24 қазан күні даңқты волейболшы Жанбек Сауранбаев 77 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ардагер спортшымен көзі тірісінде жасаған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
Ол кісінің есімі еліміздің спорт тарихында құрметпен аталады. Түрлі себептер болмаса, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы да сол кісі болар еді. Волейболдан әлем кубогының иегері, универсиаданың, Еуропаның, КСРО-ның чемпионы, Еуропа чемпиондар кубогының екі дүркін жеңімпазы Жанбек Сауранбаев қазір Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі. Алғашқы сұхбатымызға Жәкеңді шақыра отырып, әлем волейболында ерекше із қалдырған «Буревестник» командасы жайлы көбірек сұрастырдық.
«Мен өз командамды тастап кете алмадым»
– Жанбек аға, кезінде КСРО ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының бірі бола тұра, олимпиадаға қатыса алмауыңыздың себебі неде? Сіздің спорттық жетістіктеріңіздің ішінде олимпиада жүлдесінің ғана орны олқы… Оның үстіне, Токио олимпиадасына барсаңыз, сіз қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атанып қайтар едіңіз.
– Оның себебі бар. Токио олимпиадасы өтетін жылы мен КСРО құрамасының сапында барлық жиынға қатыстым. Бірақ… Дәл сол кезде мені ЦСКА клубы шақырды. Қабырғаммен кеңесіп, мың ойланып, онда бармайтын болып шештім. Содан кейін мені құрамадан шығарып тастады. Кейінірек сол құрама олимпиадада топ жарды.
– Қалай ойлайсыз, ЦСКА шақырғанда бару керек пе еді?
– Өмірде өзің ешқашан айнымауға тиіс адамгершілік принциптер деген болады. Мен өзімді тәрбиелеген, үлкен деңгейге көтерген ұжымды тастап кете алмадым. Ол біздің «Буревестнигіміздің» аты жаңа шыға бастаған кез болатын. Біз үлкен жеңістердің алда екенін сездік және соған ұмтылдық та. Сосын бапкерлер жеке атағы үшін, мысалы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алу үшін де құрамаға өз шәкірттерін тықпалайтын заман еді ол. Жасыратын не бар, көбінесе ресейлік ойыншылар құрамаға шақырылатын. Сол олимпиадаға бапкерлер қалауымен қатысқан үш бірдей ойыншы олимпиададан кейін құрамададан мүлде шеттетілді, ал мен тағы төрт жыл ойнадым.
– Олимпиадаға бармай қалғаныңыз үшін кейін өкіндіңіз бе?
– Әрине, олимпиада қай-қай спортшы үшін де ең биік шың ғой, бірақ мен сонда өз командамды тастап кетпегенімді күні бүгін де дұрыс шешім деп есептеймін.
– Сіздің командаластарыңыз Валерий Кравченко мен Олег Антропов олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды…
– Менің ойымша, сол кезде Кеңес Одағы бойынша В. Кравченкоға жететін ойыншы жоқ болатын. Оның соққысы өте күшті еді, допты да әдемі тосатын. Тосқауыл қоюда да оған ешкім тең келмеуші еді. Бекер адам бір емес, екі рет әлемнің ең үздік волейболшысы болып танылмайды ғой. О.Антропов та мықты ойыншы болды.
Алаңда дауыл тұрғызған «Буревестник»
– «Буревестникке» жиналған кіл мықты жігіттерді көнекөз жанкүйерлер сағына еске алады. Бұл команда қалай құрылды өзі?
– «Буревестникті» құрып, одақтық, халықаралық деңгейге жетелеген – Октябрь Жарылғапов. Ол кісі өз ойын тәсілі бар, ешбір командаға ұқсамайтын, ешбір команданың өрнегін қайталамайтын команда құруды ойлады. Арада 40 жылға жуық уақыт өтті ғой, мен қазір де ойланып отырып, Октябрь Қыдырбайұлының талантты таңдаудағы талғамына таң қаламын. Ол әрбір ойыншының көзге көрінбейтін, көңілмен ғана түйсінуге болатын дарынын дәл аңғара білді. Әйтпесе, «Буревестникке» келген әр ойыншы әр түрлі болатын, бір-біріне мүлде ұқсамайтын. Бірақ біз алаңда жұмылған жұдырықтай қимылдайтынбыз. Бапкеріміздің бастамасымен біз алғаш аптасына үш рет, сосын төрт, алты, сегіз, он рет жаттығатын болдық. Ол кезде ешкім мұндай жаттығу әдісін қолданбайтын. Октябрь Қыдырбайұлы уақытынан озып туған жан еді. Ол кісінің тұсында «Буревестникте» қазақ балалары көп болды. Жәркешев, Мәденов, Махмұтов, Сауранбаев, Иманғалиев, қырғыз Ахунов… О.Жарылғапов жастығына қарамай, біздің қамқор әкеміздей еді. Өз арамызда «папа» дейтінбіз. Шынында да, жылдар өткен сайын «Буревестниктің» атына заты сай бола бастады. Біз 1967 жылы КСРО біріншілігінде қола жүлдегер атандық, бір жылдан кейін күміс жүлдеге қол жеткіздік. Біз сол 1968 жылы жылы-ақ чемпион атанар едік. Олимпиадаға біздің Кравченко мен Антроповты шақырту арқылы Мәскеу жақ әдейі бізді әлсіретті деп ойлаймын қазір. Өйткені соңғы тур алдында біз алты ойында қатар жеңіске жетіп, өзге командалардан қозыкөш жерге ұзап кеткенбіз. Команданың шабуыл шебіндегі шешуші екі ойыншы кеткен соң, соңғы турдағы сырт алаңдарда өткізген алты ойында да ұтылдық та, екінші орынға түсіп қалдық. Бірақ 1969 жылы оның есесін қайырдық, тұңғыш рет КСРО чемпионы атағын жеңіп алдық. Сол жылы Октябрь Жарылғапов дүниеден озды. Бұл кезде ол кісі спорт және туризм министрінің орынбасары болып қызмет істейтін. Оның бастаған ісін шәкірттері, алдымен Марат Мәденов, бір жылдан кейін Заңғар Жәркешев жалғастырып әкетті.
– Сол кезде мәскеулік, басқа да клубтарға шақырулар көп болған шығар?
– Әрбір команда «Буревестниктің» ойыншыларын өз қатарынан көргісі келгені жасырын емес. Ең бастысы, «буревестниктіктердің» бәрі дерлік Алматының өз төлдері еді. Гончаров, Портной, Щербаков, Кормоновский, Рогозин, ағайынды Шапрандар. Арамызда Кравченко ғана «бөтен» болатын. Оны Октябрь аға КСРО халықтарының спартакиадасында тәжік командасының құрамынан көріп қалыпты. Сол жолы тәжік командасы қарсыластарының көбінен ұтылғанына қарамастан, О. Қыдырбайұлы командаластарынан ерекшеленген Кравченконы командаға алуға бел буды. Ол «шикі» баланы өсірді, көтерді, сенім білдірді. Нәтижесі қандай!
«Біздің ел Еуропаға да кіретінін дәлелдедім»
– «Буревестниктің» ерекше жетістігі – Еуропа чемпиондар кубогын қатарынан екі рет ұтып алуы. Қазір сол жеңісті күндерді сағынасыз ба?
– Ең алдымен сол чемпиондар кубогына қатысуға қалай мүмкіндік алғанымызды айтайын. 1969 жылы біз КСРО біріншілігін өзгелерден қара үзіп озып ұттық. Ел чемпионы енді Еуропаның чемпиондар кубогына қатысуға тиіс. Бірақ КСРО спорт комитеті бұл жолы да бізді аяқтан шалмақ болды. Қазақстан территориясының Азияда жатқанын көлденең тартып, бізді Азия клубтық сындарына жөнелтуді ойластырды. Бірақ біз де қаражаяу емес едік. Менің әкем Нығмет Сауранбаев – кезінде Қаныш Сәтбаевпен бірге Ғылым академиясын құруға атсалысқан адам. Үйде бай кітапханасы болатын. Мен сол кітапханадағы кітаптарды түгел оқып тауысқанмын. Біздің еурокубокқа қатысуымызға қарсы болғандарға Қазақстан территориясының бір бөлігі, нақты айтқанда Орал облысының біраз жері Еуропаға кіретінін мысалға келтірдім. Сөйтіп чемпиондар кубогына жол ашылды. Біз Еуропа чемпиондар кубогын екі жыл қатарынан – 1970 және 1971 жылдары ұтып алдық.
– Чемпиондар кубогының есте қалған қандай нұрлы естелігі бар?
– Қазір менің есіме сол екі жыл жарыстағы мына үш оқиға жиі оралады. Чемпиондар кубогына алғаш қатысқан жылы бізге сол кезде негізін әлем чемпионы ГДР құрамасының ойыншылары құрайтын Дрезденнің «Динамосы» тап келді. Оның бес ойыншысы ГДР құрамасының негізгі құрамында ойнайтын. Осы әлем чемпиондарын біз 45-ақ минутта 3:0 есебімен таза жеңдік. Ол уақытта бұл сенсацияның көкесі болды. Ешкім білмейтін жігіттер келеді де, әлем чемпиондарының тас-талқанын шығарады. Керемет емес пе?!
Венгрияның «Вашаш» деп аталатын ортанқол командасымен кездесу де жадымда. Алматыда оны таза ұттық. Сырт алаңдағы қарымта ойынға бардық, жаттығуға бір зауыттың ескі залын берді. Кездесуде біз тұсалдық та қалдық. Ойын жоқ мүлде. «Вашаштың» құрамында Бузик деген еңгезердей волейболшы бар еді, жалғыз өзі-ақ қырып барады. Ол допты тіке тастап-ақ біраз ұпай жинады. Екі партия қатар ұтылдық. Үшіншіде де ұтылып жатырмыз. Осы кезде жаттықтырушымыз Заңғар Жәркешев партиялардағы доп айырмашылығын санай бастады. Алматыда еңсере жеңгеніміздің пайдасы тиді. Зәкең бізге екі ұпай алсақ бәрі шешілетінін айтып үлгерді. Біз ол ұпайларды дереу жинай қойдық. Осыған дейін тастүйін ойнап жатқан «Вашаш» та, біз де бірден босаңсып сала бердік. Мажарлар қанша тырысса да жеңе алмайтынын білді, біз жеңістің уысымыздан енді сусымайтынын аңғардық…
1971 жылғы чемпиондар кубогының финалында да осындай шешуші сәт болды. Брюссельде Чехословакияның «Збрайовка Зетор» командасымен алаңға шықтық. Төрт партияда бір-бірімізді ала алмадық. Есеп – 2:2. Жәркешев мені үшінші партияның ортасына таяу ауыстырып тастады. Булығып, ызаланып, ренжіп те отырмын. Шешуші партия басталды. Бірден үш ұпай беріп қойдық. Жігіттердің қимылынан береке кетті. Осы кезде Жәркешев мені ойынға қайта қосты. Қарсыластар доп тастады. Біздің жігіттердің бірі сәтсіз қабылдады да, доп ауаға көтерілген сәтте «Зетордың» ойыншысы сол қолмен қатты ұрды. Егер осы допты ала алмасақ, біздің сынып кетуіміз мүмкін еді. Мен, қалай екенін өзім де білмеймін, сол соққыны көтердім. Осы қимылым командаға дем берді. Одан әрі қарсыласымызға соқыр ұпай ұстатпай, 15:3 есебімен ұтып шықтық.
– Жеңімпаздарға ел ықыласы да ерекше болған-ау…
– Біз ойнайтын күні Балуан Шолақ сарайының алдындағы кезек Масаншы көшесіне дейін жететін. Чемпиондар кубогын әкелгенімізде, 5 мың адамдық шағын алаңға жұрт сыймай кетті, тіпті бірінің үстіне бірі мінді. Бірақ Мәскеу тағы білгенін істеді. Чемпиондар кубогының жеңімпазы келесі жылы жарысқа конкурстан тыс қатысуға тиіс. Бірақ КСРО спорт комитеті біздің ел біріншілігінде сәтсіз ойнағанымызды көлденең тартып, орнымызға ЦСКА-ны қосты. ЦСКА бес-алты жыл қою шаң арасында жүргеннен басқа түк бітірген жоқ. «Буревестник» КСРО бойынша халықаралық кубокты ұтып алған тұңғыш команда болды.
«Екінші «Буревестник» бола ма? Әй, қайдам…»
– «Буревестниктің» жігіттері қазір ойнаған болса, сонша табысқа жете алар ма еді?
– Қазіргі волейбол біздің кезіміздегіден мүлде өзгеше. Қазір шабуылға көп үстемдік беріліп кеткен. «Буревестниктіктер» ойынды ұйымдастыру, көркемдік, ойынды ақылмен ойнау жағынан, сөз жоқ, алда болар еді.
– Көркемдік деп қалдыңыз. Қазір Халықаралық волейбол федерациясы ойын көркемдігін арттыру үшін ережені көп өзгертіп жатыр емес пе?
– Бүгінгі волейбол волейбол емес, теннис. Бір қатеңнің құны бір ұпай. Біз өзіміз ұпай алу үшін бір тактика ойластыратынбыз да, қарсыластың добын жоғалту үшін бір тактика ойлайтынбыз. Қазір өйтуге мүмкіндік жоқ. Сосын волейбол бойшаң адамдардың ойыны болып кетті. Біздің кезімізде бойы екі метрден сәл асатын Бузикті алып санайтынбыз. Сосын волейболды теледидардан көрсету үшін де халықаралық федерация ережені көп өзгертті. Бұдан волейбол ұтылмаса, ұта қойған жоқ.
– Қазір елімізде «Буревестниктей» команда болуы мүмкін бе?
– Мүмкін емес деп ойлаймын. Біз қажет кезде мықты бапкердің қол астына қажет адамдар жиналған команда едік. Миссиямызды адал атқардық. Екінші «Буревестник» болуы үшін… көп еңбек керек. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын таланттарды тани білу керек.
– Қазақстан волейболының беталысына көңіліңіз тола ма?
– Осыдан бес-алты жыл бұрын үмітсіздік басым еді. Қазір командалар легионерлер арқылы алға басып келеді. Бұл – белгілі бір мезгілде елде волейболды өрістету үшін аса қажет қадам. Кезінде Италия да, Голландия да сондай қадам жасаған. Бірақ бірте-бірте мықтыларды өз бесігімізде тәрбиелемей болмайды.
«Добымды Шаяхметов тартып алды»
– Үлкен спортқа қалай келгеніңізді еске түсіріңізші.
– 1953 жылы біз отбасымызбен демалыс үйінде демалдық. Ол кезде былғары доп өте қат еді, тіпті мүлде жоқ болатын. Анам Мария Иосифқызы былғары сатып алып, етікшіге доп тіктірді. Біз тор тауып алып құрып, күн сайын ойнайтын болдық. Бір күні біз ойнап жатқан алаңға Қазақстан компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Жұмабек Шаяхметов келе қалды. Қасында күзеті бар. Олар бір команда болды, біз бір команда болып, ойнап кеттік. Хатшының командасы жеңіліп қалды. Шаяхметов қатты ренжіді, тіпті анам тіктірген добымызды да алып кетті.
Мектепте волейболмен шындап айналыса бастадым. Сыныптас досым Геннадий Паршин екеуміз күнұзақ алаңнан шықпайтынбыз. Кейінірек Гена мені С.Киров атындағы зауыттың командасына алып барды. 1956 жылы мені Қазақстан мектеп оқушыларының құрамасына шақырды. Оның құрамында тұңғыш рет алаңға Ригада шықтым. Одан әрі жоғарыда айтқан мал дәрігерлігі институтының командасы, сосын шеберлер командасы…
(«Жас қазақ», №1. 07.01.2005)