Василий Левит — Рио олимпиадасының күміс жүлдегері! Олимпиада қарсаңында мұндай жорамал айтылса, қуана қабылдар едік. Алайда отандасымыздың финалдық жекпе-жек барысында ресейлік Евгений Тищенкодан анағұрлым басым жұдырықтасқанын көріп отырып, күмісті олқысынып қалдық.
Левит алғашқы раундта 10:9, 10:9, 9:10 есептерімен алда тұрды. Екінші раундта Василий қанша тура соқса да, төрешілер таразы басын Тищенкоға аударып жіберді. Соңғы кезеңде Левит тіпті қалауынша ұрды, бірақ қорытынды нəтиже ресейлік боксшының пайдасына жазылды — 28:29, 28:29, 28:29.
Дегенмен отандасымыз еліміздің бокс тарихына жаңа табыстар парағын енгізді. Енді 91 келіде де төртжылдықтың басты додасының жүлдесі бізде бар.
Ресей боксшылары осымен үшінші рет біздің шеберлерді финалда сүріндіріп отыр. 2004 жылғы олимпиаданың финалында Гайдарбек Гайдарбеков (75 келі) Геннадий Головкинді ұтса, 2012 жылы Лондонда Егор Мехонцев (81 келі) Əділбек Ниязымбетовтен басым түсті.