Біріккен күрес әлемі (UWW) 2018 жылдан бастап әлем чемпионаттарында жұлде сарапқа салынатын салмақ түрлерін көбейтті. UWW президенті Ненад Лалович енді балуандар бұрынғыдай 8 емес, 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетінін мәлім етті.
Негізгі өзгерістер грек-рим күресіне тиесілі. Бұл спорт түрінде барлық салмақ дәрежесі өзгеріске түсті. Енді балуандар әлем чемпионаттарында 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 келі салмақ дәрежелерінде күреседі. Олимпиялық ойындарда 60, 67, 77, 87, 97 және 130 салмақтарды жүлделер сарапқа салынады.
Енді осы өзгерістерді соңғы әлем чемпионатымен салыстырып көрейік. Қазақстан құрамасына қос күміс әперген Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраевтың да олимпиада жүлдесіне қол созуға мүмкіндігі бірдей емес. Мейрамбек 59 келіде сынға түсті. Демек, ол салмағын көп өзгертіп әуре болмайды, 1 келі қосса жеткілікті. Демеудің салмағы – 71 келі. Ол 67 келіге төмендесе – Алмат Кебісбаевқа, 77 келіге көтерсе – Мақсат Ережеповке бәсекелес болуы мүмкін. Рио олимпиадасында 75 келіде Досжан Кәртіков күресті. Биыл ол жарақатын емдеп жатыр. Кілемге қайта оралса, 77 келіде сынға түсетіні, сөйтіп, Ережепов екеуі бірінші нөмірді балуан атануға тырысары сөзсіз. 67 келі салмақ дәрежесінде А.Кебісбаев пен А.Жаңбыровқа сенім артылады. Дегенмен Кебісбаев тәжірибелі. Ол екі олимпиадаға қатысты, екі әлем чемпионатында олжа салды. Бірақ оның да өз орнын жастарға босататын сәті таяп келе жатқаны анық. 87 келіде Азамат Құстыбаев олимпиада жүлдесіне көз тігуге тиіс. Рио олимпиадасында осы салмаққа жақын дәреже 85 келі болды. Алайда отандастырымыз осы салмақта жолдама иелене алған жоқ. 97 және 130 келі салмақ дәрежелерінде фавориттеріміз бұрыннан белгілі – Е.Ысқақов пен Н.Тінәлиев. Е.Ысқақовтың жаңа салмағы бір келіге жеңілдеді. Ал Тінәлиевтікі өзгеріссіз қалды. Биылғы әлем чемпионатында Ысқақов алғашқы белдесуден асқан жоқ. Нұрмахан болса, әлем чемпионатына тіпті қатыспады.
UWW шешімі бойынша, грек-рим балуандары енді партерді қайтадан пайдалана алады.
Еркін күресте салмақ дәрежелері өзгеріссіз қалды: 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 келі. Бұрынғымен салыстырғанда мұнда екі салмақ дәрежесі жап-жаңа – 79 және 92 келі. Осылардың ішінен олимпиялық бағдарламаға 57, 65, 74, 86, 97 және 125 келі енді. Дегенмен бұл өзгеріс ең ақырғы емес. Алдағы жылдары UWW еркін күрестің салмақтарына да өзгеріс енгізуі мүмкін. Биылғы әлем чемпионатында Ақжүрек Таңатаров қана (70 келі) қоладан олжа салды. Бірақ оның салмағы олимпиялық емес. Оның үстіне, Ақжүрек спорттағы ғұмырын түйіндеуге таяу.
Әйелдер күресінде ең төмені салмақ дәрежесі 48-ден 50-ге көтерілді. Енді балуан қыздар әлем чемпионаттарында 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72 және 76 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсе алады. Олимпиада бағдарламасына 50, 53, 57, 62, 68 және 76 келі салмақ дәрежелері енді. Биылғы әлем чемпионатында қыздарымыздың ешқайсысы жүлде тұғырына көтеріле алмады. Дегенмен бұл жаңа циклдағы әншейін сәтсіздік деуімізге болар. Әйтпесе Рио олимпиадасында Екатерина Ларионова (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі) және Гүзел Манюрова (75 келі) елге 2 қола, 1 күміс сыйлап, мерейімізді асқақтатқаны есімізде. Биылғы Азия чемпионатында отандастарымыз 1 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алды. Демек, алдағы уақытта балуан қыздарымыз жаңа жетістіктерге қол соза береді дей аламыз. Ларионова мен Сыздықоваға жаңа салмақтар мәселе болмауға тиіс. Олар бір келі ғана төмендейді. Ал 76 келіде жаңа көшбасшы іздеуіміз қажет. Манюрова спортты тұжыруға жақын. Биылғы Азия чемпионатында Гүлмарал Еркебаева осы салмақта қола жүлде жеңіп алды. Демек, ізбасарлар жоқ емес.