Португалия – Испания (3:3) және Перу – Дания (0:1) кездесулерінде былайғы жұртшылық мән бере қоймағанымен, статистикаға құмар жанның көзін қуантқан қос оқиға болды.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Жанкүйер жанын рақатқа бөлеген алдыңғы матчтың 70-минутында испан футболының ардагері Андрес Иньестаның орнына алаңға жартылай қорғаушы Тиаго Алькантара шықты. Сөйтіп, әлем чемпионатына қатысқан әкелі-балалы футболшылардың саны арта түсті. Өйткені, Тиагоның әкесі Мазиньо – 1994 жылы Бразилия құрамасы сапында әлем чемпионы атанған әйгілі спортшы. Мазиньоның қос ұлы да футболмен кәсіби түрде айналысып, үлкені Тиаго өзі туып-өскен испан елінің азаматтығын алды, ал кішісі Рафинья Бразилия құрамасына шақырылды (бірақ әлем чемпионатына келген жоқ). Биыл Тиаго әке жетістігін қайталауы да ғажап емес.

Ертеңіне, яғни, 16 маусымда өткен Перу – Дания ойынында дат командасының қақпасын Шмейхель қорғады. Әрине, даңқты Петер емес (ол ұлттық құрама сапында 1998 жылғы әлем чемпионатына қатысқан), оның ұлы Каспер! Мундиаль тарихындағы әкелі-балалылардың қатары тағы толықты.

Әкесінің жолын қуып, әлем чемпионатында жасыл алаңға шыққан футболшылардың алғашқысы – бразилиялық Адемир да Гия болатын. Ол 1974 жылғы доданың қола жүлдесі үшін болған Польшамен кездесуге қатысып, осы бір айрықша дәстүрге жол ашып берді. Ол баяғы 1938 жылғы додада ойнаған Домингос да Гияның ұлы еді. Жалпы, әлем чемпионаттарына қатысқан әкелі-балалардың саны қазір 13-ке жетті.

Әкелер                                              Ойын             Балалар                    Ойын         
Домингос да Гия (Бразилия)          4 (1938)          Адемир да Гия          1 (1974)
Чезаре Мальдини (Италия)            2 (1962)         Паоло Мальдини      23 (1990-2002)
Мануэль Санчис І (Испания)         3 (1966)          Мануэль Санчис ІІ      4 (1990)
Жан Джоркаефф (Франция)          3 (1966)          Юри Джоркаефф      9 (1998-2002)
Пабло Форлан (Уругвай)               3 (1974)          Диего Форлан          10 (2002, 2010, 2014)
Влодзимеж Смолярек (Польша)     10 (1982-86)   Эби Смолярек           3 (2006)
Перико Алонсо (Испания)              5 (1982)          Хаби Алонсо            13 (2006-2014)
Ча Бум Кун (Оңт.Корея)                 3 (1986)          Ча Ду Ри                 7 (2002, 2010)
Владимир Вайсс І (Чехословакия)  3 (1990)          Владимир Вайсс ІІ   3 (2010)*
А.Гимараэс Борхес (Коста-Рика)    3 (1990)          Сельсо Борхес           6 (2014-2018)
Хавьер Эрнандес І (Мексика)       — (1986)           Хавьер Эрнандес ІІ  9 (2010-2018)**
Мазиньо (Бразилия)                      6 (1994)          Тиаго Алькантара    1 (2018)***
Петер Шмейхель (Дания)                5 (1998)          Каспер Шмейхель    1 (2018)

* — кіші Владимир Вайсс 2010 жылы Словакия құрамасы сапында өнер көрсетті. Паоло Мальдини (ӘЧ-1998) екеуінің басқалардан ерекшелігі – олар өз әкелерінің жетекшілігімен ойнады.

** — Хавьер Чичарито Эрнандестің өзімен аттас әкесі (оны жанкүйер қауым мен журналистер «Чичаро», яғни, «Бұршақ» деп атап кеткен, ал ұлын «Чичарито», демек, «Бұршақша» дейді) 1986 жылғы чемпионатқа барды, бірақ алаңға шыққан жоқ. Есесіне, оның қайын атасы, яғни, Чичаритоның нағашы атасы Томас Балькасар 1954 жылы Мексика намысын қорғап, Франция қақпасына гол соққан. 2010 жылы жиен немересі оның сол ерлігін қайталап, Юго Льористі қапы қалдырды! Сондықтан біз бұл әулетті де тізімге қосуды ұйғардық.

*** — Тиаго Алькантара әкесі секілді Бразилияның емес, Испанияның намысын қорғайды.