Чемпиондар лигасы
4 тур. 31 қазан
«Пари-Сен-Жермен» — «Андерлехт» — 5:0 (Верратти, 30, Неймар, 45+4, Курзава, 52, 72, 78)
«Пари-Сен-Жермен» Чемпиондар лигасы тарихында 4 турдан кейін 17 гол соққан алғашқы команда болды.
Алғашқы үш турда париждіктер қарсыластар қақпасына 12 доп енгізген еді («Селтик» — 5:0, «Бавария» — 3:0, «Андерлехт» — 4:0).
Бұған дейінгі рекордқа 1998/99 маусымында «Манчестер Юнайтед» қол жеткізіп еді. Манкуниандықтар алғашқы 4 ойында 16 гол соққан болатын («Барселона» — 3:3, «Бавария» — 2:2, «Брондбю» — 6:2, 5:0).
ПСЖ-ның биылғы рекордының артықшылығы — доп айырмасының 17:0 екендігі, яғни ПСЖ-ның өз қақпасына әлі гол өткізбегендігі.
Осы матчта париждіктердің қорғаушысы Левен Курзава хет-трик жасады. Ол Чемпиондар лигасында бір ойында 3 гол соққан алғашқы қорғаушы болып тарихқа енді.
Дегенмен мұнда сәл пікір қайшылығы бар. Кейбір статистиктер 1993 жылдың 17 наурызында ЦСКА (Мәскеу) қақпасына 3 гол енгізген «марсельдік» Франк Созені рекордшы деп таниды. Алайда Созе жартылай қорғаныс шебінде ойнады. Спорттағы ғұмырында 100-ден аса гол соқты. Сондықтан Курзаваны ЧЛ-да хет-трик жасаған бірінші қорғаушы деген жөн болар.