Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк қызметінен кетті. Бұл туралы кеше Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлады.
«Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк командадан кетті. Шарт екі жақтың келісімі арқылы тоқтатылды. Қазақстан футбол федерациясы Александр Генрихұлына сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп, табыс тілейді. Құраманың жаңа бапкерінің есімі жақында айтылады» делінген хабарламада.
А.Бородюктің кететіні желтоқсан айында белгілі болды. ҚФФ-ның бас хатшысы Қаныш Әубәкіров орнын босатқан соң, ресейлік маманның да көп тұрақтамайтыны белгілі болған еді. Бірақ 2017 жылдың 27 ақпанында Бородюк біздің федерациямен үш жылдық шартқа отырған-ды. Оны орта жолдан тоқтата салу оңай емес. Құжаттағы талап бойынша, жұмыс беруші аяқталмаған мерзім үшін де қаржы төлеуге тиіс. Ал ресми мәлімдемедегі «шарт екі жақтың келісім арқылы тоқтатылды» деген сөз бар мәселенің заң аясында шешілгенінен хабар береді. Ендеше, Александр Генрихұлының төрт тарабы да ашық, енді шығармашылық еркіндікке шықты десек те болады.
Бородюк басшылығымен Қазақстан құрамасы 7 кездесу өткізді:
Жолдастық кездесу. Кипр – Қазақстан – 3:1 (Митидис, 55, Кателарис, 62, Христофи, 67 – Нөсербаев, 29)
ӘЧІ-18. Армения – Қазақстан – 2:0 (Мхитарян, 73, Озбилиз, 75)
ӘЧІ-18. Қазақстан – Дания – 1:3 (Қуат, 76 – Йоргенсен, 27, Эриксен, 51-пенальтиден, Дольберг, 81)
ӘЧІ-18. Қазақстан – Черногория – 0:3 (Вешович, 31, Бечирай, 53, Симич, 63)
ӘЧІ-18. Польша – Қазақстан – 3:0 (Милик, 11, Глик, 74. Левандовски, 86-пенальтиден)
ӘЧІ-18. Румыния – Қазақстан – 3:1 (Будеску, 33, 38-пенальтиден, Кешеру, 73 – Тұрысбек, 82)
ӘЧІ-18. Қазақстан – Армения – 1:1 (Тұрысбек, 64 – Мхитарян, 26)
Осы 7 ойында Қазақстан құрамасы 6 рет жеңілді, 1 ойынды ғана тең аяқтады. Доп айырмасы – 4:18. Орта есеппен әр ойында 0,57 гол соққан, өз қақпасына 2,57 гол жіберген. Биылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы небары 3 ұпай жинап (оның екеуін Т.Байсуфинов басшылығымен иеленді), Е тобында соңғы орында қалды.
А.Бородюк 7 кездесуде 2 қақпашы, 10 қорғаушы, 9 жартылай қорғаушы және 5 шабуылшы, жиыны 26 футболшыны сынап көрді. Оның басшылығымен 3 футболшы (Я.Вороговский, Б.Тұрысбек, Г.Сартаков) құрамадағы алғашқы матчтарын өткізді. Б.Тұрысбек құрамадағы алғашқы голдарын соқты.
Бородюк дәуіріндегі Қазақстан құрамасын мына нұсқада қарастыруға болады: Лория – Сүйімбаев, Логвиненко, Шомко, Ахметов – Қуат, Тағыберген, Дарабаев, Нұрғалиев, Муртазаев – Тұрысбек.
А.Бородюк Қазақстан құрамасы тарихындағы он бесінші бас жаттықтырушы болды. Нәтижелілік көрсеткіші бойынша ол құрамада ең сәтсіз бас бапкердің бірі болды: В.Фомичев – 0% (бір ғана жолдастық кездесуде бас бапкер болды), С.Тимофеев – 2,6% (13 кездесу – 1 тең ойын, 12 жеңіліс), А.Бородюк – 4,8% (7 – 1 тең ойын, 6 жеңіліс).
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 23 наурызда Венгрия құрамасымен өткізеді. Жолдастық кездесу Будапешт қаласына жоспарланып отыр. Ал УЕФА Ұлттар кубогының жеребесі 24 қаңтарда Швейцарияның Лозанна қаласында тартылады. Қазақстан рейтингі төмен командалармен бірге D қоржынында. Ұлттар лигасының ойындары биылғы қыркүйек-қараша айларында өткізіледі. Өз тобында озып шыққан команда келесі сатыға жоғарылайды. Демек, биылғы жылда Қазақстан құрамасы жаңа бапкермен жаңа мақсатқа қол артуы тиіс.