2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің IV турында мынадай қызықты статистикалық мәліметтер жылнамаға енді:
1. Польша — Армения — 2:1. Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовски 90+5 минутта Армения қақпасына жеңіс голын соғып, Еуропа және әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдерінде үздіксіз 8 матчта мергендік танытып отыр. 4 қыркүйек күні Астанада ол Қазақстан қақпасына да пенальтиді дәл соқты.
2. Словения — Англия — 0:0. Словения құрамасының қақпашысы Ян Облак өзінің спорттық ғұмырындағы жүзінші «құрғақ» матчын өткізді. Ол өзі қатысқан ұлттық біріншіліктерде (Словения, Португалия, Испания) — 70, ел кубоктарында — 10, еурокубоктарда — 14, ұлттық құрама 6 матчта қақпасын голдан аман ұстады.
3. Словения — Англия — 0:0. Англия құрамасы Еуропа және әлем біріншіліктерінің іріктеу кезеңінде 14 матчқа созылған жеңіс сериясын аяқтады. Мұның алдында ағылшындар соңғы рет 2013 жылдың 10 қыркүйегінде Украина құрамасымен Киевте тең түскен (0:0) болатын.
4. Германия — Солтүстік Ирландия — 2:0. Германия құрамасының бас жаттықтырушысы Йоахим Лөв өзінің 94-жеңісіне қол жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша ол Германияны 1949-1964 жылдар аралығында баптаған Зепп Гербергермен теңесті. Гербергер 168 матчта 94 жеңіске жетсе, Лөв одан гөрі аз уақыт жұмсады, яғни, 141 матчта «неміс машинасын» 94 жеңіске бастап барды.
5. Норвегия — Сан-Марино — 4:1. Сан-Марино құрамасы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңдерінде сырт алаңдарда 15 жылға созылған голсыз серияға нүкте қойды. Соңғы рет шағын елдің өкілдері 2001 жылы Ригада Латвия қақпасына гол соғып, ұпай «ұрлап» әкеткен болатын (1:1).
6. Норвегия — Сан-Марино — 4:1. Сан-Марино құрамасының қорғаушысы Давиде Симончини ойынның 12 минутында өз қақпасына доп енгізіп алды. Қақпаны Давиденің егізі Альдо Симончини қорғап тұрған еді. Егіздер 1986 жылдың 30 тамызында дүниеге келген.