Армения премьер-лигасы
12 тур. 20 қазан

«Арцах» (Ереван) – «Лори» (Ванадзор) – 2:3 (Авагян, 8, Бақтияров, 90+3 – Десире, 23, 88, Иса, 76)

«Қайрат» футбол клубының түлегі Акмаль Бақтияров Армениядағы алғашқы голын соқты. Ол Армения премьер-лигасының қазіргі көшбасшысы «Лориға» қарсы ойында алаңға 82 минутта Карен Арутунянның орнына шықты. 90+3 минутта шабуылшы Ованес Погосянның бүкіл алаңды көктей тастаған пасын әдемі пайдаланып, қорғаушы қарсылығына қарамастан оң аяғымен алыс бұрышқа дәл соқты.

Бақтияров биылғы шілдеде «Қайратпен» келісімшартты біржақты түрде үзіп, біраз уақыт футболдан тыс қалған еді. ҚФФ бақылау-тәртіп комитеті оның әрекетін заңсыз деп танып, 500 мың теңге айыппұл салды. Алайда футболшының агенті Дмитрий Селюк «Қайраттың» ФИФА талаптарына қарсы әрекет етіп отырғанын мәлімдеді. 14 қыркүйекте Бақтияров Арменияның «Арцах» командасының сапына қосылды. Содан бері Армения премьер-лигасында 3 матч өткізіп (жиыны 60 минут), 1 гол соқты. 3 матчтың біреуін негізгі құрамда бастап, екі рет ойынға екінші таймнан қосылды. Армания кубогында 1 матчқа қатысты.

«Арцах» қазір АПЛ-да 9 команданың ішінде сегізінші орында келеді. Бұл команда Арменияның бас лигасында алғашқы маусымын өткізіп жатыр.

Бұған дейін А.Бақтияров биыл «Қайрат» сапында ел кубогындағы 4 ойында алаңға шықты. 26 маусымда ол «Ертіс» қақпасына Павлодарда гол енгізіп, алматылықтардың финалға шығуына жол ашты.