Испания кубогының 1/8 финалындағы қарымта матчта «Барселона» командасының шабуылшысы Лионель Месси «Атлетик» қақпасына айып соққысын тура соғып, өз командасын келесі кезеңге шығарды (3:1). Бұл — аргентиналық сиқыршының қатарынан үш матчтағы тура айып соққысы болатын.

Одан бөлек, Месси «Барселона» сапында 26 тура айып соққысын қақпаға енгізіп, Рональд Куманның рекордын қайталады.

— Құттықтаймын, Лео! Айып соққысынан тура енгізген 26-добыңмен! Жаңа рекордқа бір ғана гол қалды, — деп жазды Куман өзінің Туиттердегі парақшасында. 

Лионель Месси «Барселонаның» негізгі құрамында 2003 жылдан бері ойнап келеді. Содан бері ол 553 ресми матчта 478 гол соқты.