Александр Бородюк Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Қарсы алыңыздар! Қазақстан құрамасында — жаңа бас бапкер! Александр Генрихұлы Бородюк…

Ол Қазақстан құрамасы тарихындағы он бесінші бас бапкер болып отыр. ҚФФ ресейлік маманмен 27 ақпан күні 3 жылдық келісім-шарт жасады.

Сонымен:

а) Бородюк — Қазақстан құрамасын жаттықтыратын ресейлік үшінші маман. 2003-2004 жылдары Леонид Пахомов Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде 9 матч өткізіп, 2 рет тең нәтижеге қол жеткізді, 7 рет ұтылды (доп айырмасы — 12:22). 2015-2016 жылдары Юрий Красножан біздің құрамаға Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде басшылық етіп, 17 матч өткізді (3 жеңіс, 6 тең ойын, 8 жеңіліс, доп айырмасы — 18:25). 

ә) Бородюк — Қазақстан құрамасын жаттықтыратын алтыншы шетелдік маман. Оған дейін Л.Пахомов (Ресей), А.Пайперс (Голландия), Б.Шторк (Германия), М.Беранек (Чехия), Ю.Красножан (Ресей) біздің команданың тізгінін қақты.

б) Бородюк — бұған дейін ұлттық құрамалар тізгінін толыққанды ұстап көрмеген жаттықтырушы. Ол 2002-2012 жылдар аралығында Ресей құрамасының жаттықтырушылар құрамына кіріп, В.Газзаев, Г.Ярцев, Ю.Семин, Г.Хиддинк, Д.Адвокаат сияқты мамандардың көмекшісі болды. 2005 жылдың соңы мен 2006 жылдың көктемінде А.Бородюк бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде Ресей құрамасын екі матчқа дайындады. Бұл ойындарда ресейліктер Бразилиядан ұтылып (0:1), Испаниямен тең (0:0) түсті.

в) Бородюк — іріктеу кезеңдерінің бел ортасынан Қазақстан құрамасын жаттықтыратын екінші маман. Алғашқысы — Б.Шторк. Ол 2008 жылдың қазан айында А.Пайперстің орнын басты. Ол кезде Қазақстан құрамасы 2010 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңіне жаңа кіріскен болатын. Бородюк 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Е тобында соңғы орында тұрған Қазақстан құрамасын Т.Байсуфиновтан қабылдап алды.

г) Бородюк Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде алғашқы кездесуін 22 наурыз күні Никосия қаласында Кипр құрамасымен өткізеді. Осы жолдастық матчтан кейін 26 наурызда Ереванға сапар шегіп, ӘЧІ-2018 іріктеу кезеңіндегі Армения — Қазақстан матчында басшылық жасайды.

ғ) Бородюк — қазақ футболымен таныс маман. Ол 2015 жылдың соңғы мен 2016 жылдың басында «Қайраттың» бас бапкері қызметін 5 ай атқарды. Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. Алайда чемпионат басындағы алғашқы 3 ойынды сәтсіз өткізген соң, өз еркімен қызметтен кетті. Содан бері ол ешқандай ресми қызметте болған жоқ.

д) Бородюк — ҚФФ-ның жаңа президенті С.Байшақов қызметіне келгелі тағайындаған екінші құрама бапкері. Биылғы жыл басында Қазақстан жастар құрамасының басшысы болып Владимир Никитенко белгіленген еді.