Қазақстандық велошабандоз Мақсат Аязбаевпен сұхбат

Дина Тұрарқызы

— Мақсат, былтыр қазан айында «Алматы турында» кездескенімізде омыртқа жарығын емдеп жүргеніңді айтқан едің. Қазір денсаулығың қалай?
— Емделдім, қазір жақсымын. Алматы турынан кейін «Астана» сапында Хайнан турын жүріп өттім. Одан кейін бір ай демалыста Қытайдың командасымен келісім-шартқа отырып, сол жаққа кеттім. Желтоқсанда жаңа командамен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл команда құрылғанына бірінші жыл болғандықтан жарыстары көп емес.
— «Астанадан» неге кеттің?
— Біріншіден, келісім-шарт мерзімі аяқталды. Екіншіден, 2015 жылдың соңында Испанияның Кальпе қаласында өткен оқу-жаттығу жиыны барысында төмен құлдилап келе жатып қатты құладым. Екі ай аяқ басып жүрмек түгілі, отыру мүмкін болмады. Қалпына келу уақыты ұзаққа созылды. Кейін велосипедке бір сағаттай отыруға рұқсат берді. Барлығына 4 айға жуық уақыт кетті. Жарыстарға қатысуды бастағаныммен, маусым басындағы жоспардағы жарыстардың басым көпшілігін өткізіп алдым. Сондықтан өз бабыма келуім, команда ішінде нәтиже көрсеткішім төмендеп кетті.
— «Астана» кәсіпқой командасында велосипед тептің, біраз мықтымен иық тіресе  жүріп атышулы жарыстарға қатыстың. Тәжірибе молынан болған шығар?
— Әрине, кәсіпқой команданың мүшесі болу міндетті түрде көп тәжірибе береді. Ішетін тамағың, киетін киімің, суықтан қорғану, ауырып қалмау, ұйықтайтын уақытың, жаттығу жасайтын кестең — барлығына мұқият боласың. Жарыстардың да деңгейі бөлек. Мысалы, мен «Париж-Рубэні», «Фландрия турын» жүріп өттім. «Астана контидегі» бәсекелермен салыстырғанда жарыстың қашықтығы айтарлықтай ұлғайды. Жылдамдық тіпті бөлек. Жарыс жолының ұзындығы, мысалы, 230 шақырым болса, 200 шақырым жүріп өткен пелотон велосипедке жаңа отырғандай қарқынды күшейте түседі. Ұзақ жол жүріп келе жатқандары мүлдем байқалмайды.
— Жаңа командаң жайлы айтсаң.
— Бұл — Қытайда ашылған жаңа кәсіпқой велокоманда. «Keyi Iook» деп аталады. Қытайда команда жаңа болғандықтан, жарыстарға аз шақырады. Дегенмен тәуекел деп бастадық. Мені капитан ретінде шақырды. Өзіммен бірге төрт жерлесімді капитан көмекшісі ретінде алдым.
— «Тур де Франсты» қадағалап жүрген боларсың. Биыл «Турға» төрт бірдей қазақстандық шабандоз қатысты. Әріптестеріңнің нәтижесін қалай бағалайсың?
— Қазақстандық шабандоздардың әлеуеті зор екенін 19 кезең жақсы көрсетті. Қаншама шабандоздың ішінен Алексей Луценко, Бақтияр Қожатаев суырылып шығып, алдыңғы топта болды. Аяқ жағында Лешаның қалай жүргенін көрдіңіздер. Сондықтан «Тур де Франс» сияқты мәртебелі жарыстарда төрт бірдей жерлесімнің бой көрсеткені бекер емес.. Мысалы, Бақтияр қазір 25 жаста. Велоспорт үшін өте жас. Болашағы алда. Біздің жігіттер әлі көрсетеді өздерін. Сену керек. Басшылық тарапынан, жанкүйерлерден сенім болса. Ресейдің командасындағы шабандоздар — кеше бізбен жүрген спортшылар. Александр Фолифоров былтыр «Джиро д’Италияның» бір кезеңін ұтты. Бақтияр да, Леша да әлі танылады. Өзіміздің шабандоздарға қолдау жақсы, бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Федерацияға Дархан Аманұлы келгелі қазақ велошабандоздарына қолдау күшейді. Біздің «Астана» сапында жүруіміздің, қазақстандық шабандоздардың үлесінің көбеюі ең алдымен басшылық жұмысының нәтижесі деп білемін. Сондықтан «Турда» өзіміздің спортшылардың көрінгені мықты мектеп болды достарыма. Мұндайды кезінде тек армандаушы едік.


— Алдағы жоспарларың қандай? Алматыдағы жаттығуларың қанша уақытқа есептелген?
— Осы айдың аяғында Қытайға жол жүремін. Бірақ дәл қазіргі уақытта денсаулығымды қалыпқа келтіруді көп ойлап жүрмін. Жаттығуларымды қатар алып жүрсем, көп ұзамай «Астана» сапына оралмасам да, Еуропаның бір командасында бағымды тағы бір сынап көргім келеді. Салмақ тастау үшін бұлшық еттің қалыпқа келуіне аса мән бермедім, содан нәтижесі омыртқама әсер етті. Алла қарасып, Италияда жақсы дәрігерлер кездесті. Маған ота жасау керек деген. Бірақ Италияда «егер велоспортпен әрі қарай айналысамын десең, отадан бас тарт, емделіп кетуің ауыр әрі ұзақ болады, шыдайтын болсаң емді бастайық» деді. Емнен кейін арқа бұлшық еттеріне бағытталған жаттығулар жасадым. Бір-екі жыл Қытайдың командасында болғаным дұрыс деп санаймын. Қалыпқа келсем, әрі қарай қозғаламын. Велоспорттан уақытша қол үзген сәттерімді бос өткізбедім. Қазір ағылшын тілін меңгеріп алдым, еркін сөйлеймін. Итальян тілін ептеп білемін. Қазір тіл білсең жолың ашық, сондықтан Еуропа жарыстарына оралатыныма сенемін.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here