4-13 тамыз аралығында Лондондағы (Ұлыбритания) Олимпиялық стадионда жеңіл атлетикадан 16 әлем чемпионаты өтеді. 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы бұл сынға мынадай құрамда қатысады:
— Ольга Рыпакова (үш секіру);
— Виктория Зябкина (200 метрге жүгіру, 4х100 м эстафета);
— Полина Репина (спорттық жүріс);
— Регина Рыкова (спорттық жүріс);
— Диана Айдосова (спорттық жүріс);
— Елена Наназиашвили (марафон);
— Мария Овчинникова (үш секіру);
— Георгий Шейко (спорттық жүріс);
— Рима Кашафутдинова (4х100 м эстафета);
— Светлана Голендова (4х100 м эстафета);
— Ольга Сафронова (4х100 м эстафета);
— Анастасия Тулапина (4х100 м эстафета);
— Юлия Рахманова (4х100 м эстафета).
Отандастарымыздың жарыс кестесі мынадай:
5 тамыз. 16:00 — Үш секіру, әйелдер (іріктеу) — Ольга Рыпакова, Мария Овчинникова
6 тамыз. 19:00 — Марафон, әйелдер (финал) — Елена Наназиашвили
7/8 тамыз. 01:25 — Үш секіру, әйелдер (финал)
8/9 тамыз. 00:30 — 200 метрге жүгіру, әйелдер (іріктеу) — Виктория Зябкина
10/12 тамыз. 02:05 — 200 метрге жүгіру, әйелдер (1/2 финал)
02:50 — 200 метрге жүгіру, әйелдер (финал)
12 тамыз. 15:35 — 4х100 м эстафета, әйелдер (іріктеу) — Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина, Светлана Голендова, Ольга Сафронова, Анастасия Тулапина, Юлия Рахманова
12 тамыз. 02:30 — 4х100 м эстафета, әйелдер (финал)
13 тамыз. 17:20 — 20 шм спорттық жүріс, әйелдер — Полина Репина, Регина Рыкова, Диана Айдосова
13 тамыз. 19:20 — 20 шм спорттық жүріс, ерлер — Георгий Шейко
Бұған дейінгі әлем чемпионаты 2015 жылы Бейжіңде (Қытай) өткізілді. Оған 10 отандасымыз қатысты. Ең жоғары нәтижеге үш секіруші Ольга Рыпакова жетті. Ол финалда 14,77 метрге секіріп, қола жүлде жеңіп алды.
Г.Шейко 20 шақырымдық жүрісте 30 нәтиже көрсетті. В.Зябкина 200 метрге жүгіру бағдарламасында Қазақстан рекордын жаңартқанмен (22,77 сек), финалға жолдама ала алған жоқ. 100 метрге жүгіруде де Виктория 11,79 секунд нәтижемен жеке көрсеткішін жаңартса да, финалдан тыс қалды. О.Сафронова 100 және 200 метрлік жарыста іріктеуден аса алған жоқ. Дегенмен 200 метрлік сында маусымдағы ең үздік нәтижесін (23,28 сек) көрсетті.
Қазақстан құрамасы 1 қола медальмен жалпы есепте 32 орынға тұрақтады. Көш басында Кения жеңіл атлеттері болды. Олар 7 алтын, 6 күміс, 3 қола, жиыны 16 медаль жеңіп алды.
2. Ямайка 7+2+3=12
3. АҚШ 6+6+6+18
4. Ұлыбритания 4+1+2=7
5. Эфиопия 3+3+2=8
Қазақстандық жеңіл атлеттер ішінде Ольга Рыпакова ғана соңғы жылдары үлкен сындардан олжа салып жүр. Ол 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Тегу қаласында өткен әлемдік додадан күміс жүлде еншілеген болатын. Лондонда алтын алса, оның әлем чемпионатындағы жүлде қоры толық болар еді. Естеріңізде болса, Ольга Рыпакова 2012 жылы Лондон олимпиадасында топ жарған еді. Биылғы Лондон оған тағы да алтынның жолын аша ма? 7-8 тамыз күндері Ұлыбритания астанасы жаққа асыға құлақ түреміз.