Финляндияның Лахти қаласында бұл күндері шаңғы спортынан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні тұғырдан секіруші Сергей Ткаченко 100 метрлік бағдарламада қола медаль жеңіп алды.

Бұл – осы спорт түрінен әлем чемпионаттарынан иеленген алғашқы жүлдеміз. Сергей іріктеу кезеңінде 96,5 метрге секіріп, 126,8 ұпай жинады. Бұл ең үздік көрсеткіш еді. Финалда отандасымыздың нәтижесі сәл төмендеді – 94,5 м (122,1 ұпай). Іріктеу кезеңінде 97 метрді бағындырып, 126,2 ұпай иеленген норвегиялық Томас Маркенг финалда да дәл сол қашықтыққа секірді. Бірақ сәл төмендеу, 125,9 ұпайға қол жеткізді. Екі кезеңнің көрсеткішін қоса есептегенде, Маркенг 252,1 ұпаймен алтын тұғырға көтерілді. Германиялық Лука Рот (250,8 ұпай) – күміс жүлдеге, Сергей Ткаченко қола жүлдеге (248,9 ұпай) қол жеткізді.

Бұл, сөз жоқ, тарихи жетістік. Қазақстандық ешбір «ұшқыр шаңғышы» әлем чемпионаттарында мұндай нәтижеге жетіп көрген емес.

Сергей Ткаченко кім?

Ол – Риддер қаласының тумасы. Алдағы маусым айында 20 жасқа толады. Алғаш дзюдо секциясына жазылып, жасөспірімдердің Қазақстан чемпионатында қола жүлде иеленген. «Бірақ бәрібір жан қалауым ол емес еді. Бірдеңе жетіспей тұрғандай көретінмін. Сәл кейін, 12 жасымда шаңғымен тұғырдан секіру спортына ден қойғанымда, өзіме керегі осы екенін ұқтым» деп еске алады Сергей.

Ткаченко 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Қысқа Азия ойындарына қатысып, үлкен тұғырда қола жүлдегер атанды. Бірақ Саппородан отандасымыз ырзашылықпен қайтқан жоқ. Мұнда төрешілердің бағасы тым төмен болғанын айтып келді. Техникалық шеберлікке берілген бағамен өзінің келіспейтінін де айтты.

2018 жылдың ақпанында ол Пхенчхан олимпиадасына қатысып, үлкен тұғырда сынға түсті. Алайда іріктеу кезеңінде 73,5 ұпай ғана жинап, финалдан тыс қалды.

Мұның бәрі жас спортшыға тәжірибе мектебі болғаны сөзсіз. Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрамасының бас бапкері Павел Васильев шәкіртінің бұл жетістігін тарихи табыс деп бағалап отыр. Сондай-ақ бұл әлем чемпионатына тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет толық құрам қатысты. Әрине, бұл құрам үлкен тұғырдағы командалық сында 14 команданың ішінде соңғысы болып қалса да, алғышарттың жасалғаны қуантады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы бұл әлемдік додада аралас құрамды да сынға қосты. Құрамында Вероника Шишкина, Валентина Сдержникова, Глеб Сафонов және Сергей Ткаченко бар командамыз 13 команданың ішінде 11 сатыға табан тіреді.

Қазақстандық журналистерге берген сұхбатында С.Ткаченко жетістігіне көңілі тоқ екенін айтады.

-Бірінші кезеңінен кейін көш бастап тұрдым. Бірақ психологиялық қысымның зор болғаны да рас. Мұндайда екінші мүмкіндікті көшбасшы спортшы дұрыс пайдалана алмайды, жанып кетеді. Бірақ алғашқы кезекті өте сәтті өткізгенім маған қосымша күш-жігер берді. Сондықтан екінші кезекке аса ширықпай, мейлінше дайын болып шықтым. Ақпан айында ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді, соған қатысуды жоспарлап отырмын. Содан кейін Планица (Словения) қаласында Әлем кубогының финалында өнер көрсетемін, – дейді Сергей.