Ол 5 және 25 шақырым қашықтықтарда үздік ондыққа енді. Жалпы, Худяков осы әлем чемпионатында отандастарымыздың ішінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
5 шақырым. Ерлер. Виталий Худяков – 54:48.1 (9 нәтиже), Лев Черепанов – 1.02:30,8 (57). Әйелдер. Ксения Романчук – 1.02:00,3 (30), Нина Рахимова – 1.09:28,7 (54)
10 шақырым. Ерлер. В.Худяков – 1.52:30,8 (15), Кенесары Кененбаев – 2.05:14,0 (56). Әйелдер. К.Романчук – 2.11:34,4 (44)
25 шақырым. Ерлер. В.Худяков – 5.04:36,1 (7), К.Кененбаев – 5.49:57,5 (25). Әйелдер. К.Романчук – 5.45:56,70 (18)
Аралас сын. Қазақстан (Н.Рахимова, К.Романчук, К.Кененбаев, Л.Черепанов) – 18 орын.
Синхронды жүзу
Жарыстың бұл түрінен қыздарымыз екі рет финалға жолдама алды. Екатерина Немич пен Александра Немич жұптасып еркін жүзуде жартылай финалда да, финалда да 12 нәтиже көрсетті. Ал еркін комбинацияда Қазақстан құрамасы 12 команданың ішінде соңғы көрсеткішке ие болды.
Су добы
Мәдихан Махметов, Евгений Медведев, Станислав Шведов, Роман Пилипенко, Алтай Алтаев, Алексей Шмидер, Мұрат Сәкенов, Юлиан Вердеш, Рүстем Үкіманов, Михаил Рудай, Равиль Манафов, Болат Тұрлықанов, Валерий Шлемов сияқты спортшылардан жасақталған қазақстан ердер құрамасы топтық турнирде Бразилиядан – 2:6, Черногориядан 5:13 есебімен жеңіліп, Канаданы 10:9 есебімен жеңіп, плей-оффқа шықты. Бұл кезеңде Италиядан бақ асыра алмады – 7:12. Тоғызыншы орынға таласта Испаниядан жеңіліп (6:18), 11 орын үшін ойында Бразилиядан 9:5 есебімен басым түсті.
Қазақстан әйелдер құрамасы топтық турнирде Австралиядан (4:16), Грекиядан (5:19), Ресейден (6:15) жеңіліп, 13 орынға табан тіреу үшін жапон қыздарымен айдынға шықты. Алайда бұл кездесуде де отандастарымыз қайрат көрсете алмады – 8:17. 16 команданың ішінде 15 сатыға табан тіреу үшін өткен ойында ғана Қазақстан құрамасы Оңтүстік Африка ватерполшыларын 6:4 есебімен ұтты. Қазақстан құрамасы сапында Александра Жарқынбаева, Сивилья Райтер, Айжан Ақылбаева, Анна Турова, Кәмила Зәкирова, Дария Рога, Анна Новикова, Оксана Сайчук, Анастасия Еремина, Зәмира Мырзабекова, Анастасия Миршина, Әсем Мұсарова, Ажар Әлібаева өнер көрсетті.