Әлем және Еуропа чемпионаттарында хорваттар атақты командалардан жиі басым түседі. Бұл жағынан оларға баяғы кеңес футболында болған «Мықтылардың тажалы» («Гроза авторитетов») сыйлығын табыс етсе артық болмас еді.

 Сәкен СЫБАНБАЙ

Өзіңіз ойлап көріңіз: футболдан әлем және Еуропа чемпионаттарында үнемі алтын кубоктан кімдер үміткер болады? Дұрыс айтасыз: Бразилия, Аргентина, Германия, Голландия, Испания, Италия, Франция, Англия командалары. Югославиядан бөлініп шығып, 1992 жылы ғана ФИФА және УЕФА мүшесі болған Хорватия құрамасы осы мықтыларды үнемі сүріндірумен келеді.

Мына тізімге қараңыз:
1994 жыл. ЕЧІ. Италия – Хорватия – 1:2
1998 жыл. ӘЧ. Германия – Хорватия – 0:3
1998 жыл. ӘЧ. Голландия – Хорватия – 1:2
2002 жыл. ӘЧ. Италия – Хорватия – 1:2
2006 жыл. ЕЧІ. Хорватия – Англия – 2:0
2007 жыл. ЕЧІ. Англия – Хорватия – 2:3
2008 жыл. ЕЧ. Хорватия – Германия – 2:1
2016 жыл. ЕЧ. Хорватия – Испания – 2:1
2018 жыл. ӘЧ. Аргентина – Хорватия – 0:3
Ескерту: ӘЧ – әлем чемпионаты, ЕЧ – Еуропа чемпионаты, ЕЧІ – Еуропа чемпионатының іріктеуі

 Әлем футболының тәжін сарапқа салушы осы сегіз сайыпқыранның алтауы кем дегенде бір рет хорваттардан «таяқ жеген». «Шақпақ жейделі» команда Англияны 2 рет, Италияны 2 рет, Германияны 2 рет жеңген, Голландия мен Испаниядан 1 реттен басым түскен. Енді, міне, Аргентинаны ойсырата ұтып отыр. Әзірге элитадан тек Бразилия мен Франция құрамалары ғана Хорватияға алдырмай жүр.

Кім біледі, олардың кезегі енді келетін шығар?