«Астана» командасының және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов Ресейдің «Ростов» командасына ауысты. Ол жаңа ұжым сапында Түркияда «Атыраумен» жолдастық кездесуге қатысып, алғашқы жеңісін (1:0) атап өтіп те үлгерді.

Зайнутдинов қазақ футболына небары екі жылдан бері ғана таныс. 2017 жылы ол өзін түлеткен «Тараз» сапында өте нәтижелі өнер көрсетті. 19 жастағы футболшы жеті доп соғып қана қоймай, соңғы турларға дейін туған командасының премьер-лигада қалуына барын салды. Тіпті ол «Атырау», «Шахтер» командаларының қақпасына дубль жасады, «Атыраумен» кездесуде бұрыштамадан тікелей соққымен доп соқты. Сөйтіп, маусым соңында «Жылдың үздік жас ойыншысы» атанды.

Алайда «Тараз» бұрынғы қарыздарының кесірінен алты ұпайынан айырылып, І лигаға құлдырап кетті. Талантты Бақтиярды чемпион «Астана» қатарына тартты. Елордада өткізген бір жыл ішінде Зайнутдинов:

а) Қазақстан чемпионы атанды;

ә) ұлттық құрама сапына алынып, алғашқы кездесуінде-ақ мергендік танытты;

б) Қазақстан премьер-лигасындағы тұңғыш хет-тригін («Ертіс» қақпасына) жасады;

в) еурокубоктарға қатысып, Францияның «Ренн» командасының қақпасына жеңіс добын енгізді;

г) ұлттық құрама сапында Ұлттар лигасына қатысып, негізгі құрам ойыншысына айналды, Латвия қақпасына доп соқты;

ғ) «Астана» сапында сол қапталдағы қорғаушыдан бастап, шабуылшыға дейінгі шептердің бәрінде ойнап шықты;

д) маусым қорытындысында 9 гол авторы (премьер-лига – 5, ұлттық құрама – 3, еурокубок – 1) атанып, бір жыл бұрынғы көрсеткішін екі допқа жаңартты.

Жыл басында ол «Астанадан» өзінің келісімшартын сатып алып, Ресейдің басты лигасына кетуге тәуекел еткені белгілі болды.

«Ростов» қазақстандық футболшылар үшін жұмбақ команда емес. Бұл ұжымда әр жылдары Самат Сымақов, Андрей Карпович, Рафаэль Оразбахтин, Михаил Рожков, Стас Покатилов сияқты отандастарымыз өнер көрсетті. Қазір Қазақстан футболының түлегі Александр Зуев те осы команданың намысын қорғайды. Демек, сәуірде 21 жасқа толатын Зайнутдинов сүрлеуге айналған жолда адаса қоймайтын сияқты.

Бақтияр бұл командада шабуылды ұйымдастырушы немесе қапталдағы шабуылшы міндетін атқаруы мүмкін. Осы шептерде негізгі құрамда ойнайтын Аяз Гулиев жақында «Спартакқа» ауысты. Отандасымыз оның орнын баса қойса, тіпті жақсы.

Соңғы жылдары біздің футболшылар шетелдік клубтарға көп кетіп жатқан жоқ. Еркебұлан Сейдахмет 2018 жылдың басында «Уфаға» (Башқұртстан) ауысқанмен, жиі жарақаттанып, оның үстіне, бапкер ауысқасын да орнын табыңқырамай, әлі де көлеңкеде қалып отыр. Енді Ресей премьер-лигасында тараздық қос ұланның ерлік жасайтын кезі жеткен секілді.

Қазақстан футболының өзі ішіндегі ауыс-түйістер де аз емес. «Оқжетпес» командасының тізгінін ұстаған Андрей Карпович құрамға Давид Лория, Илья Калинин, Жасұлан Молдақараев сияқты танымал футболшыларды шақырды. «Ордабасы» командасына «Астананың» бұрынғы президенті Саян Хамитжанов кеңесші болып бара салып, Дмитрий Непогодов, Марат Быстров, Алексей Щеткин сияқты ойыншыларды оңтүстікке тартты. Шабуылшы Таңат Нөсербаев «Ордабасымен» келісімшартты үзіп, жаңа команда іздестіріп жатыр.