Күні кеше Аргентина құрамасы Нигерияны 2:1 есебімен зорға жеңіп, әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды. Матч тағдыры соңғы он минутта ғана шешілді: орталық қорғаушы Маркус Рохо айып алаңының дәл ортасында пас алып, шаужайына оралған Виктор Мозесті кісі ғұрлы көрмей, жеңіс голын соқты.

Әрине, Африка іріктеуінен озып шықса да, әлі де тәжірибесіз саналатын Нигерия құрамасын плей-оффқа лайық емес деп ешкім айтпас еді. Бірақ әлемнің вице-чемпионы Аргентина осы жолы топтан шыға алмаса… ең алдымен Мессидің ұлы футболшы екеніне шәк келтірушілер көбейер еді. Тым көбейіп кетер еді…

Шынын айту керек, қазіргі Аргентина құрамасы футболдың Олимпін бағындыратын командаға ұқсамайды. Латын Америкасындағы іріктеу турнирінен Хорхе Сампаолидің командасы әупірімдеп әзер өтті. Соңғы турда ғана тікелей жолдамаға қол жеткізді. Ресейдегі финалдық турнирде де Месси және оның командасы кібіртік қадамнан аса алмай жатыр. Хорватиядан 0:3 есебімен жеңіліп, бұл команда ортақол ұжымның біріне айналып кеткенін өзі дәлелдеп берді.

Ал Месси ше?

Ресей-2018 додасы басталмай жатып-ақ ақпарат құралдары қазіргі футбол данышпаны туралы сан саққа жүгірте әңгіме айта бастады. «Бас бапкер Сампаоли Мессимен кеңесіп, негізгі құрам мен ойын тактикасын анықтап алады екен» деген бір сөз шықты. Мұндай әңгіме соңғы жылдары Аргентина құрамасының тізгінін кім ұстаса да айтылатын болды. Херардо Мартино да, Эдгардо Бауса да осы тектес жел сөзден қашып құтыла алған жоқ. Бірақ соңғы жылдары «альбиселеста» бағындырған биік – кіл күміс жүлделер ғана. 2014 жылғы мундиальдің күмісі, Америка кубогының қос күмісі (2015, 2016)… Бір қарағанда, қай-қай бапкер де Месси сияқты данышпанды командалық ойынның керекті тұсына кіріктіре алса болғаны, шыдайтын қарсылас болмауы мүмкін еді. Іс жүзінде бәрі басқаша. 2014 жылы да Месси бастаған аргентиналықтар аса жарқын, есте қаларлық ойын көрсеткен жоқ. Биылғысы мынау.

«А сериясының бас мергені Мауро Икардиді әлем чемпионатына баратын футболшылар тізіміне қоспауды Месси шешті» деген бір қаңқу сөз де желдей есті. Икарди бұған дейін де құрамада жарытып ойнаған жоқ еді. Мәселенің бәрін Месси мен Макси Лопестің достығына әкеп тірегендердің қарасы көп. «Икарди Макси Лопестің сүйген жарын айнытып, өзіне қаратып алды» деп шөп басын қимылдатып, ақыры осы сөзге өздері сеніп қалғандар да аз болмады. Бірақ Икарди шынында да «альбиселестаға» қажет пе еді? Мессиден бөлек, Гонсало Игуаин, Серхио Агуеро, Пауло Дибала сияқты мергендер тұрғанда, құрамада небары 3 ойын өткізген Икарди айды аспанға шығара алар ма еді?

Не болса да, Ресейдегі додаға Аргентина шаршап жетті. Әуелі Исландиямен тең ойнады. Бірте-бірте тынысы ашылуын күткенмен, хорваттардан оңбай жеңілген соң, Сампаолиді кінәлі санаушылар көбейді. Тіпті Хорватиямен кездесуден кейін бапкер қызметінен бейресми шеттетілгені, шешімнің бәрін Месси қабылдайтыны туралы сөз тағы құлақ ауыртты. Нигериямен ойында түрлі өсек расталғандай көрініп, қателескен қақпашы Пабло Кабальеро құрамада жалғыз ойын да өткізбеген Арманиге орнын босатты, мерген Агуеро қосалқы құрамнан ғана көрінді. Сампаоли алаң жиегінде жанұшырып, енді болмаса алаңға өзі шығып кететіндей ентелегенмен, бір ғана сәт оның қолынан билік кеткенін айғақтағандай болды. 80 минутқа қарай Сампаоли қасына жақындаған Мессиге әлдене деп сөйледі. Кейін сөзді еріннен оқитын мамандар бапкердің Мессиден: «Агуероны алаңға шығаратын уақыт болған жоқ па?» – деп сұрағанын анықтады. Мұның рас-өтірігін білмедік.

Осының бәрі шын болса, Мессиді қалай бағалаған жөн?

Біріншіден, ол әлем чемпионы атануды қатты армандайды. Әлем чемпионаты қарсаңында берген сұхбаттарының бірінде: «Клубтық деңгейде қол жеткізген табыстарымның төрт-бесеуін ойланбастан әлем чемпионы атағына айырбастар едім», – деп қалды ол. Демек, ол толық ұлы футболшы атану үшін өзіне футболдағы ең үлкен атақ жетіспей тұрғанын біледі. Жалғыз шауып қамал алмасын сезіп, Лионель команда табысы үшін кейде, тіпті көп жағдайда тізгінді өз қолына алғысы келетіндей сезіледі. Нигериямен кездесу алдында трибуна астында тұрып Мессидің командаластарына ақыл айтқан видеосын бүкіл әлем көрді. Бірақ осынша мақсаткерлік, осынша жоғары талап Лионельді аяқтан шалып жатпасына кім кепіл? Қанша айтқанмен, ол бапкер емес қой. Ал бапкері тізгінді бос ұстаған команда ешқашан ұлы жеңіске жеткен емес.

Екіншіден, Месси, қанша мойындамасақ та, схемалық футболшы екенін өзі дәлелдеді. Ол «Барселонада» әбден жолға қойылған, әр қимылы есептелген, «нотаға түсірілген» ансамбльдің белді мүшесі. Ал Аргентина құрамасында ондай жинақылық жоқ. Мессиге мұнда ешкім Иньестадай пас шығарып бере алмайды, ешкім Суарестей ашылып, қажет нүктеден табыла кетпейді, ешкім Серхио Бускетстей орталық алаңды «тазартпайды», ешкім Пикедей қорғаныстан тірі тышқан өткізбестей ойын көрсетпейді. Мойындайық, соңғы он жылда Аргентина құрамасында ешбір футболшыны әлем футболының жұлдызы қатарына қоса алмаймыз ғой. Маскерано, сөз жоқ, еңбекқор. Игуаин мен Агуеро, сөз жоқ, нағыз мергендер. Бірақ олар үнемі жоғары деңгейде ойнап жүр ме?

1986 жылы Марадона ортадан сәл жоғары деңгейлі командаластарымен бірге әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Қазір ол ойына келгенін істеп, қалың жұртқа трибунадан ортан терегін андағайлатып жатса да, бар әлем оны ұлы футболшы деп таниды. Ал Месси ол деңгейде әлі жеткен жоқ. Бұл чемпионатта жетуі және неғайбыл. Өткені Аргентина құрамасын 1/8 финалда Франция күтіп тұр. Егер кенет дүр сілкініп, Месси «альбиселестаны»футбол биігіне алып шығар болса, барша жұрт артқан кінә, жапқан жаланы бірден ұмытып, «Ұлы Месси» деп айтар еді.

Отыз бір жастағы Месси 2022 жылы Қатарда, отыз бес жасында ойнай ма? Ойнамаса, онда – Ресей додасы оның соңғы мүмкіндігі.

(fifa.com фотосы)