Испания – Ресей – 1:1, пенальтиден 3:4 (Игнашевич, 12-өз қақпасына – Дзюба, 41-пенальтиден)

Ресей құрамасы тұңғыш рет ширек финалға жолдама алды. Бұған дейін ешбір ірі турнирде ресейліктер Испаниядан басым түсе алмаған еді. Өз елінде өтіп жатқан додада Станислав Черчесов шәкірттері қорғанысқа қатты көңіл бөліп ойнап, қарсыласына бір голдан артық соқтырған жоқ. Ойын соңына дейін испандар бір-біріне 1200-ден артық пас бергенмен, Акинфеев қорғаған қақпаны жиі нысаналай алмады. Осы турнирде тұңғыш рет жеңімпаз ойын соңындағы пенальти арқылы анықталды. Акинфеев тамаша ойнап, Коке мен Яго Аспастың соққысын қайтарды. Ал Де Хеа бір де бір соққыға тосқауы қоя алған жоқ.

Ресей құрамасы биылғы додада өз қақпасына екінші автогол соғып алды.

Жалпы, биыл 10 автогол тіркелді. Бұл – әлемдік рекорд. Осыған дейінгі үздік көрсеткіш 1998 жылғы додаға тән еді. Францияда өткен мундиальда футболшылар өз қақпасына 6 гол соғып алған-ды.

Ресей құрамасы өз тарихында тұңғыш рет ойын соңындағы пенальтиге жетті және жеңімпаз атанды.

Испания құрамасы пенальтилер сериясын төртінші рет бастан өткерді және үшінші рет жеңілді:
1. 1986 жыл. Мексика. Ширек финал. Испания – Бельгия – 1:1 (пенальтиден – 4:5)
2. 2002 жыл. Оңтүстік Корея/Жапония. Испания – Ирландия – 1:1 (пенальтиден – 3:2)
3. 2002 жыл. Оңтүстік Корея/Жапония. Испания – Оңтүстік Корея – 0:0 (пенальтиден – 3:5)
4. 2018 жыл. Ресей. 1/8 финал. Испания — Ресей — 1:1 (пенальтиден — 3:4)

Осылайша, биылғы турнирден тағы бір әлем чемпионы ерте қайтты. Германия мен Аргентинаның «бақытсыз» соқпағына Испания да түсіп отыр.

(fifa.com фотосы)