Сәкен СЫБАНБАЙ

Мундиаль тарихында жасыл алаңнан қуылған алғашқы футболшы – перулік қорғаушы Пласидо Галиндо. Ол байғұстың не бүлдіріп қойғаны бұ күнде ешкімнің де есінде жоқ: әйтеуір 1930 жылғы тұңғыш доп додасында, Румыниямен кездесудің 54-минутында төрешінің оған алаң сыртын нұсқағаны ғана мәлім. Ол уақытта мұндай жаза басқан ойыншыға көрсетілер арнайы «қызыл қағаз» да шықпаған кез, кейде «бұзақы» өзінің алаңнан қуылғанын түсінбей, кетпей жүріп алған мысалдар да жеткілікті.

Мәселен, 1966 жылғы чемпионаттағы Англия – Аргентина матчының 38-минутында кезекті рет ойын тәртібін бұзған латынамерикалықтардың капитаны Антонио Раттин төрешіге оның «қателесіп тұрғанын» түсіндірмек болып еді, ол… дереу «кет» деп Раттинге алаңның сыртын нұсқады (бұл – «Уэмбли» стадионында өткен ойындар тарихындағы тұңғыш алаңнан қуылу еді). Футболшы, әрине, біраз уақыт алаңнан кетпей қойды, өйткені, біріншіден, не үшін қуылғанын түсінген жоқ, екіншіден, төрешінің ым-ишарасын да ұқпады. Осы кикілжіңнен кейін ФИФА төрешілерге алаңнан қуылған ойыншыға қызыл карточка көрсетуді тапсырып, ережеге енгізді. Ал ойын тәртібін өрескел бұзғандарға ескерту (сары қағаз) көрсетілетін болды.

Төрешілер қалталарына сары және қызыл карточка салып шыққан тұңғыш турнир – 1970 жылы дода. Бірақ қызыл карточка Мексикада мүлде қажет болған жоқ, өйткені, ойыншылар дөрекі қылықтарға онша ұрына қоймады. Бұл – бірде-бір адам алаңнан қуылмаған тарихтағы екінші чемпионат еді (біріншісі – 1950 жылғы дода). Дегенмен, алғаш қолына ұстап тұрған соң, қызық көрді ме екен, жарыстың беташар кездесуінде неміс төрешісі Ченчер пәлендей себеп болмаса да, төсқалтасындағы сары карточканы қайта-қайта шошаңдата берді. Сөйтіп, аса дөрекілікке ұрынбай-ақ бір мексикалық пен төрт КСРО ойыншысы ескерту алды. Әлемдік доп додасындағы тұңғыш «сары қағаз» грузин Кахи Асатианиге көрсетілді (ойынның 30-минутында).

Алаңдағы бас қазының қолында «қызыл қағаздың» алғаш жарқ еткен сәті – 1974 жылдың 14 маусымы. Оны Германия – Чили матчының 69-минутында түрік төрешісі Бабаджан өте дөрекі ойнаған чилиік Карлос Касселиге салтанатты түрде көрсетті.

Осыған дейінгі 20 әлем чемпионатында 165 футболшы алаңнан қуылыпты. Ең көп тәртіп бұзғандар – Бразилия (11 қызыл қағаз), Уругвай (9) және Италия, Аргентина, Камерун (әрқайсысында 8 қызыл қағаздан бар) ойыншылары.1950 және1970 жылы бірде-бір футболшының алаңнан қуылмағанын айттық. Ал басқа додалардың бәрінде кем дегенде бір «бұзақыдан» бар. 1930 және 1934 жылдары – 1-ден, 1954, 1958, 1978 жылдары – 3-тен, 1938 жылы – 4, 1966, 1974, 1982 жылдары – 5-тен, 1962 жылы – 6, 1986 жылы – 8, 2014 жылы – 10, 1994 және 2002 жылдары – 15-тен, 1990 және 2010 жылдары – 16-дан, 1998 жылы – 22, ал 2006 жылы – 27 футболшыға қызыл қағаз көрсетілген!

Тіпті бір матчта 4 ойыншының алаңнан қуылуы да кездеседі (2006, Португалия – Голландия – 1:0). Мұндай қатаң шешімге барған жүрек жұтқан төрешінің аты-жөні – Валентин Иванов (Ресей). 3 футболшыға қызыл қағаз көрсетілген тағы бес ойын бар. Жалпы қызыл (қ.к.) және сары карточкаларды (с.к.) қоса есептегенде, ең дөрекі кездесулер мыналар болып тұр:

Матч                                                        Жаза                            Төреші      Жыл

  1. Германия – Камерун – 2:0             13 с.к., 2 қ.к.                Ньето         2002
  2. Испания – Голландия – 1:0            13 с.к., 1 қ.к.                Уэбб           2010
  3. Португалия – Голландия – 1:0        12 с.к., 4 қ.к.               Иванов       2006
  4. Сенегал – Уругвай – 3:3                 12 с.к.                         Вегереф     2002
  5. Мексика – АҚШ – 0:2                     10 с.к.                         Перейра     2002
  6. Польша – Коста-Рика – 2:1            10 с.к.                          Маидин      2006
  7. Швейцария – Оңт.Корея – 2:0        10 с.к.                          Элисондо   2006
  8. Австрия – АҚШ – 2:1                      9 с.к., 1 қ.к.                 әл-Шариф  1990
  9. Нигерия – Италия – 1:2                  9 с.к., 1 қ.к.                 Картер       1994
  10. Чили – Швейцария – 1:0               9 с.к., 1 қ.к.                әл-Гамди    2010

Бұзық көрсе түрі бұзылып кететін қатаң төрешілердің тізімін мексикалық Артур Брисио Картер бастап тұр. Ол өзі қазы ретінде қатысқан додаларда ұзын-ырғасы 7 футболшыны желкелеп қуып шығыпты. Одан отандасы Родригес Морено мен француз Жоэль Кинью де қалыспайды (5 қызыл қағаз). «Кинью» дегенде еске түсе қоятын ерекше жағдай: Уругвай – Шотландия (1986, есеп 0:0) матчында ол Гордон Страчанды оңдырмай омақастырған Хосе Батистаға 1-минутта, дәлірек айтсақ, 56-секундта-ақ қызыл карточка көрсетті! Бұл – әлемдік «рекорд». Байғұс уругвайлықты неге бірден қатаң жазалағанын француз төрешісі: «Бұл команда ойыншыларының алдыңғы екі турдағы шектен тыс бұзақылығы мені сондай шешім қабылдауға мәжбүр етті», – деп түсіндірді.

Ең қатал төрешілер:

7 қ.к. Артур Брисио Картер (Мексика)    3 (1994), 4 (1998)
5       Жоэль Кинью (Франция)                1 (1986), 1 (1990), 3 (1994)
5       Родригес Морено (Мексика)          2 (2006), 2 (2010), 1 (2014)
4       Жамәл әл-Шариф (Сирия)              1 (1986), 1 (1990), 2 (1994)
4       Рамос Рисо (Мексика)                     4 (2002)
4       Грэм Полл (Англия)                       4 (2006)
4       Валентин Иванов (Ресей)                4 (2006)
3       Фон Херцка (Венгрия)                    3 (1938)
3       Артур Эллис (Англия)                   3 (1954)
3       Диас Паласио (Колумбия)              3 (1986)
3       Мишель Вотро (Франция)              3 (1990)
3       Хосе Рондон (Колумбия)               3 (1998)
3       Батрес Гонсалес (Гватемала)          2 (2002), 1 (2010)
3       Хосе Элисондо (Аргентина)           3 (2006)
3       Оскар Руис Акоста (Колумбия)      1 (2002), 2 (2010)