Серік ҚАНТАЙ

Волейболдан қыздар арасында Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан Азия клубтық чемпионатының бірінші күні тәмам. «Алтай» өз қатысқан үш чемпионатта да бірінші ойынды жеңіспен бастау дәстүрін бұзған жоқ.

«В» тобы.
«АЛТАЙ» (Өскемен) — «Пайкан» (Иран) – 3:0 (25:18, 25:16, 25:17 – 75:51).

Команда капитаны Сана Анарқұлова: «Бүгінгі ойын аса көңілімізден шықпады. Қай команда үшін өз алаңында ойнау – үлкен сын. Қобалжу, әр түрлі эмоциялар болады. Келесі ойынды жинақы әрі сауатты өткіземіз».

* Бұл – жалпы «Алтайдың» Азия клубтық чемпионатындағы сегізінші жеңісі. Ал 3:0 есебімен алтыншы ойынды аяқтап отыр.

* Алматының «Рахатымен», жеті дүркін ел чемпионы талдықорғанның «Жетісуымен», енді «Алтаймен» Азия клубтық чемпионатына қатысып жатқан сақа ойыншы – Коринна Ишимцева.

* Биыл «Алтай» бір шептің өзіне үш ойыншыдан жарысқа қосты. Былтыр жапонияның «Хисамицу Спрингс» командасымен болған кездесуде Коринна Ишимцева жарақат алып, чемпионатты Бояна Радулович бір шепте жалғыз аяқтаған. Биыл байланыстырушылар – үшеу. Олар: Коринна Ишимцева, Наталья Акилова және Ботагөз Сәрсенбаева. Бұл жүріс – нәтижесін берді.
«Пайканмен» болған кездесудің екінші сетінде орталық тосқауыл қоюшы, Азия клубтық чемпионатына арнайы «Ертіс- ҚазХромнан» (Павлодар) келген 32 жастағы Алла Богдашкина өзі соққы жасап, жерге түскен сәтте сол аяғын дұрыс қоймай жарақат алды. Ал былтыр Ишимцева қатарға қосылу үшін сегіз ай алаңға шықпаған еді. «Алтай» қызметкерлері бүгін арнайы дәрігерлік тексерістен өткізіп, қорытындысын айтпақ. Богдашкинаның нүктесінен «Алтайдың» өз ойыншылары, яғни Наталья Шаршакова мен Кристина Аниконова ойнайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here