Қазақстан премьер-лигасы
17 тур. 24 маусым

Бұл турдағы 6 кездесуде төрешілер қақпаларға 4 пенальти белгіледі. Бұған дейінгі турлардың ешбірінде осынша көп пенальти белгіленбеген еді. 7 турда ғана 6 кездесуде 3 пенальти қойылды.

17 турдағы 4 пенальтидің үшеуі (С.Живкович, И.Азука және Н.Максимович) қақпаларға енсе, біреуін қақпашы (В.Плотников — А.Симчевичтен) қайтарды. С.Живкович «Қайсармен» кездесуде «Ертісті» жеңіске жеткізді (1:0), И.Азука «Таразбен» ойында «Ақжайықты» сәтсіздіктен сақтап қалды (2:2), ал Н.Максимович «Ақтөбеге» қарсы ойында «Атыраудың» жеңісін дәл соққымен нықтай түсті.

Маусым басынан бері қақпаларға 26 пенальти белгіленсе, соның 22-сі енген. 3 соққыны қақпашылар қайтарды, ал біреуі шетке кетті.

Ең қатал төреші — қостанайлық А.Вишниченко. Ол 4 рет пенальти белгіледі. Ал осы турда «Ертіс» — «Қайсар» матчының тағдырын шешкен пенальтиді Д.Тевяшов қойды. Ол осымен үшінші рет айып алаңындағы тәртіпсіздікті пенальтимен шешіп отыр.