Қазақстан премьер-лигасы. 18 тур
14 шілде
«Ақтөбе» — «Атырау» — 5:1 (Көкеев, 27, Радин, 60, 82, Пизелли, 65, 79)
«Ақтөбе» командасының жартылай қорғаушысы Маркос Пизелли 7 кездесуде қатарынан гол соғып келеді. Енді 19 турда сырт алаңда «Жетісу» қақпасын таңбалайтын болса, Пизелли «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Жерар Гоудың рекордын қайталайды.
Котдивуарлық шабуылшы Жерар Гоу 2016 жылы 8 матчта қатар гол соғып, Қазақстан премьер-лигасындағы ең ұзақ гол сериясының рекордын жасаған-ды. Гоу 21 мамырдағы «Қайрат» — «Оқжетпес» (6:0) матчында көкшетаулықтар қақпасын 2 рет дәл көздеді. Одан ары «Ақжайық», «Атырау», «Шахтер», «Ордабасы», «Ақтөбе» (2 гол), «Астана», «Жетісу» командаларының қақпа кілтін дәл тапты. Оның гол сериясы 3 шілдеге дейін жалғасты.
Пизелли осы рекорды қайталау үшін келесі ойында 1 гол соқса жетіп жатыр. Бразилиялық-армениялық мергеннің биылғы сериясы 27 мамыр күні «Ақтөбе» — «Ертіс» (1:1) кездесуінде басталған еді. Содан бері 12-18 турлар аралығында Маркос «Қайрат», «Ордабасы», «Тобыл», «Шахтер», «Қызылжар», «Атырау» командаларының қақпасын дәл көздеді.
Дегенмен қазірдің өзінде Пизелли – үлкен рекорд иесі. Ол осы 7 кездесуде 12 гол соқты. 2016 жылы 8 матчта үздіксіз гол тоғытқанда, Гоу «небары» 10 гол соққан еді. Оның көрсеткішін Пизелли өткен турда қайталады да, 18 турда екі допқа көбейтті. Осы серия кезінде М.Пизелли 3 дубль, 1 хет-трик жасады.
Гоу рекорды жайлы материалды мына сілтемеден оқи аласыздар.
А.Сисенбиннің фотосы (fc-aktobe.kz)